wrapper

ҚМДБ-ның бастамасымен жарияланған «Ислам және ізгі қоғам» жылының аясында ШҚО бас имамы Ермек Қасболатұлы Өскемен қаласындағы ҚР Ұлттық ұланның 6699 әскери бөлімінде кездесу жасады.

Бас имам сарбаздарғажемқорлыққа қарсы тұру, адамгершілік құндылықтар жайлы және Отанға адал қызмет етудің маңыздылығынан тағылымды танымдық насихат айтты.

Бас имам: «Шариғатымыз пара алуға және пара беруге қатаң тыйым салады. Алла Тағала Құранда: «Бір-біріңнің мал-мүліктеріңді харам жолдармен жемеңдер. Сондай-ақ біле тұра ел-жұрттың мал-дүниесінің бір бөлігін күнәлі жолдармен жеу үшін (пара ретінде) басшыларға беруші болмаңдар!» ­– деп бұйырады. Ислам ғұламалары пара алудың харам екенін бірауыздан мақұлдаған. Коррупция мемлекеттің дамуын тежеп, тек жүйені ғана емес білдей бір халықты жоюшы фактор болып табылатыны баршаға мәлім. Ал әскери саладағы жемқорлық – мемлекеттің қауіпсіздігіне тікелей нұқсан келтіреді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте әрбір ел азаматының рөлі орасан зор» деп атап өтті.

Ермек Қасболатұлы өз сөзінде даңқты батыр атамыз Бауыржан Момышұлының нақыл сөздерін келтіре отырып, басшылық тарапынан белгіленген шараларды дұрыс қабылдап, антқа адал болып, ел тыныштығы үшін аянбай қызмет ету зор абырой екендігін айтып өтті.

Кездесу барысында бас имам әскерилерден қойылған сұрақтарға нақты мысалдармен жауап берді. Басқосу соңынан Ермек Қасболатұлы ел тыныштығы үшін қызмет етіп жүрген қызметкерлерге амандық, елімізге бейбітшілік тілеп, дұға жасады.

Тағылымдық және танымдық әңгімесі үшін әскери бөлімнің бастығы бас имамға шынайы алғыс білдірді.

Шығыс Қазақстан облыстық

«Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметі


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk