wrapper

Мұқият зер салу керек болған амалдарымыздың бірі – бір адамды кәпірлікте айыптап, амалдарын теріске шығару. Оның соңы үлкен дауға әкеліп соғары ақиқат. Мысалы, сол кәпір деп үкім берілген адамның әйелі талақ етіліп, перзенттерінен ол адамның әкелік үкімі түседі. Ол адамға мұсылмандардың мұсылмандық міндеті тоқтатылып, сонымен қатар ол дүниеден өтсе, кебінделмейді де, жаназа намазы оқылмайды. Оған мұсылмандық міндеттер өтелмейді және мұсылман зияратына қойылмайды.

Шынында, адам Исламға «Ла илаһа илАлла» кәлимасын айтумен кіреді. Кім исламға сеніп жүрегімен қабылдаса, діннен шығу да жүрек қалауымен жүзеге асады. Әлбетте, жасалған үлкен күнә адамның имамнына нұқсан келтіруі мүмкін, бірақ ол адамды сол бір күнәсі үшін мұсылман қатарынан шығара алмаймыз. Ал Аллаға серік қосу ол кешірілмейтін күналар санатына жатады. Серік қосудан басқа күнәлар үлкен не кіші болсын, Алланың өзіне тапсырамыз, қаласа-кешіреді, қаласа-азаптайды.

Құран мен сүннетте келген күпірлік – ол үлкен күпірлік. Бұл күпірлік адамды дүниеде қор етіп мұсылман қатарынан шығарылады, Ақыретте тозақта мәңгі қалуына себеп болатыны ақиқат.

Ал кіші күпірлікке бой алдырған адам, тозақта мәңгі қалмайтындар қатарына жатқызылып, осы дүниеде мұсылмандар қатарынан шығарылмайды. Алланы танып, Оған бұйынсұнуда дәрежесі әр түрлі болады. Сол себепті, иман дәрежесіне қарай пенделердің де Аллаға жақындығы әр қалай болмақ.

Мұсыламан біле тұра кей күнәларға бой алдыруы мүмкін, ол күнәсі үшін біз ол адамды күпірлікте айыптай алмаймыз. Бұл жайында Алла Талаға қасиетті Құранда (Фатыр сүресі 32-аят) : «Сосын ол Кітапты құлдарымыздан таңдағанымызға мұра қылдық. Және олардан әлде кім өзіне кесір тигізеді де кейі ортада болады. Ал тағы біреулері, Алланың бұйырығынша жақсылықтарға ілгерлеуші болады. Міне осы, ұлы мәрхамет» - деген.
Жоғарыда келтірілген сөздерден әрбір көкірегі ояу, көзі ашық пенде күпірліктің қаншалықты ауыр және үлкен күнә екенін білері ақиқат.

Такфирлер деп аталушы топ өкілдері адамдарды еш дәлелсіз күпірлікте айыптап кәпірге шығарады. Өз істері мен ойларына қайшы келетін шариғи амалдардан да бет бұрып, әлсіз немесе негізсіз дәлелдерге сүйеніп өз ойларын жүзеге асыра береді. Ұстанымдарына қайшы келетін бұрын өткен және осы заманғы ғұлама ғалымдарды да теріске шығарады. Ал біздердің ұстанымымыз Абайша айтатын болсақ;

Біреуді жақсы деме сен,
Біреуді жаман деме сен. 
Бұл дүниеден өткен соң, 
Шын дүниеге жеткен соң, 
Көтеріп көрге салған соң, 
Көр қараңғы болған соң, 
Кімнің жақсы- жаманын, 
Бір жаратқан Хақ білер!

Біздер олар өз әдеттеріне айналдырған әрекеттерді жасаудан аулақпыз. Біз олар сияқты адамдарды күпірлікте айыптап, кәпірлікке шығармаймыз. Әрине, Алла разылығын іздеу әр пенденің міндеті, бірақ жұмсақтықпен де жетуге болатынын ұмытпағанымыз жөн. Шынында біздер өткеніміздің баянын тұғырлы қылғанда ғана, егемендігіміздің ертеңі ғұмыры болмақ. 

Қажымұхан Қамбарұлы,

Маңғыстау облсытық «Бекет ата» мешітнің наиб имамы


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk