wrapper

Имам Ағзам кәләм ілімінің мәселелерімен айналысып, исламның иман негіздерін қорғау мақсатында әр түрлі ағым өкілдермен пікір таластыруы оның пісіп жетіліп, ғылыми танымының қалып­тасуына ерекше ықпал жасады. Бір жағынан ханафи фиқһының мектебін, ал екінші жағынан әхлус-сунна уәл-жа­мағаттың ақида мектебінің де негізін қалап кетті. Әбу Ханифаның қысқаша жүйелеген иман негіздері сол кездері қызу пікір­таласқа жол ашқан мәселелер еді. Оның осы тақырыптарды терең түсіну арқы­лы белгілі бір жүйеге салуы өзінен кейін келген ахлус-сунна уәл-жамағат имамдарына (Мысырда имам Тахауи (ө. 321 ж) негізін қалаған тахауия, Иракта құрылған әшғария (Имам Әшғари (ө. 324) және Орта Азияда кең тараған матуридия (имам Матуриди (ө. 333 ж) ықпал етті. Ол фиқһ ғалымдары арасында жүйелі ойлау принциптері мен әдіснамасын басшылыққа алып, сол әдістерді иман негіздері мен діни үкімдер шығаруда шебер қолданған ақида саласының алғашқы ғұлама – ғалымы. Әбу Ханифаның фиқһ пен ақида іліміндегі беделінің биік болғаны сол сунниттердің тысындағы мұғтазилидтер мен мұржия секілді ағымдар оны өздерінің бағытынан етіп көрсетуге тырысқан.

Оның сенімге қатысты сол бір ерте кезеңнің өзінде қозғаған мәселелері әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Сондықтан, дінді дұрыс түсінбей, елдің арасында діни алауыздыққа себеп болып жүрген кейбір мәселелерге қатысты айтқан көзқарастары мен шәкірттеріне қалдырған өсиеттеріне тоқтала кетейік.  

Қазіргі таңда Хақ Тағаланың сипатына қатысты кезінде ғалымдар арасында талқыланған мәселелер қалың жұрт­шылықтың талқысына салынып жүр. Осыған қатысты Имам Ағзам көзқарас­тарын сол кезде ықшамды түрде білдіріп кеткен. Оның көзқарасы бойынша, Алла Тағаланың бүкіл есімдері мен сипаттары әзали (бастауы жоқ мәңгі) болғандықтан, еш­қайсысы кейіннен (хадис) пайда бол­маған. Өзгеру, түрлену секілді жағдайлар жаратылғандарға ғана тән. Кімде-кім Алла­ның сипаттарын жаратылған (махлұқ), кейін­нен пайда болған деп санаса, яки, олар жайлы күмәнданса, күпірлікке бой алдырады. Иләһи сипаттар әзали болумен қатар, олдардың нәтижесінде пайда болғандар (мафғул) кейіннен жаратылған болып табылады. Алла материалды болмыс емес, оның теңі я ұқсасы да жоқ, сан тұрғысынан да теңдесі болмағандықтан Ол – дара. Иләһи болмысымен қатар сипаттарының ешқайсысы жаратылыстарға және сипаттарға ұқсамайды. «Ықылас» сүресі де осыны меңзейді.

Құранның кейбір аяттары мен бағзы хадистердегі Алла Тағалаға қатысты айтылған тура мағынасы белгілі бір ағзаны немесе жаратылғандарға тән іс-әрекеттерді білдіретін сөздерге «Мүтәшабиһ аят-хадистер» (мағынасы анық емес аят-хадистер) немесе «Аятус-сифат», «Ахадисус-сифат» (Алла Тағаланың сипаттарына қатысты аят-хадистер), яки, «Ас-сифатул-хабария» яғни, хабари сипаттар делінеді (Қ. Жолдыбайұлы, Дін мен діл, 129-б.).

Аяттар мен хадистердегі Аллаға телініп айтылатын йәд (қол), нәфс (болмыс), уәжх (жүз), нузул (түсу) секілді сипаттардың пішіні белгісіз. Бұларды тіршілік иелеріндегі ағзаларға ұқсатуға да немесе кәлам ілімімен айналысатын мұғтазилиттер секілді жорамалдауға да болмайды. Өйткені, «йәд» сөзін құдірет деп түсіндірген секілді бұл сипаттарға қатысты болжам жасау  да оларды иләхи сипат қасиетінен айырады. «әл-Фиқһул-абсат» атты кітабында «Алланың қолы олардың қолдарының үстінде» деген аяттағы («Фәтіх» сүресі, 10-аят) иәд (қол) жаратылғандардың қолы секілді емес, белгілі бір ағза да емес. Ол – қол атаулының барлығын Жаратушы... «Оған ұқсайтын еш нәрсе жоқ. Ол Естуші һәм Көруші», – дейді («Шура» сүресі, 11-аят).

Алла зәру болмаса да, көктердің үстіндегі Арышқа орныққан. әл-Уасияда: «Алла Тағала Арышты және оның тысындағыларды еш нәрсеге кіріптар етпей қорғауда. Егер ол мұқтаж болса, жаратылғандар секілді күллі ғаламды жаратып, оны басқаруға шамасы келмес еді. Егер Алла Тағаланың отыруға немесе бір мекенге қажеттілігі болса, Арышты жаратпастан бұрын қайда еді? Алла Тағала – мұндай сипаттардан пәк әрі ұлық». Шәкірті Әбу Юсуфқа айтқан өсиетінде осыған қатысты: «Ақида, сенімге қатысты (терең мәселер жайында) қалың көпшілікке сөз қозғама!» деп жұрт түсіне бермейтін мәселелерді қозғамау керектігін айтып ескертсе (Әбу Юсуфқа өсиетінен). Юсуф ибн Халид әл-Басриға айтқан өсиетінде де осы ойды қуаттап: «Білім жайлы сөз қозғасаң алдыңда отырған кісі ұғатын анық, айқын білімнен сөз қозға. Білімнің терең, кез-келген жан ұғына бермейтін тұстары жайлы сөз қозғама!»,– деген.

Имам Ағзам Әбу Ханифа Алла Таға­ла­ның бар екендігін дәлелдеу мақсатында һәм діни мәтіндерге, һәм ақылға негізделген дәлелдерді қолданумен қатар, көбіне Жаратқанның бар екенін қабылдамайтын дінсіздер және дінбұзарларға (бид­ғат­шылар) қарсы күрескендіктен, рационалдық дәлелдерге жиі жүгінген. Оның өзін Құ­раннан алған.

Әбу Ханифа тағдыр туралы пікір біл­діруден тартынатын әрі достарын да сақтандыратын. Юсуф ибн Халид Басрадан келген кезде оған: «Бұл – күрмеуі көп күрделі мәселе. Бұған кімнің шамасы жетер дейсің? Бұл – кілті жоғалып кеткен, шешімі жұмбақ сандық болғандықтан, оны тек қана Алладан ашық-айқын хабармен келгендер ғана аша алады» (Әбу Захра, Әбу Ханифа, 158-б.) деп, мәселенің күрделілігін ескерткен

Осы түсініктемелерді берумен қатар, Әбу Ханифа ерекше сақтық таныта отырып, арнайы көзілдіріксіз күнге қарау мүмкін болмағанындай, тағдыр мен құлдардың іс-қимылы мәселесін де ақылдың танып-білу мүмкін емес екенін айтады (Беязизаде, сонда, 150-165-б., 182-183-б, 243-б., 254-б.;).

Әбу Ханифа бойынша күнә істеу мүминді иманнан ажыратпайды. Өйткені, Құранда зина жасап, кісі өлтіргенді имансыз демеген, бір түйір жақсылық жасаушыға да сауабы берілетіндігі білдірілген. Хазірет Әли де өзіне қарсы соғысқан Шамдықтардың мүмин екендігін айтқан. Егер күнә жасау адамды діннен шығаратын болса, ширктен кейінгі күнәның ең үлкені кісі өлтірушіні хазірет Әли кәпір деп атаған болар еді. Бұл бір жағы сахабалардың да осы мәселеге деген көзқарасын ұқтыруда (Әбулхайр, Ақидатул-Ислам уәл-имам әл-Матуриди, 190-б.). Олай болса, күнәһар адам да мүмин ретінде қабылдануы тиіс, ал күнәсіне ақыретте жауап беру мәселесі – Алла Тағаланың еркіндегі іс. Қаласа – жазалайды, қаласа – кешіреді. Осыған орай, тек пайғамбарлар мен насстарда үкімі айқын айтылғандардың ғана тікелей жұмаққа баратындығын айтуға болады (Әбу Ханифа, әл-Алим уәл-мутааллим, 18-б. Матуриди, Китабут-таухид, 615-616-б.) 

Хадисшілердің оған сын айтуына аят-хадиспен қоса ақылға да жиі жүгінуі көбірек ықпал жасауымен қатар, жоғарыда атап өткеніміздей, иман түсінігінің де ықпалы аз емес. Анығында, Әбу Ханифаның ақидаға қатысты рисалелерінде иржа термині күнә істегендердің ақыреттегі жағдайын иләхи қалауға қалдыруы мағынасында қолданылған (Әбу Ханифа, әл-Алим уәл-мутәаллим, 24 б.). Мүржияға қатысты Әбу Ханифаның өзі әл-Фиқһул-әкбарда: «Мүржиялар секілді «Жақсылықтарымыз қабылданған, жамандықтарымыз кеші­ріл­ген» деп айтпаймыз. Керісінше, басы ашық мәселе болғандықтан, «Кімде-кім іс-әрекеттерін дін үкімдеріне сай, ізгі амалын бұзатын кемшіліктерден сақтана отырып жасаса, өз кезегінде оны күпірлік пен діннен шығу арқылы жойып алмай, дүниеден мүмин ретінде өтсе, Алла Тағала оның амалдарын зая кетірмейді. Оны қабыл алып, сауабын береді» дейміз» деген (Фиқһул-әкбар,9-б. Хайдарабад басылымы). Өзіне мүржия деп жала жапқандарға жауап беру үшін Осман әл-Баттиге жазған хатында «Әлгі мүржия сөзіне келер болсақ, бидғатшылардың оларға бұл атты танатындай шындықты айтқан адамдардың не жазығы бар? Олар – әділ және әхлі-сүннет. Бұл атауды оларға көре алмаушылар таңған», – деп жауап беруі ұстанымының жағымсыз мағынада қолданылған мүржиядан емес екенін анық көрсетеді (А. Өзтүрік, Имамы Ағзам Ебу Ханифе ве есерлери, Ш, 2010, 114-?.).әмил баспасы, Стамбул, 2010, 114-б.).

Әбу Ханифаның «әл-Фиқһул-әкбар» кітабында осыған сай мынадай сөз бар: «Мейлі, үлкен күнә істесе де, ол істеген үлкен күнәсін халал санамайынша, оны  кәпір деп айта алмаймыз. Мұсылман деген атты одан алып тастай алмаймыз. Біз оны мүмін деп атаймыз». Алайда қазіргі таңда  өзін «сәләф» санаған кейбір топтар шектен шығып, намаз оқымаған мұсылмандарды діннен шығарып, кәпір деуде. Имам Ағзамның кезіндегі шектен шыққан  харижиттер де дәл солай дейтін.

Имам Әбу Ханифа өз шәкірттерін де жақсы көретін. «Сендер менің жүрегімнің қуанышы, көңілімнің жұбанышысыңдар», – деп оларға жүрек жарды сөздерін арнайтын. Енді Имам Ағзам Әбу Ханифаның өз шәкірттері имам, қазы Әбу Юсуф пен Юсуф ибн Халид әл-Басриға айтқан өсиеттерінен кейбір үзінділер келтірейік. Білім-ғылым іздеуге ерекше мән берген Имам Ағзам шәкірттеріне ерте үйленуге рұқсат бере бермеген. Осыған қатысты ол:  «Әуелі білім ізден! Кейін адалдан мал жина! Содан кейін ғана үйлен! Егер білім ізденетін шақта, мал жинаудың соңына түссең білім ізденуге шамаң жетпей қалады...Осылайша білім алудан бұрын, дүние және әйелдермен әуре болып, уақытың зая кетеді. Бала-шағаң көбейіп, солардың тіршілігін реттеймін деп жүргеніңде білімді тәрк етесің. Ойың, жүрегің таза, жастық шақта білімнің соңына түс! Білімнен кейін ғана қолыңда дүние-мүлік болу үшін мал жина! Себебі, бала-шағаның, дүние-мүліктің көп болуы адамды әбігерге түсіреді. Мал-мүлік жинап алғаннан кейін ғана үйлен!»,– дей келе білім іздеуден ешқашан қол үзбеуге шақырып: «Он жылдап кәсіпсіз, азықсыз ғұмыр кешсең де білімнен сырт айналып кетпе! Білімнен сырт айналсаң өміріңнің, тұрмысыңның ауыртпалығы арта түседі. Білімге деген қызығушылықтарын арттыруың үшін әрбір шәкіртті балаңдай көріп, білім беруге күш сал! Алған біліміңнің дүниеде және ақыретте қызығын көремін десең, жақсылықтан қол үзбе! Талабың таудай болсын! Себебі, талабы кішірейген адамның мәртебесі де төмендей береді»,– десе (Әбу Юсуфқа өсиетінен), ғылымның берекетінен құр алақан қалмау үшін: «Ғалымдарды қатты құрметте!»,– деп ерекше ескертеді (Юсуф ибн Халид әл-Басриға айтқан өсиетінен).

Имам Ағзам ғылыммен қатар тақуалыққа да ерекше мән беретін. Өйткені, Алла Тағала Құранда: «Алла алдында сендердің ең ардақтыларың, абыройлыларың – ең тақуа болғандарың» («Хужурат» сүресі, 13) деу арқылы негізгі құндылықтың сыры тақуалықта екенін баян еткен. Сонымен қатар, пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімді адамдардың ардақтысы болу қуантатын болса, Алладан қорықсын»  (дейді (Қуртуби, әл-Жами ли ахкамиль-Қуран, Бейрут, 1988, 16-т., 345-б.).

«Күнделікті тұрмыста жеке басқа қатысты ұстану қажет болған мынадай өсиеттерін де айтады: «Ешкімге мұқтаж емес екеніңді, қанағатшыл екеніңді көрсетіп жүр!

Кедей болсаң да, оныңды елге сездірме! Аманатқа қиянат жасама!

Жалпы қалың көпшілік немесе дара тұлғалар болсын насихат айтудан тайынба!

Адамдарды кемсітпе! Әуелі, өзіңді құрметте. Өзгелерге де құрмет көрсет.

Адамдардың қателігін іздеме! Керісінше дұрыс жақтарын ізде!

Өзіңе қалай жақсы мәміле жасалғанын жақсы көрсең, адамдарға дәл солай мәміле жаса. Адамдар жайында әрдайым дұрыс ниетті бол!»,– деп (Юсуф ибн Халид әл-Басриға айтқан өсиеті) шәкірттеріне әрдайым ұстаздық ақылдарын айтып, жанашыр әкедей қараған. Ұстаздарынан осындай жылылық көріп өскен шәкірттері алған ілімдерін халыққа таратып, соның нәтижесінде Ханафи мәзһабы әлемнің шартарабына тарады. Бұл өсиеттер қашан да маңыздылығын жоғалтпақ емес.

Алау ӘДІЛБАЕВ,

теолог, PhD доктор


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk