Бір күні Әбу Һұрайра (р.а.) жұма күні мешітке кіріп «Біздің мешітімізге жоламасын!» - деп үш рет қайталап айтты. Сонда одан:
- Ей, Әбу Һұрайра, ол кім біздің мешітке жоламайтын, - деп жамағат ішіндегі кісі сұрады.
- Апа-қарындасынан, тума-туыстан қол үзген адам, - деп жауап берді ол. Сонда бір жас жігіт мешіттен шығып кетіпті. Ол өз туыстарымен екі жыл араласпай, хабарсыз кеткен екен. Кейіннен ол туыстарынан кешірім сұрап үйіне барады. Сонда одан туыстары:
- Сені қай жел айдап келді? - деп сұрайды.
- Мені айдап келген әбу һұрайраның аузынан шыққан жел, - деді.
- Ол кісі не деді?
- Ол кісі (р.а.) туыстарынан қол үзген адам мешітке жоламасын, - деді. Ол (р.а.) пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) бір нәрсе естіген болар, оны нақтылап сұрайық, - деп әбу Һұрайраның (р.а.) алдына барады. Сонда Әбу Һұрайра айтты:
- Мен Алланың Елшісінен (с.ғ.с.) естідім. Бейсенбі күні екінті намазынан кейін бүкіл жақсы амалдар айрықша көтеріледі. Жұма күнгі бір сағат тілек қабыл болады. Тек тума-туыстан, апа-қарындастан қол үзген адамдардың жақсы амалдары өзіне қайтады, - деді.