wrapper

«Қазіргі таңда хадис кітаптары алдымызда, қай хадистің сахих, ал қайсысының әлсіз екені де белгілі. Олай болса, «мәзһаб ұстанудың қажеттілігі жоқ» дейтін түсінік мүлде дұрыс емес. Олай дейтініміз:

Біріншіден, фиқһта тек қана сахих хадистермен емес, кейде әлсіз хадиспен де амал етіледі. Мысалы, «әлсіз» делінген хадис басқа жолдармен риуаят етілсе, «Хасан ли ғайриһи», яғни басқа жолмен «жақсы» дәрежесіне көтеріледі. Ал мұндай хадиспен амал етуге әбден болады. Мысалы, Омар ибн Хаттабтан риуаят етілген хадисте былай делінеді: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) қолдарын дұға ету үшін көтерер болса, оны жүзіне сипамастан түсірмейтін еді»[1][1] Сондай-ақ, Ибн Аббастан риуаят етілген хадисте: «Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Алла тағаладан тілеген кезде алақандарыңның сыртымен емес, ішімен тілеңдер және алақандарыңды жүздеріңе сипаңдар»[2][2], – делінген.

Жоғарыдағы келтірген хадистердің барлығының дәрежесі әр хадисті жеке алғанда «әлсіз». Бірақ әлсіз хадис басқа да риуаяттармен келер болса, бірін-бірі қуаттағандықтан, хадистердің жалпы топтамасы «хасан» дәрежесіне жетеді. Ал «хасан» дәрежесіндегі хадиспен амал етуге әбден болады. Бұған қоса, Әбу Ханифа және басқа да көптеген фиқһ ғалымдары белгілі шарттарды негізге ала отырып сенімді кісілердің риуаят еткен «мурсал» дәрежесіндегі хадистерді де дәлелге қабылдайды.

Екіншіден, хадистердің сахих, әлсіз секілді дәрежелерінің белгілі болуы үкім шығару үшін жеткіліксіз. Себебі, хадистердің қайсысының үкімінің жалғасып, қайсысының мансұх болғанын білмек керек. Сондай-ақ қайсысының қай жерде айтылғанын білу үшін мыңдаған хадистерді толық оқып, ондағы нәзік мағыналарды бір-бірімен салыстырып бүтіндей білу қажет. Ал, мұның бәрін базарда саудада тұрған яки көлік жүргізіп жүрген қарапайым мұсылмандарды былай қойғанда, арнайы бес-алты жыл діни ілім алып шыққан маман да біле бермейді.

Мысалы, хадис кітабынан сахих хадис көрсем болды, сонымен амал ете беремін дейтіндерге: «Құранда: «Не айтқандарыңды білмейтіндей мас күйінде намазға жақындамаңдар...»[3][3] деген аят бар. Бұл аяттың Алладан келгендігене күмән жоқ. Ал енді осы аятты көре сала, амал етесің бе? Яғни, «Мас болмайтындай деңгейде арақ ішуге болады ма?», – десек, ол дереу: «Жоқ» бұл аятпен амал етуге болмайды. Себебі, бұл аяттың үкімі тоқтап, мәнсұх болған. Құранның араққа байланысты кейіннен түскен басқа да аяттарын саралап барып, үкім шығару керек. Яғни, мәселеге бүтіндей қарау қажет. Құранның «Мәида» сүресінде: «...Араққа мүлде жақындамаңдар!»[4][4] деген кейіннен түскен аяты бар», – деп жауап береді. Біз оларға «Жауабыңнан Құранның аяттарын көре сала амал етпейтінің белгілі болды. Бірақ неліктен сахих хадисті көрсем болды, сонымен амал етемін деп асығыстық жасайсың. Мыңдаған сахих хадистер бар. Олардың арасында да көптеген мәнсұх болып, үкімі жойылған хадистер бар емес пе? Бұған қоса бір ғана сахих хадистің өзін әртүрлі түсінуге болады ғой» деген уәж айтылса, мардымды жауап таба алмай жерге қарайды.


[1][1] әт-Тирмизи, 3308. Қосымша қараңыз: әл-Мустадрак алас-сахихайн лил-Хаким, 1923. Муснад Абд ибн Хамид, 40. әл-Муғжамул-әусат лит-Табарани, 7252.

[2][2] Әл-Мустадрак алас-сахихайн лил-Хаким, 1924. Және қосымша қараңыз: Әбу Дәәуід, Бабуд-Дуға. Муснад Абд ибн Хамид, 717.

[3][3] «Ниса» сүресі, 43-аят.

[4][4] «Маида» сүресі, 90-аят.

 


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk