Уағалейкумуссалам, Асылжан! Мүшел жас – қазақ халқының адам жасын есептеу үлгісі. Дәстүрлі қазақ қоғамында баланың 13 жасқа толуы алғашқы мүшел делінеді, одан кейінгі мүшел жасы әр 12 жыл қайталанған сайын есептеліп отырады. Ол 25-ке толғанда – екі мүшел, 37-ге толғанда – үш мүшел, 49-ға келгенде – төрт Мүшел, 61-ге келгенде бес мүшел деп есептеледі. Әр мүшел ішінде адамның өзіне тән ерекшеліктері мен болмысы қалыптасады.
Сіз айтқандай бұны ырыммен байланыстырып, мүшел жасты қауіпті кезең деп санап, аман-есен өтуі үшін құран бағыштап, өзінің қатты жақсы көретін киім-кешектерін жақын-жуықтарына тарату сияқты ырым жоралғылардың дінімізде негізі жоқ.
Шариғатта да, адамды құқықтық әрі әлеуметтік тұрғыда бірнеше категорияға бөледі:
1.Құрсақтағы (жәнин) шағы. Бала құрсақта пайда бола салысымен оның өзіндік құқықтары таңылады. Айталық өмірге келу құқы, тегі, мұрагер болу құқы т.б.
2.Сәбилік шағы. Мүмәйіз жасына, яғни, шамамен 6-7 жасқа келмеген шақ.
3. Мүмәйіз шағы. Ес кіріп, онды-солын тани бастап, әкенің насихатын тыңдайтын балиғат жасына дейінгі шақ (шамамен 7-12 жас). Бұл жастағы балаға намаз оқу, Құран оқу сияқты діни жол-жоралғылар үйретіле басталады. Бірақ міндеттелмейді. Силық алу, садақа алу, істеген жұмысының ақшасын алу сияқты оған пайда тигізер әрекеттерді өз бетінше қамқорының рұқсатынсыз жүргізе алады.+
4. Балиғатқа толған шағы. Бұл шақ қыздарда 9 жастан басталса, ер балдарда 12 жастан басталады. Бұның ең кеш уақыты қыздарда – 17 жас, ұлдарда – 18 жас. Балиғат жасына толған кісіге намаз, ораза, зекет, қылмысы үшін жаза т.б. діни міндеттемелер жүктеледі.
4. Рушд шағы. «Рушд» деп өз дүниесін далаға шашпай, өзін бостан-босқа шығынға ұшыратпайтын, меншігіндегі мал-мүлкінің қадірін жетік түсінетіндей ақыл-ойы толықтасқан кісіні айтамыз. Балиғат жасына келгенімен мал-дүниесінің қадірін жетік түсінбеген болса, құлшылыққа қатысты амалдармен міндеттеліп, жасаған қылмысы үшін жауапқа тартылғанымен, өз бетінше меншігіндегі мал-мүлкін жұмсау құқына ие емес.