wrapper

Алла Тағала біздің ғибадатымызға зәру ме? Неліктен біздің ғибадат етуімізді талап етіп, орындамағандарды азаптайтынын ескертуде?

Ұлы Жаратушымыз біздің құлшылығымызға да, тіпті жаратылыстағы еш нәрсеге де мұқтаж емес. Керісінше, барлық жаратылыс атаулы Оған мұқтаж. Ол – «Самад», яғни ешкімге мұқтаж емес, керісінше, барлық нәрсе Оның жәрдеміне, мейірімі мен шарапатына, түгесілмейтін қазынасына мұқтаж.

Адамзатты жоқтан жаратып, жерді оған құтты мекен, көкті жымыңдаған жұлдыздармен безендіріп, бейнебір өрнектелген күмбездей төбесіне көтеріп, алып Күнге жылуы мен жарығын толассыз төккізкен Ұлы Жаратушының өзі жаратқан әлжуаз адамның құлшылығына қандай мұқтаждығы болсын?! Өсімдік әлеміне, сан­алуан жеміс­жидегін шашу етіп шашқызып, күллі жан­жануарды қызметіне жүгіртіп, алдына салып берген Ұлы Құдіреттің өзі жаратқан әлсіз адамзаттың ғибадатына нендей мұқтаждығы болуы мүмкін?!

 Иә, біздің болар-болмас құлшылығымыз арқылы  күллі болмыс әлемін басқарып тұрған құдіретті Ұлы Иеміздің даңқы мен теңдессіз ұлылығына нендей даңқ қосылмақ?! Немесе біз ғибадат жасамасақ, оның шексіз ұлылығына қандай нұқсан келіп, таңғажайып cалтанатты патшалығынан не кеміп қалмақ? Біз ғибадат жасасақ та, жасамасақ та Ол задында даңқты, барлық мадақ­мақтауларға нағыз лайық, күллі ұлылықтың шынайы иесі емес пе?!

Ғибадат – Ұлы Шебердің мына ғаламдағы жаратылыс туындысына қарап, ондағы нақышталған құдіретінің, шеберлігінің, білімінің алдында таң қалып, бас шайқап, қайран қалудың нәтижесі, тіпті нағыз өзі болмақ.

Құлшылықтың түп мәні – Ұлы Алланың тегін берген сансыз ырыс­берекеті мен есеп­қисапсыз төккен жақсылығына құлдың мадақ айтып, Оны ұлықтап, зікір етуі арқылы алғыс, рақметін білдіруінде. Ал енді адамның Ұлы Иесіне осылай алғысын білдіруіне, адамдығына сай борышын өтеуіне, Оның алдында қарыздар екендігін мойындауына Ұлы Жаратушыны мұқтаж деу ақылға сыя қояр ма?!

Ғибадат –  адамның жүгі зіл-батпан мына дүниедегі барлық  мұқтаждығы мен қыжалат­керегін Ұлы Жаратушысына білдіруі, Оның алдында қолын жайып мінәжат етуі. Осы ісі арқылы адам баласының жүрегі жай тауып, шексіз рақатқа қауышады. Бойындағы ауыр жүк жеңілдейды. Ал бұған Алла емес, адамның мұқтаж екені айтпаса да түсінікті.

Ғибадат – адамның кемелденуіне, еш нәрсеге қанағаттанбаған рухы мен жүрегінің жай тауып, шексіз рахатқа қауышуына, денінің саулығына, сан­алуан сезімдерінің жетілуіне, мінез­құлқының толысып көркеюіне ықпал етеді.

Һәм ғибадат – «адал­арам» деп ажыратпай, «жақсы­жаман» деп талғамай әр нәрсені татқысы келетін тойымсыз асау нәпсісінің тізгінделіп, тәрбиеленуіне, қоғамда тыныштықтың орнауына, зуылдап өтіп жатқан уақытымыздың реттелінуіне, күнделікті ісіміздің жүйеленуіне ықпал жасайды. Ал мұның бәрі Алла Тағала үшін емес, біз үшін қажет.

Әрі ғибадатымыз арқылы уақытша, пәни әрі сан­алуан қиыншылықтарға толы мына дүниенің орнына ана дүниеде мәңгілік рахатқа, шексіз бақытқа қол жеткіземіз. Сөзсіз мұндай мәңгілік бақытқа Алла Тағала емес, біз зәруміз.

Алла Тағаланың мына дүниеде қойған белгілі заңдары мен шарттары бар. Осы заңдармен жүрудің пайдасы яки оны орындамаудың зияны тек бізге, яғни пенделерге тән. Мысалға,,  бау­бақшадан өнімді жеміс, егістіктен берекелі егін алу үшін оны жақсылап суғару, түбін қопсыту, түптеу, зиянды жәндіктерден қорғау үшін дәрі­дәрмек шашу сияқты белгілі заңдылықтарды орындауымыз керек. Иә, бұл шарттарды орындаудың пайдасы да, жалқауланып жатудың зияны да сол бау­бақшаның иесіне тән. Міне, осы тәрізді Ұлы Жаратушы біздің о дүниеде мәңгілік бақытқа қол жеткізуіміз үшін, жәннатқа лайық болуымыз үшін Өзінің бұйрықтары мен тыйымдарын қамтыған заң­қағидаларын, белгілі шарттарын қойған. Бұл бұйрықтарға құлақ асып, мойынсұнудың пайдасы мен сый­сияпаты адамға тимей қоймайтыны секілді, қарсы шығып, күнәға батудың да жазасы сол адамға тиеді. Бұл заңдарды бекіткен Ұлы Жаратушыға ешбір зиян да, пайда да келмек емес.

Иә, парыз етілген намазды оқудың сауабы мен оқымаудың жазасы адамға тиесілі. Адам баласы Хақ Тағаланың құзырында күніне бір сағат намаз оқуымен яки Оның берген мал­мүлкінің қырық та бірін зекет етіп мұқтаждарға таратуымен немесе Рамазан айында бір ай аш жүруі арқылы еш нәрсеге мұқтаж болмаған Алла Тағалаға нендей жәрдем беріп, Оның қандай қажетін өтей алмақ?

Адамға алма берген ағашқа қарап «Бізге күні түскендіктен берді» дей алмасымыз анық. Ал енді адамға қызмет етіп тұрған барлық өсімдік әлемін, жалпы жан­жануарды, күллі ғаламды жаратқан Ұлы Құдіретке қалайша «Мұның бәрін біздің ғибадатымызға мұқтаж болғандықтан жаратты» дей алмақпыз?!

Мейірімді дәрігер ауру жандарға жаны ашып, көмек көрсетпек  ниетпен тегін емдесе, ауру адамдар: «Бұл дәрігер бізді емдеуге зәру» дей ала ма?! Немесе, мейірімді дәрігер сол  ауру адамның ауруларына шипа болар әр түрлі дәрілерді «іш» деп  бұйырса, әлгі ауру жан: «Бұл дәрігер маған бұл дәрілерді ішкізуге зәру-ау, шамасы» демесі анық. Міне, тура осы сияқты Алла Тағала біздің екі дүниеде де бақытты болуымыз үшін, рухани дертіміздің дауасы ретінде намаз, ораза, зекет сияқты ғибадаттарды біздерге парыз еткен.

Сөз түйіні, Алла Тағала «Самад», «Ғани» яғни, ешбір нәрсеге мұқтаж емес, керісінше өте бай, күллі жаратылыс атаулы Оған мұқтаж. Сұрақтың жауабын осы жерде нүктелеп, мына бір тұсты баса айта кетуді жөн көріп отырмыз...

Егер Ұлы Жаратушымыз адам баласына  ғибадат жасауды парыз етпеді деп санаған күннің өзінде біздер Оның ұлылығы мен шексіз құдіретінің, теңдессіз шеберлігі мен ұлықтығының алдында таңғалып, өз еркімізбен бас иіп, Оның жалғыз Құдайлығын (улуһиәтын) мойындап жан тәнімізбен ұлықтауға, сан түрлі мақтау айтып ғибадат жасауға тиіс болар едік. Адамды жоқтан жаратып, һәм оған өзге жаратылыстардан үстем етіп ақыл-ой, сана-сезім сыйлаған, сан­алуан жақсылығы мен рызық­несібесін толассыз төгіп, айналасындағы күллі жаратылысты қызметіне жүгірткен Ұлы Иесіне адам баласының өз еркімен алғыс­шүкірін білдіруі, Оның алдындағы қарыздар екенін мойындап тағзым етуі оның ұмытылмас міндеті әрі адамдық қасиетінің асыл талабы болса керек.


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk