wrapper

Ассалаумағалейкум! Тісімді емдетіп жатыр ем, сіздерден сұрайын дегенім, алтын тіс салдыру шариғатқа қайшы емес пе?

Жауап

Уағалейкумассалам!

Жалпы алғанда, ер кісілерге алтынды әшекей ретінде тағуға рұқсат етілмейді. Әйел кісілердің алтын бұйымдарын қолдануларына рұқсат. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деді:

اِنَّ اللَّهَ عَزَّ وَجَلَّ أَحَلَّ لِإِنَاثِ أُمَّتِي الْحَرِيرَ وَالذَّهَبَ وَحَرَّمَهُ عَلَى ذُكُورِهَا

Алла Тағала үмметтімнің  ішіндегі әйел затына жібек пен алтынды адал етіп, ал ер затына арам етті[1].

Тура солай ер болсын, әйел болсын алтын немесе күмістен жасалған ыдыстардан ас, сусын ішуге дінімізде тыйым салынады.

Алтынды тек аса қажет жағдайларда денемізге енгізуге болады. Алтын тіс салу да бұған кіреді. Бұл мәселеге Ғарфажа ибн Асғад атты сахабаның келтірген мына дерегі негіз ретінде алынады:

أصيب أنفي يوم الكلاب في الجاهلية فاتخذت أنفاً من ورق فأنتن علي، فأمرني رسول الله صلى الله عليه وسلم أن أتخذ أنفاً من ذهب

«Жаһилиет (Исламға дейін надандық жайылған) дәуірінде «Киляб» атты шайқас күні мұрынымнан айырылдым. Сөйтіп күмістен өзіме мұрын жасап алдым. Уақыт өте келе күміс мұрыным иістеніп, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) маған алтыннан мұрын жасауға бұйырды)»[2].

Көпшілік ғұламаларымыз қажетті жағдайларда алтынды қолдану дұрыс болатынын айтады. Алтыннан белбеу, тіс жасатуға рұқсат. Себебі, күміс тіс жағымсыз иіс шығарады[3]. Ал алтынға ешқандай мұқтаждық тумай, тек тісті көркемдеу мақсатында орнатуға рұқсат етілмейді. Дұрысы Аллаға мәлім.

Дарханұлы Тамирлан
Нұр-Сұлтан қаласының пәтуаға жауапты маманы


[1] Имам Насаи жеткізген хадисі
[2] Имам Тирмизи жеткізген хадисі
[3] Ал-Кафи фил-фикһ ал-ханафи 1309 бет, Уаһби Сулеймен Ғауижи

Автор: Muslim.kz порталы


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk