wrapper

Осы біздің қазақ халқында: «Сәрсенбінің сәттісінде жолға шығу керек» деп жатады. Расында, жолаушы болған адам сәрсенбі күні  жолға шыққаны дұрыс па? Ислам дінінде бұл жайында не айтылған?

Жауап: Алла тағаланың бізге нәсіп еткен күндерінің бәрі сәтті күндер. Сондықтан бір күнді ерекше бөліп жаруға болмайды. Әрине Ислам діні нағыз әдептілік мектебі. Ұстанушыларын үнемі әдептілікке тәрбиелейді. Сол секілді, мұсылмандықта жолаушылықтың да өзінің жөн-жосығы, әдептері бар. Пайғамбарымыз (с.а.с.) жолаушылыққа шығарда үнемі дұға айтатын. Демек жолаушылыққа шығардың алдында Алла тағаладан дұға тілеген абзал. Мысалы Ахмед ибн Ханбәлдің «Мүснәд» атты кітабында Пайғамбарымыздың (с.а.с.): «Жолаушылыққа немесе басқа нәрсе үшін үйінен шығарда кісі: «Бисмилла, Аллаға иман еттім, Аллаға арқа сүйедім, Аллаға тәуекел еттім, Алла тағаладан басқа күш-қуат иесі ешкім жоқ» десе, онда оған ниет етіп шыққанынан да қайырлысы беріліп, жолындағы жамандықтар жойылады», – деген. Сол секілді жолаушылыққа шыққанда Пайғамбарымыз (с.а.с.) көлікке мінерде де дұға айтатын. Ал Пайғамбарымыз (с.а.с.) өзі  біреуді жолға шығарып салатын болса, онда жолға шығарып тұрған кісісіне міндетті түрде өсиет айтатын.

Ислам дінінің әдебі бойынша жолаушылыққа шығардың алдында екі рәкағат намаз да оқу мұстахап. Сондай-ақ мүмкіндік болған жағдайда жолаушылыққа ең азы үш кісі болып шыққан абзал. Үш кісі шыққан жағдайда араларында біреуін өздеріне басшы сайлауы қажет. Үш кісі болып жолға шықса, жолаушылықта кездесетін қиыншылықтарда бір-біріне жәрдемдеседі. Ал біреуін басшы етіп, оған бағыну арқылы жолаушылық кезінде ұрыс-керіссіз, ұйымшылдықпен әрекет етеді. Бұның бәрін бізге үйреткен – Алла елшісі (с.а.с.).

Мұсылмандық әдеп бойынша жолаушылықтан кері оралуын түнге қалдырмаған жақсы. Егер түнделетіп оралатын болса, онда алдын-ала үйіндегілерге ескерткені жақсы. Сондай-ақ, жолаушылықтағы жұмыстары біте салысымен, көп кідірместен үйіне оралу қажет. Әрі қайтар жолда отбасындағыларға базарлық ала барғаны жөн. Мұның бәрі сүннет амалдар. Тұрғылықты жеріне келгенде бірінші орында мешітке кіріп екі бас намаз оқуы мұстахап болып саналады.

Ал, үйдегілер де жолаушыны қарсы алуға дайындалып, тіпті оны қарсы алу үшін алдынан шыққаны сүннет болып саналады. Тіпті, жолаушы ұзақ жолдан келетін болса, үйіне барған соң шүкіршілік ретінде құрбандық та шалуына болады.

Ал, қай күні жолаушылыққа шыққан абзал? Бұны да біз Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннетінен үйренеміз. Алла елшісі (с.а.с.) көбінесе жолаушылыққа бейсенбі күні шығатын. (Бухари, әл-Жамиус-Сахих) Бұл да Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жолаушылап шыққан жеріне жұма намазынан бұрын жетіп, жұма намазын сол жерде оқуға ниеттенгенінен болса керек. Яғни жолаушылықтың өзі ислам діні бойынша осындай әдептермен астасып, кісінің қандай жағдайда да белгілі бір тәртіпке бағынуы арқылы өзінің мұсылман екендігін есінен шығармауға әрі осындай әдептер арқылы жаманшылықтан сақтануына жол ашады. 

Алау Әділбаев


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk