wrapper

Ислам – бейбітшілік діні, ол адамға өз туыстарымен жақсы қарым-қатынаста болуға бұйырады. Мұны қазақтың ағайын-туыспен тығыз қарым-қатынаста болуынан көреміз. Мысалы, біз кейде ата-анаға жақын ағайын-жұрт, нағашы жұрт, түпкі ата жұрт және т.б. атап жатамыз. Ата-анадан кейінгі орын ағайын-туысқа тиесілі. Ең жақын туыс – ата, әже, көке, апа, әке, ана, аға, іні, бауыр, әпке, сіңлі, қарындас және сол сияқты бұл тізбек рет-ретімен кете береді. Қазақ «Ағайын – бір өліде, бір тіріде» деп бекер айтпаған. Өйткені, ағайын дегенің қайғы жамылғаныңда ел болып келеді, қасыңда сүйеніш болады, қайғыңа ортақтасады, ал енді той болса, туыс келіп, қуанышыңмен бөліседі.
Сондықтан да туыспен қатынасты үзбей, арадағы байланысты нығайту – мұсылманның қасиетті борышы десек, артық айтқандық болмайды. Мұсылман туыстық байланысқа, ағайындармен арадағы қарым-қатынасқа мұқият қарайды: «Сондай-ақ, кейін иман келтіргендер, отандарынан ауғандар және сендермен бірге соғысқандар, міне, бұлар сендерден. Және туысқандар Алланың кітабында бір-біріне тағы жақын. Расында Алла барлық нәрсені толық біледі» (Әнфал: 75).

Ағайынға жылы сөйлеп, көрген жерде сәлем беріп, оның жағдайын біліп, денсаулығын сұрап, амандығын тiлеу – сауапты іс. Мұндай жақсы амалға немқұрайлық таныту мұсылман баласына лайық емес. Алла тағала ондай адамдарға лағынетін айтып, оларды соқырмен теңейді: «…сендер жер жүзінде бұзақылық істеу туыстық байланысты үзу ғана деп үміт етесіңдер ме? Оларға Алланың лағынеті болып, саңырау және соқыр қылынғандар» (Мұхаммед: 22-23).

Туыстық қатынас адамдардың арасында мейір-шапағатты оятады. Қоғамда адамдар туыс болып, бір-бірімен араласып, хабар алып тұрса, қоғамда бейбіт өмір орнайды. Әлеуметтік жағдайы жақсы адам тұрмысы төменге көмек қолын созса, дені сау адам сырқат кісінің жағдайын сұраса, ағайын арасында мейірімділік, сүйіспеншілік және сыйластық орнайды.

Бірде Алланың елшісінен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалар:
– Уа, Алланың елшісі! Кімге жақсылық жасайық (жақсылыққа лайықты жандардың ретін айтыңызшы), – деп сұрайды.
Сонда пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):
– Анаңа, кейін әкеңе, содан әпке-қарындастарыңа, сосын аға-інілеріңе және олардан кейін тұратын ағайындарыңа (туыстық жақындығына қарай жақсылық жасау) уәжіп һәм туыстық қатынас, – деп жауап берген.
Алла тағала Құранда, ал пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадисінде туыстық қатынасты мұсылманның міндеті әрі оның қандай болуы керектігі жөнінде айтқан. Егер адам мұсылман сипатына лайық ағайын-туыспен қарым-қатынаста бола білсе, онда ол Алланың алдындағы уәдесін орындаған саналады: «Олар сондай Алланың уәдесін орындағандар әрі серттерін бұзбағандар. Олар Алланың жалғасуы әмір етілген нәрсесін жалғастырып, Раббыларынан қорқа отырып, есебінің жаман болуынан қауіптенгендер» (Рағыд: 20-21).
Себебі, Алла тағала туыстық қатынастың жақсы болып жалғасуын әмір еткен. Сондықтан да, мұсылман егер Алланың бұл әмірін орындамасам, онда Оның алдына барған уақыттағы менің жағдайым мүшкіл болмақ деген қауіппен туыстық қатынасты үзбек емес.

Әбу Һурайрадан (р.а): «Алланың елшісі: «Кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, қонаққа құрмет қылсын. Кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, туыстық қатынасты жалғастырсын, сондай-ақ, кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, жақсы сөз айтсын немесе үн қатпасын», – деп айтты» деген риуаят келеді (Бұхари, Мүслім).

Келесі хадисінде туыстық қатынас туралы: «Туыстық байланысты жалғас-тырушы дегеніміз – сыйлық берген адам емес, бәлкім ағайынымен ренжісіп, кейін қайта байланыс орнатқан адам», – деген.

Хадисте пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) туыстық байланысты жалғастырушы деп туған-туыспен үздіксіз араласып отыратын кісіні айтып отыр. Мұндай адам қонаққа барғанда немесе туыстарымен кездескен уақытта оларға сый-құрмет көрсетіп, балаларына шамасы келгенше ойыншықтар сыйлап жатады. Мұндай адам үлгілі мұсылман. Ағайынмен ренжісіп, кейін Алланың разылығы үшін деп онымен қайта ағайындық қатынас құра белген адам – нағыз туыстық байланысты жалғастырушы. Себебі, ол өзінің менмендігін жеңді, оның туыстық байланысты қайта орнатуға жігері жетті. Сондықтан пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде мұндай адамды нағыз туыстық қатынасты жалғастырушы деп көрсетіп отыр. Мұндай қадамға кез келген адамның батылы жетпесі анық.

Алланың алдындағы мұсылманның уәдесіне қатысты Маймұн ибн Михран риуаятында пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқан: «Үш нәрседе мұсылман да, кәпір де бірдей: кімге уәде берген болсаң, мұсылман болса да, кәпір болса да уәдеңде тұр. Өйткені, уәде Алла тағала үшін. Кімнің туысы болса, мұсылман болса да, кәпір болса да туыстық қатынаста болсын. Кім саған аманатын сенсе, мұсылман болса да, кәпір болса да, аманатын қайтар».

Исламда міндет, борыш сияқты қасиетті ұғымдар пендесіне қатысты болған уақытта Алла тағала мұсылмен немесе кәпір, иманды, имансыз деп айырмайды. Себебі, Алла тағаланың тоқсан тоғыз есімдерінің бірі – Әділ. Сондықтан пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кімнің туысы мұсылман немесе қәпір болса да байланысын үзбеуге, алған аманатына қиянат жасамай иесіне қайтаруға бұйырады.

«Ол менің туысым болғанымен, намаз оқымайды» деп туыстық қатынасты үзуге немесе «Мұсылман емес адамның аманатына қиянат жасауға болады» деп аманатқа қиянат жасауға болмайды. Хадиcте айтылғандай, туыстық қатынаста адамның мұсылман немесе кәпір болуы ағайындық байланысқа кедергі келтірмеуі тиіс. Бірақ, өкінішке орай, біздің уахабизммен сусынданған кейбір азаматтарымыз мұндай қағидаларды елемейді. «Егер адам намаз оқымаса, онда ол кәпір», «Намаз оқымаған адаммен бір дастарқан басында отыруға болмайды», «Ата-анасы намаз оқымаса, балаларыңды оның балаларымен ойнатуға да болмайды», «Әке-шешең намаз оқымаса, олардың тілін алмай-ақ қой», «Намаз оқымайтын адамға қиянат жасау рұқсат» деген сияқты т.б. көптеген шынайы Исламға жат ұғымдарды ұстанатыны жасырын емес. Бұл сәләфизммен өзі ғана уланса мейлі ғой, қарап жүрмей мұсылмандыққа бет бұрған қанша жастарымызды алдап-арбап жатыр.

Бүгінгі сәләфилер: «Біз бидғат, ширк, күпірлік амалдармен күресіп жатырмыз», – деп қазақтың сан-ғасырлар бойы қалыптасқан мұсылмандық түсінігіне үлкенге құрмет, кішіге ізет, инабаттылық, сыпайылық деген сияқты құндылықтарымызды бұзып, мұсылмандар арасына іріткі салып жатыр. Мұны тек ҚМДБ имамдары мен қызметкер-лері ғана емес, отандық белгілі исламтанушы және дінтанушы мамандар да айтып жатыр. Сәләфилердің түсінігінде қазақшылыққа, салт-дәстүрге, отаншылдыққа орын жоқ десек қателеспейміз. Өздері сұсты, қатыгез болып келеді. Өздерінен басқаларды елемейді, тең азамат ретінде көрмейді. Осы теріс ағымға түсіп, ата-анасынан, ағайын-туысынан безіп, оқшауланып жүрген сәләфилер аз емес. Ал негізінде, мұсылман Алла тағалаға иман келтірген уақытта жалпы Құранда айтылған, хадисте көрсетілген талаптар мен жағдайларды орындауға уәде берген болып саналады. Егер ол осы айтылған міндеттерінің бірін орындамайтын болса, онда ол Аллаға берген уәдесін бұзғаны: «Олар (иман келтіріп), серт бергеннен кейін Алланың уәдесін бұзады да, Оның жалғасуы әмір етілген нәрсесін (туыстықты, бірлікті) бұзады. Сондай-ақ, жер бетінде бұзақылық істейді. Міне, осылар зиянға ұшыраушылар» (Бақара: 27).

Құранда туыстық қатынасты үзбеу әмір етілгендіктен, оны орындамаған адам Алла алдында күнә жасаушы һәм Оған берген уәдесін бұзушы. Бұл жағдай мұсылманның сипатына теріс, оған лайық амал емес. Туыстық қатынас – мұсылман үшін міндет. Бұл міндетті тиісті дәрежеде орындау біздің әрбіріміздің мұсылмандық және азаматтық борышымыз. Алла бізді адасушылықтан сақтасын.
Бағдат Абдукаримов,


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk