wrapper

ҚАЗАҚ МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕРІНДЕГІ ПАЙҒАМБАР ХАДИСТЕРІНІҢ ӘСЕРІ

Сәрсенбі, 18.09.2013
Қазақ мақал-мәтелдеріндегі Пайғамбар хадистерінің әсері

Қазақ халқының рухани өмірінде араб тілі мен ислам мәдениетінің үлкен ізі бар. Оның ең бірінші белгісі – тіліміздегі араб сөздері.

Қазақ халқының рухани өмірінде  араб тілі мен ислам мәдениетінің  үлкен ізі бар. Оның ең бірінші белгісі – тіліміздегі араб сөздері. Бір тілден екінші тілге сөздің жалаң кіріп, сіңісіп кетуі оңай құбылыс емес. Алғашында өз жерінде қолданысқа түскен діни сөздер aраб жарты аралынан өз өрісін кеңейте келе, түркі тілдеріне де ауыса бастады. Яғни, тіліміздегі арабша сөздердің қолданысы исламды қабылдаудан бастау алады. Бұлай дейтініміз, діни сөздерді, әсіресе ислами  терминдерді кім діннен толық  хабардар болса, сол кеңірек әрі көбірек қолданады.

Жалпы  алғанда,  араб элементтері,  яғни кірме сөздер тек тілде ғана емес, қазақ халқының  әдет ғұрпы мен салт-дәстүрінен, ғылымы мен мәдениет саласынан  да  өзіндік  орнын  алды.  Мысалы, жаңа туған сәбиге азан шақырып  ат қою рәсімі, «Ассаламуғалейкум» деп басталатын амандасу салты, діни мейрамдар, сонымен қатар, неке қию, жерлеу  рәсімдері,  қоштасу  салты мен көңіл айту салты,  т.б. айтуға болады.

 Сондай-ақ,  оның қазақ фольклорына енгенін де айта кеткен артық болмас. Мәселен,  араб елінің  ертегісі «Мың  бір  түн», «Ләйлі-Мәжнүн», т.б. шығармалар шығыс сюжетіне құрылғанымен қазақ  әдебиетіне сіңісті  болып, қазақ фольклорының  дәстүрлерімен  ұштасып, төл шығарма іспеттес  болып кеткен [1, 26]. Бұнымен қоса  қазақ  мақал-мәтелдерінде  кездесетін араб мақалдары  да (әмсал)  қазақ халқының  өмірінде, тұрмыс-тіршілігінде, ұлттық мәдени сипаты мен ой- санасында кеңінен қамтылған [2, 34]. Осы аталмыш жайттар себебінен Пайғамбар хадистерінен туындаған қазақ тіліндегі мақал-мәтелдер  де жеткілікті. Әрине, мұндай хадистер аударма немесе мағыналық вариант арқылы ауысым жасайды.

Араб халқы да - тілге шебер халықтың бірі. Араб жазу әдебиетінің  ең ірі құндылығы  – Құран. Ал Құраннан кейінгі даналық  иірімдер – Пайғамбар хадистері. Хадис – Пайғамбар Мұхаммедтің (с.а.c.) айтқан сөздері мен дін тұрғысындағы насихаттарын және  соған  сай  іске  асырған амал-әрекеттерін қамтиды.  Хадис те өзінің құрылым жүйесі, терең мағыналылығы, бейнелілігі және т.б. жағынан өзіндік ерекшеліктерге ие.

Бүгінгі таңда хадистер  шығыс елдерінде,  яғни араб  жарты  аралында,  қала  берді  мұсылман әлем  жұртында ғылыми түрде  зерттелгенімен, тәуелсіз  еліміз қазақ даласында  ғылыми түрде әлі толықтай  тұжырым  жасалған  жоқ.  Шын мәнінде ғибраты мол  бейнелі  сөздерді зерделей  қарасақ, олардың  ішінде мақал  мен мәтелге  тән қасиетке ие Пайғамбар  хадистерін көруге болады. Өйткені мақал-мәтелдер  көбінесе  адамды жақсы  мінез- құлыққа,  адамдық құндылыққа,  бауырмалдыққа, т.б. игі қасиеттерге тәрбиелейтін болса, Пайғамбар хадистері  де білімге,  инабаттылыққа,  ар-ожданға, әділеттікке,  сабырлылыққа,  т.б. көркем сипаттарға баулиды.

 Сонымен  қатар мақал-мәтелдер мен араб тіліндегі хадистердің  құрылымы, ішкі  мазмұны мен мағыналары  бір-біріне жақын келеді.  Міне, осы тұрғыдан  алғанда  қазақ мақал-мәтелдері  мен Пайғамбар хадистерінің  ұқсастықтарын  аңғаруға болады. Сондықтан  тіліміздегі мақал-мәтелдер мен хадистердің көтерер жүгі салмақты. Өйткені, мақал- мәтелдер мен хадистер  халық өмірінің  әлеуметтік аспектілері, дүниетанымы, тұрмыс-тіршілігі, салт- дәстүрі,  мәдени нормалары  мен құқығы, ырым- жырымдары мен діни көзқарастары және айналасын қоршаған табиғатқа деген қатынасы аңғарылады.

Мысалы, ислам дінінде сәлемдесу әдептіліктің ең үлкені деп үйретіледі. Сәлемдесу - Алла тағаланың пенделерге  үйреткен есендік сөзі.  «Әссәләму  алейкум»  сөзінің мағынасы  «Сіздерге Алла тағаланың бейбітшілігі болсын (Алла сіздерді әр түрлі бәледен сақтасын)» деген сөз [3, 94]. Бір кісі Пайғамбарға келіп: «Исламның ең жақсы сипаттары қайсы?» - деп сұрағанда, ардақты Елші: «Тутъимут- таама уә тақраус-сәләмә ала мән арафта уә мән ләм тъариф»,  яғни «Аштарға  тамақ  беру,  танитын һәм  танымайтындарға  сәлем  беру»,  - деп жауап берген екен. Тағы бір хадисте: «Сіздер сүйсінетін, оны істеген кезде қуанатын бір нәрсені айтайын ба? «Әфшус-сәләмә  бәйнәкум!»,  өз араларыңда сәлемді жайыңдар, яғни сәлемдесіңдер!» деп уағыздаған [4, 343].

Қазақ әдебінде де  адами қасиеттердің бірі – амандасу. Адам баласының рухани тарихында қолы жеткен зор  игілігі –  сәлемдесу.  Тыныш, бейбіт, басы аман, бауыры бүтін, бір-бірімен  тату-тәтті, сыйласып өмір сүруді армандаған  қазақ халқында сәлемдесу әдебі ислам діні негізінде тіпті шыңдала түскен. Өйткені «сәлем  беру»  мәдениеті қазақ мақалдарында да кездеседі: «Әдепті  елдің  баласы, алыстан сәлем береді», «Адамдықтың белгісі – иіліп сәлем бергені» [5, 23]. Сонымен қатар, қазақ тіліндегі «сәлем» сөзі араб тілінен енген сөз екенін және осы екі тілде де ортақ ұғымда  қолданылатынын  айта кеткен жөн. 

Тағы бір хадисте: «Мә мин муслимәйни ялтәқияни  фә  ятасафахани  иллә  ғуфира  ләһумә қәблә ән юфтәриқа», «Екі мұсылман кездесіп, қол алысып амандасатын болса, олардың күнәлары екеуі айырылысудан  бұрын  кешіріледі»  делінген [6,729]. Мұны қазақ халқының «екі қолдап амандасса күнә төгіледі»  дейтін даналық  сөзінен табуға болады. Яғни қазақ тәрбиесіндегі «өзінен үлкенге екі қолдап амандасу» және «көшеде көргенде сәлемдесу» әдеті осы жоғарыдағы хадистер негізінде туындаған.

Пайғамбар  хадисінде «әл-хаяу минәл  имән»,  «Ұят  –  иман  белгісі», «Изә ләм тастахи фаснаъ мә шитә», «Егер  ұялмасаң  (ұятың  болмаса)  білгеніңді  істе» деп  ұяттың  маңыздылығын білдірген [7,131]. Мұндағы мақсат ұят –  адам баласының  мінез- құлқын өлшейтін ең әдемі нышан. Сондықтан, қазақ халқы «иман жүзді» деп ізгі ілтипатты, тура сөзді, мейірімді  адамды айтады  [8, 75]. Ал  имансыздық дегенді «ұятсыздық»,  «ождансыздық»  деп түсінеді. 

Дана халқымызда: «Ұят кімде болса, иман сонда», «Адамның ұяты бетінде, адамгершілігі ниетінде»,  «ұят  –  иманда»  деген мақалдар бар. Қазақ тіліндегі «иман» сөзі мен ұғымы ислам діні арқылы, яғни Құран, хадистер аясында келген. Араб тілінде «ناميا»  «иман» сөзі – «сену»,  «нану», «илану»  деген мағыналарды  білдіреді. Жоғарыда келтірілген  хадистегі  және қазақ мақалындағы негізгі айтылмақшы болған ой – ұят, ар ождан. Осы тұрғыдан алғанда мазмұндық ұқсастық бар.

Аманат сөзі –  өсиет,  тапсырма,  міндет мағыналарын  қамтиды.  Аманат  – кісінің сақтауға берген бағалы заттары. Ислам шариғаты бойынша, аманат - қатаң түрде ескертілген  міндеттің  бірі. Пайғамбар хадисінде: «نخت لا و كنمتئا  نم ىلا ةناملأادأ كناخ نم»,  «Әддил  әмәнәтә  илә  мән  иътәмәнәкә  уә лә тахун мән ханәкә», «Саған сенім білдіргеннің аманатын тапсыр. Біреу саған қиянат істеген болса, сен оған қиянат істеме», - деп аманатты орындауды бұйырады.  Демек,  аманат негізінде  сенім жатыр. Қазақ халқы да аманатты орындауға үлкен мән беріп, оны орындап болғанша өзіне қарыз санаған. Сол себепті: «Біреу берсе аманат, оған қылма қиянат» деген мақал босқа айтылмаса керек [9/43]. Аманат сөзі араб тілінде де, қазақ тілінде де бірдей ұғымды білдіреді.

Адам  баласының  ең  тамаша  қасиеттерінің бірі  –  жомарттық.  Ол  адамға қызмет қылып, жақсылық жасайтын пейілді жанға тән сипат. Соған байланысты Пайғамбар хадисінде: «әл-Ядуль улья хайрун минәл ядис-суфлә», «Берген қол алған қолдан жақсы»; «Дорбаңның аузын байлама, сенің ризығың да байланады», - деп жомарт болуға  шақырады.

  Ал халқымызда:  «Жомарт  ДОС көбейтеді, сараң мал көбейтеді», «Кең болсаң кем болмайсың», «Сұрағаннан берген артық» деген мақалдар өз бастауын Пайғамбар хадистерінен алса керек.m Сонымен қатар,  Пайғамбар хадисінде  білімге байланысты:  «әл-Илму  фис-сиғари  кә-әннақши  алал  хижари», «Жас кезіңде алған білім, тасқа басқан таңбадай» деп берілсе, қазақ мақалында да дәл осы іспеттес даналық  сөз  келтірілген.  Мұнымен қоса  қазақ тіліндегі «ілім», «білім», «ғылым» тәрізді сөздер араб тіліндегі «илм» сөзінен туындаған, сол арқылы енген.

Ислам  діні үлкенге құрмет көрсету әдебін де назардан тыс қалдырмаған. Салт-дәстүрі мен әдет- ғұрпы имандылық негізінде қалыптасқан  қазақ халқы да бұл мәселеге үлкен мән берген. Мысалы, халқымыздың: «Үлкенге  құрмет,  кішіге  ізет»  сөзі ардақты Пайғамбардың: «мән ләм ярхам сағирәнә уә яриф хаққа кәбирәнә фә ләйса миннә», «Кішілерімізге мархамат етпеген (жаны ашымаған), үлкендерімізге құрмет көрсетпеген  бізден  емес»  деген қасиетті сөзінен туындағандай [10, 215]. Хадисте әрбір мұсылман үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге ізет  көрсетуді уағыздайды. Ал бойында бұл қасиет табылмаған адам хадисте «мұсылмандардан емес» деп айтылғандай мұсылмандықтан қалыс қалғаны.

Қанағат –  этикалық  норманың басты белгісі және негізі.  Қанағатты әдетке айналдырған  жан өмірбақи  игілік  көреді.  Пайғамбар  хадисінде:

«Мұсылман  болып  жеткілікті  табысы  болған және осыған қанағат еткен кісі қандай бақытты» деген. Қанағатшыл болуды бақытқа  теңеген.  Тағы бір хадисте: «Қад  әфләха  мән  әсләмә  уә  кәна  ризқуһу кәфәфән уә қана-аһу Аллаһу бимә әтәһу», «Кім мұсылмандықты ұстап, ризығы жеткілікті болып, Алла  тағаланың  берген  барына  қанағат  етсе, тозақ  азабынан  құтылғаны»  - деп айтылған [11,159]. Бұл жөнінен  біздің халқымыздың мыңдаған жылдық  өмір тәжірибесінен  қорытылған даналық тұжырымдары бар. «Қанағат қарын тойғызады, қанағатсыз жалғыз атын сойғызады», «Қанағат қылсаң,  қарның  тоқ»  [12, 61] деген мақалдарда шынайы шындық бар.  Сонымен қатар «қанағат» сөзі екі тілде де бірдей мағынада қолданады.

Сабыр –  әдеп,  инабат тұрғысынан  қашан да жоғары бағаланатыны  сөзсіз.  Өйткені,  сабырлы болу  күтпеген жағдай алдында  өзін ұстай білу деген сөз. Пайғамбар хадистерінде сабырлы болуға шақырған өсиеттер көп. Хадисте: «Ассабру  нисфул  иман»,  «Сабырлылық  – имандылықтың  жартысы»; «Ассабру мифтахул жәннәти», «Сабырлылық – жәннаттың  кілті»  деп айтылған [13, 84]. Қазақ халқында  да: «Біреу  жәбір  етсе,  сен  сабыр  ет», «Сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа», «Сабыр түбі- сары алтын» деген мақал-мәтелдер жиі кездеседі [14, 70]. Осындай мақал-мәтелдер Пайғамбар хадистерінің  негізінде туындағандай. Себебі, «сабыр» сөзі араб тілінде де, қазақ тілінде де бірдей мағынада жұмсалады. Қазақ тіліндегі  тәубе сөзі араб тіліндегі  (тәубәтун) сөзінен туындаған.  Тілдік мағынасы: өкіну, жөнге келу. 

Шарғи мағынасы: күнә істегеніне өкіну,  күнәдан қайту.  Бұл  жайында Пайғамбар хадистерінде көптеп айтылған: «Әт-тәйбу хабибу Аллаһа уә әт-тәйбу минәз-зәнби кәмән лә зәнбә ләһу», «Тәубе етуші - Алла тағаланың ең жақсы көретін пендесі. Күнә істегеніне тәубе жасаған пенде, күнәсі жоқ пенде тәрізді». Тағы бір хадисте: «Мән тәбә қәблә ән татлуа әш-шәмсу  мин  мағрибиһә  тәбә  Аллаһу  аләйһи», «Алла  тағала  күн  батыстан  шықпай  тұрып, тәубесіне  келген  пенденің  тәубесін  қабыл  етеді» деген [15, 93]. Демек, тәубе – ең маңызды және дер кезінде кешіктірмей істелетін әрекет. Тәубеге келугеm қатысты ел ішінде де көптеген тағылымды әңгімелер сақталған.  Бұл жайында халық  мақал-мәтелдері, түрлі  нақыл сөздер аз  емес.  Сондықтан қазақ халқында «Жас күніңде тәубе қылсаң, қартайғанша көндігерсің. Қартайғанда тәубе қылсаң, көндіккенше көмілерсің» деп ақиқатын айтқан. Тәуекел  сөзі  араб  тілінің «لكوت»  (тәуәккул) сөзінен шыққан.

 Ол қандай да бір іс істемес бұрын, көздеген  мақсатқа жету үшін орындалады.  Ислам шариғатында  тәуекел  етіп  жұмыс бастауға үгіт береді.  Бұл жайында Құран, хадистерде  көптеп айтылған. Сол  секілді біздің халқымызда  да жиі кездесетін жайттар бар. Мәселен, «Нартәуекел – ер ісі», «Тәуекел нар жығады», «Тәуекелдің кемесі суға батпас» [16, 132] деп айтылады. Яғни қазақ халқы бір істі бастамас бұрын тәуекел  етіп, нәтижесін Аллаһ  тағаладан  сұраған. Ал  бұған байланысты Пайғамбар  хадистерінде былай айтылған: «Ләу әннәкум тәуәккәлтум ала Аллаһи хаққа тәуәккулиһи ләразақакум кәмә ярзуқу әт-тайра», «Егер сендер Алла тағалаға шын көңілмен тәуекел етсеңдер, құстарды ризықтандырғаны сияқты, сендерді де молынан ризықтандырады». 

Тағы бір хадисте: «Мән тәуәккәлә ала Аллаһи кәфәһу әт-тәшаъуб» деген [17, 4165]. «Көрші  ақысы  -  Тәңір  ақысы»  дейді қазақ мақалдарында. Мұсылманшылықта да көршіге ерекше зор  маңыз беріп, күнделікті  тіршілікте басшылыққа  алынып  отырған. Көршілік  міндетін Құдай алдындағы парызға балаған. Хадисте: «Мән кәнә юмину билләһи  уәл  яумил  ахири,  фәл-юхсин  илә  жәриһи», «Кімде-кім  Аллаһ  тағалаға  және  ақырет  күніне иман келтірсе, көршісіне жақсылық істесін»; «Ләйсә әл-мумину әлләзи яшбаъу уә жәруһу жә-иъун», «Көршісі аш болып, өзі тоқ жатқан кісі мумин емес, яғни бізден емес» деп айтылған. 

 Тағы бір хадисте:  «Үйден  бұрын  көрші тап, жолға шықпай тұрып жолдас тап». Осы хадисті нақылға айналдырған халқымыз: «Сапарға шықпас бұрын серігіңді сайла, үй салмас бұрын көршіңді ойла» деген. Яғни ауыл аралас, қой қоралас жатқан қазақ халқы  да,  көршіге аса ұқыптылықпен,  құрметпен қараған. «Көршіңнің ала жібін аттама», «Көрші ақысы – Тәңір ақысы», «Үй сатып алма, көрші сатып ал», «Итің жақсы болса – ырысың, көршің жақсы болса  -  тынысың»  дейтін тамаша  мақал-мәтелдер бар. Міне, осы тәрізді мақал-мәтелдер ұғымы ислам діні негізінде қалыптасып, Пайғамбар хадистерінен бастау алғандай.

Әділдік – адамның ең асыл қасиеті, адамгершіліктің жарқын бейнесі. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дейтін халық мақалында осы шындық дәл әрі өткір тұжырымдалған. Халық ұғымында әділдік үшін күрес – шынайы адамшылық өмір үшін күрес деп есептелді.  Мақал-мәтелдерде:  «Әділдіктің белгісі біле тұра бұрмаған, жақсы адамның белгісі өткен істі қумаған» деп, жақынға тартпай, дүниеге сатылмай, туралықты  айту  адамгершілік  өзегін құраған. Сондай-ақ,  «Әділдік  –  ана  сүті»,  «Әділ істің  арты  игі»  деген де мақалдар  бар.  

Ал бұған байланысты Пайғамбар  хадистерінде: «Әділеттік–  Алланың  жердегі  терезесі.  Әділеттілік  адамды сол терезеге (пейішке) бастап апарады. Әділдіктен алыстаған  адам  тозаққа  түседі»;  тағы да  «Иннәл муқситина инда Аллаһи ала мәнәбири мин нури әлләзинә яъдилуна фи хукмиһим уә әһлиһим уә мә уллу», «Әділдік жасағандар Алланың қабатында нұрдан жасалған мінберлердің үстінде болады»  дейді.  Осы  тәрізді келтірілген  мақал- мәтелдер  мен  хадистер адам баласын әділдікке шақыра отырып, айтпақшы болған ойларын бірдей насихаттайды, әділ болуға үгіттейді. Қазақ халқының осындай парасаттылыққа үндеуі хадистер негізінде туындаған болар.

Міне,  халқымыздың  ұрпақ тәрбиелеуде,  адами құндылықтарды сипаттайтын  нақыл  сөздері, осындай ғибраты мол бейнелі өсиеттері Пайғамбар хадистерінде  де кеңінен сөз етіледі.  Араб тілінің элементтері, мәдениеті мен діни ғұрыптары көптеген халықтар  тілінде,  мәдениеті  мен рухани  өмірінде кеңінен көрініс тапқан. Қазақ ауыз әдебиетінде араб  тілінен ауысқан сөздер  мен  діни негізде қалыптасқан қағидалар кездесіп жататыны рас. Араб халқы мен қазақ халқының арасында мәдени-әдеби қарым-қатынастардың болғаны да тарихтан белгілі. Осылардың нәтижесінде арабтың мәдениеті, ислам дінінің енуі қазақ даласында кең өріс алды. Демек,  ислам  мәдениетінің даналығы  қазақ халқының  жүрегіне жол  тартуы –  екі халықтың ежелден ниеттес, тілектес болғанын, мәдени қарым- қатынасының тарих  тамыры тереңде жатқанын көрсетеді.  

Жоғарыда келтірілген  Пайғамбар хадистерін қазақ халқының мақал-мәтелдерінде орын алуын, олардың тілдік мағыналарына қарай көрініс табуын біршама қарап шықтық. Әсіресе, келтірілген хадистердің  көбі діни бағыттағы хадистер  мен адамгершілік,  инабаттылықты т.б.  сипаттайтын мақал-мәтелдер төңірегінде қарастырылды. Алайда, Пайғамбар хадистерінің  мағыналық-мазмұндық жағынан кездесіп жататыны тағы бар. Олар араби сөздердің әсерінен немесе діни  насихаттардың бағытында болмаса  да,  мағына  ұқсастықтары мен астарлап  айтылған, жанама  түрінде  берілген, ой-пікірлердің  жатқаны  байқалады.

Мысалы, халқымызда:  «Басқа  бәле  тілден»  деп айтылса, хадисте: «Әксәру хатая ибн Әдәмә мин лисәниһи», «Адам баласының көп қателесетіні – тілінің кесірінен» дейді. Хадисте «Қул әлхаққа уә ин кәнә муррән», «Шындықты ащы болса да айт» деген болса, қазақта дәл осы сарында «Шындықты ащы болса да айт» деген мақал бар. Қазақта: «Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» деп айтылса, хадисте: «Бәйтун лә сибяна фиһи лә бәрәкәтән», «Бала болмаған үйде береке жоқ» деп, «баласыз үй мазар тәрізді» деген ойды білдіріп тұр. Мысалы, халық «Әркім сүйгенінің құлы» десе, хадисте: «әл-Мәру  маа  мән  ахаббаһу»,  яғни «Кісі сүйгенімен бірге» деп, осы іспеттес мағынада айтылған. Сол сияқты «Көп күлген бір жылайды», «Мән әзнәбә уә һуа ядхаку дәхәлә ән-наара уә һуа ябки», «Күліп тұрып күнә істеген, жылап тұрып тозаққа кіреді»; мақалдың бірінде: «Ерлік  білекте  емес,  жүректе» хадисте де: «Ләйсә әшшәдиду биссурати иннәмә әш- шадиду әлләзи ямлику нәфсәһу индал ғадаби», «Күш

– білек күшімен емес, ақиқат күш ашу кезінде өз нәпсісін ұстай білгені» делінген. Қазақта: «Ағайын – ағайынның айнасы», хадисте: «әл-Муслиму мирәтул муслими», «Мұсылман – мұсылманның  айнасы».  Қазақта: «Басың  аман болсын десең, тіліңді тый», хадисте:  «Ихфаз лисәнәкә», «Тіліңді сақта, тый!»; қазақта: «Бөлінгенді бөрі жейді», хадисте: «Фил жамағати рәхмәтән, уә фил фирқәти азабин», «Жамағатта рақымдылық (берекет) бар, бөлінушілікте азап бар»; қазақта: «Ұят – ізгіліктің ұясы», хадисте: «әл-Хаяу лә яти иллә бихайрин», «Ұялу тек жақсылыққа алып келеді»; қазақта: «Адамның мейірімі екі көзінде», хадисте: «Мейірімділіктен қол үзген бүкіл жақсылықтан қол үзген болады»; қазақта: «Асыққан  –  шайтанның  ісі»,  хадисте: «Асықпау – Рахманнан (Аллаһтан), асығу – шайтаннан» деген. Қазақта: «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін», хадисте: «Жақсылықтың ең абзалы – әкесінің достарымен қарым-қатынасын үзбегені»;  қазақта: «Біреуге  өлім  тілегенше,  өзіңе өмір тіле», хадисте: «Өзгеге өлім тілемеңдер және оны көксемеңдер»; қазақта: «Батамен (дұғамен) ел көгереді, жаңбырмен жер көгереді», «Алтын алма, дұға ал, дұға алтын емес пе?» десе, хадисте: «Дұға – мүминнің қаруы, діннің тірегі, аспан мен жердің нұры» деген. 

Мұнда да «дұға» сөзі екі тілде де сөздік тұрғыдан да, мағыналық жағынан да бірдей ұғымда қолданылады.  Халықта:  «Еңбек  дос  көбейтеді, ғайбат  жау  көбейтеді»,  хадисте:  «Ғайбат  –  өз бауырыңды жек көретіндей еске алу» және т.б. осы тәрізді мақал-мәтелдер мен хадистердің мағыналық ұқсастықтары мен айтпақшы ойларының бір бағытта насихаттайтынын  көруге болады.  Сондай-ақ бұл мақал-мәтелдердің хадистерден енгенін дәлелдейтін нақты мағлұматтар  болмағанымен,  ондағы (қазақ мақал-мәтелдеріндегі)  кейбір аударылмай берілген араб сөздері арқылы айқындауға болады. 

Сонымен қатар,  тағы да бір айта кететін мәселе,  дін  жайындағы мақал-мәтелдер  кешегі кеңес дәуіріндегі  саяси идеологияға  байланысты жинаққа енгізілмей  келген  болса,  қазіргі кезде біршама енгізіліп  келеді.  Соның  нәтижесінде соңғы жарық көрген қазақ халқының  мақалдары мен мәтелдерінің толық жинағында Аллаһ тағалаға, дінге қатысты Құран, хадистерде кездесетін нақыл сөздердің біразы берілген. Мысалы, «А ллаға жағам десең азанды бол, ағайынға жағам десең қазанды бол»,  «Бей  намаздан  –  кей  намаз  жаман»,  «Көп қайда болса – Құдай сонда», т.б. Дегенмен, араб  тілінің сөйлем құрылысының нәтижесінде  дәлме-дәл келетін кейбір қазақ мақал- мәтелдері  де бар.  Мысалы, Пайғамбар  хадисінде:

«Әр дерттің дауасы бар. Дерттің дауасы табылып қолданылғанда Алла тағаланың рұқсатымен (көмегімен)  ауру  адам  жазылады»  деп айтылса, халқымыз  осы хадистің  бірінші сөйлемін қысқа әрі нұсқа түрде «Әр  дерттің  дауасы  бар»  деп мақалдатып  айтқан. Қазақтың: «Әрекет,  әрекет түбі  –  берекет»  деген мақалындағы  «әрекет», «берекет»  сөздері араб тілінен енген. Мұндағы «әрекет»  сөзі  бастауыштың  қызметін атқарса, «берекет» сөзі баяндауыштың қызметін атқарып, жалаң  жай сөйлем ретінде келген.  Бұл хадисте де «әл-харакату  бәрәкату»  қазақ тіліндегідей синтаксистік жүйемен келіп, мағынасы жағынан да сәйкес жұмсалған.

Біз  жоғарыда келтірген  Пайғамбар хадистері мен қазақ мақал-мәтелдерінің  ортақ ұғымда жиі кездесуі, хадистердің халықтық нақыл ретінде өмір сүруі  қазақ  ғұламаларының  мұсылманшылықты толық  қабылдауының нәтижесінде  туындаған. Қазақ халқының сан мың жылдық тарихында жиып-терген даналық сөздері мен, мақал-мәтелдері ұшан- теңіз. Әрине, мұншалық мол қазынаның  бір бөлігі исламмен тығыз байланыста екені даусыз.

БАТЫРЖАН МАНСҰРОВ


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk