wrapper

Құлшылықта уақыттың қадірі ерекше орынға қойылған. Қажылық, ораза – белгілі айларда, мың айдан да қайырлы болған Қадір түні – белгілі түнде, күндердің сұлтаны – жұма күнінде, тіпті адамның ауыз ашып, ауыз бекітуі де белгілі сағаттар мен минуттарда атқарылады. Құлшылықтардың қабыл болуы уақытқа тікелей байланысты. Сол ұлы құлшылықтардың бірі намаз жайында және оның адам уақытын жүйелеуге тигізер септігі турасында сөз етпекшіміз.

Намаз  – діннің ең басты белгісі, ең басты рәмізі. Ислам дінінде пенде мен Раббының арасындағы тұрақты байланыс көпірі. Намаздың адам баласына берер рухани пайдасы өте көп. Алайда соның ішінде адамның уақытын жүйелеуге қатысты пайдалары сирек айтылады. Алла Тағала намаздың уақыты жайында былай деді: «Намазды кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқыңдар. Шүбәсіз, намаз мүміндерге белгілі уақыттарда парыз етілді» («Ниса» сүресі, 103 аят).

Қысқаша түсіндірмесі: Намазды барлық шартын ескере отырып, әр қимылын ерекше құлшыныспен орындаңдар. Мұсылман үшін әр намаздың өзіне тән уақыты бар. Сол себепті уақытында оқылған намаздың Алла үшін ең сүйкімді амалдан екенін естен шығармаңдар.

Жоғарыдағы аяттағы «белгілі уақыттарда» деген сөздің мағынасы әр парыз намаздың өз уақыты бар екенін білдіреді. Қандай жағдай болса да оның парызы сол уақыттан шықпайды. Уақыты өтіп кеткен намаз қаза саналады. Толыққанды сүннетін қосып оқыған қаза намаздан  уақытында тек парыздары ғана өтелген намаз әлдеқайда абзалырақ.

Басқа бір аятта Алла Тағала намазға және оның уақыттарына мұқият болу керектігі жайында былай дейді: «Бес уақыт намазға, әсіресе ортаңғы намазға өте мұқият болыңдар. Алла үшін намазға тұрып, алдында барынша кішірейіп, құлдық ұрып тұрыңдар» («Бақара» сүресі, 238-аят).

Қысқаша түсіндірмесі: Уа иман келтіргендер намаздарыңа әсіресе уақыттарына ерекше мұқият болыңдар! Әсіресе екінті намазының орны ерекше, ол намазды оқығаны жайлы Қияметте періштелер куәлік етеді. Намазда жүректің Алламен байлануы, әр қимылына ерекше мән бере отырып орындауың – кәміл намаздың көрінісі. 

Басқа бір аятта: «Күндіздің екі уақытында сондай-ақ түннің күндізге таяу уақыттарында намаз оқы. Шынында жақсылықтар жамандықтарды жояды. Бұл ойланып ғибрат алатындар үшін айтылған бірер насихат» («Һуд» сүресі, 114-аят).

Қысқаша түсіндірмесі: Намазды кемеліне келтіріп өз уақытында орында. Күндіздің екі уақытында бұл жерде бесін, екінті намаздары айтылған. Түннің күндізге таяу уақыттары деп таңсәрі, ақшам, құптан намаздарын айтқан. Ізгі амалдар соның ішінде бес уақыт намазды үзбей, кемеліне келтіріп оқу, намаз арасындағы кіші күнәларді өшіретіні жайында Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде жеткен. 

Намаздардың белгілі бір уақыттарда қайталануында қандай хикмет бар? Ең маңыздысына тоқталсақ.

Біріншіден, адамның жүрегін үздіксіз жасалатын күнәлардан  тазалап тұрады. Бұл сөздің мағынасы – адам өзін әрдайым жетілдіріп отырады. Әр намаз сайын кеткен қателерін саралап, болдырмау үшін әрекет қылады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бес уақыт намаздың мысалын былай сипаттаған: «Сен­дер­дің ара­ла­рың­нан бір адам­ның есі­гі­нің ал­дын­да өзен ағып, ол сол өзен­ге кү­ні­не бес рет шо­мыл­са, ол адам­да кір қа­ла­ ма?» - деп сұ­ра­ған­да, са­ха­ба­лар: «Жоқ, қал­майды», - деп жауап қайыра­ды. Сон­да Алла ел­ші­сі: (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Су­дың кір­ді тазалайтынын­дай, бес уа­қыт на­маз да кү­нә­лар­ды та­за­лайды» (Бұхари) деп мұсылмандарды сүйіншілеген. Бас­қа бір ха­дис­те: «Бес уақыт на­ма­з, жұ­мадан жұмаға дейін, Рамазаннан Рамазанға дейін үл­кен кү­нә жа­са­ма­ған адам­ның  кіші кү­нә­ла­ры­ кешіріледі» (Тирмизи). Яғни намаз оқу арқылы адам өзін күнәдан алшақ ұстайды, қателігін азайтып, шынайы мұсылманға тән сипатқа қадам басады. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Намаз – адам баласын арсыздықтан һәм жамандық атаулыдан тыяды. Ал Алланы үнемі еске алу – құлшылықтың ең үлкені, ең зоры. Алла сендердің не істеп жүргендеріңді толық біледі» («Анкабут» сүресі 45-аят) деген.

Қысқаша түсіндірмесі: Егер мұсылман жамағат намазына ерекше мән беріп, жүрегі намазға байланған күйде, қорқынышпен, әрбір әрекетіне зер салып, Раббысының алдында тұрғандай толық орындайтын болса, оның бойында күнә амалдарға қарсы тұратын қалқан пайда болады. Ол әрбір сөзіне, әрекетіне мән беріп Алланың бекіткен шеңберінен аспауға тырысады.

Екіншіден, қателіктер жасаса, дұрыстауға асығады. Қателеспейтін адам болмайды, адам табиғаты қателік жасауға бейім тұрады. Бір қателік екінші қателікке ұлысып кетпеудің бірден-бір жолы – намаз. Бес уақыт намаз адамды әрдайым оятып, тәубесіне келтіріп, қателік үстіне қателік жамамауына тосқауыл болады.

Үшіншіден, бір күнде бес уақыт намаздың осылайша үлестірілуі адам мен Жаратушының байланысын білдіреді. Адам өзіне деген бақылаудың азайғанын сезсе, еркінсіп кетуі мүмкін. Қарапайым мысал, жұмыс орнында бақылау камерасы болса, қызметкерлердің жұмыс өнімділігі артады, жұмыстан тыс оғаш қылықтар жасамауға тырысады. Бес уақыт намаз оқыған адамның да жағдайы осылай – әрдайым Алланың бақылауында екенін шынайы сезінеді.

Төртіншіден, намаз адамды тәртіпке, жүйеге үйретеді. Бес уақыт намазына берік әрі намазды өз уақытында оқитын адам, басқа да істерінде осы тәртіпті ұстанады. Намаз уақытына немқұрайлы қараған адам күнделікті өмірдегі уақытына да немқұрайлық танытуы әбден мүмкін.

Намаз белгілі уақыттармен бекітілген. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Шүбәсіз, намаз мүміндерге белгілі уақыттарда (яғни әр намаз өз уақытында өтелсін деп) парыз етілді» («Ниса» сүресі, 103-аят).

Кез келген маңызды іс жүзеге асуы үшін нақты уақыт белгіленуі тиіс егер уақыт белгіленбесе, ол іске немқұрайлық танытуы мүмкін. Нақты уақыты белгіленгенде ғана амалдың маңызы артады. Бұл кез келген іске де қатысты. Егер уақыт белгіленбесе, адам ол істі кейінге қалдырып немесе мүлдем орындамауы мүмкін. Бесін намазын екінті намазының кезінде орындай алмағаны секілді ақшамды құптанның уақытында орындай алмайсыз. Намазды уақыты кірген кезден бастап қана оқи аласыз, оған дейін оқи алмайсыз. Намазды уақытынан кешіктірмей оқыған сайын оның сауабы да артады. Сол секілді адамдардың күнделікті істерін де уақытында орындағаны абзал. Яғни бүгінгі істейтін істі ертеңге қалдырмаңыз. Жастайынан намазын уақытында оқуға дағдыланған адам істеріне де ұқыпты болады. Намаз оқыған адам әрдайым сергек жүреді. Бесін намазын оқыған адам келесі екінті намазын орындау керек екенін есінен шығармайды. Оның кіретін уақытын дәл сағатына, минутына дейін біледі. Бұл – адамның өзін тәртіпке үйретуі.

Уақыттың келмеске кетіп жылжуы, түннен кейін күннің келуі, таңның алғашқы шапағынан кеңістікті қақ жарған азан үнінің естілуі, бұны естіген адамның сол сәтте бойындағы нәпсісін жеңе отырып, намазға тұруы оның ерік-жігері жоғары екенін көрсетеді. Жалпы ерте тұру адам үшін кез келген жағынан да берекелі. Бабаларымыздың нақылында «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» делінеді. Бұл мәтелдің мәні төмендегі хадистен алынғандай. Сахр әл-Ғамиди (р.а.) жеткізген риуаятта Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алла! Үмбетімнің ерте тұрғанына береке бер!» (Әбу Дауд) деп дұға қылған.

Күн аспан төрінен ауған кезде адамдардың дүние қызығына батқан шақтарында тағы бір мәрте азан айтылып, бесін намазына адамдарды шақырады. Бұл – адамның таң бозара атқаннан бергі әрекетінен кейін сәл тынығуы. Тынығу – тек дене тынығуы емес, сонымен қатар рухани азықтану. Асықпай дәрет алғаннан кейін адам қайта серпін алып, бойына күш біткендей болады.

Әр заттың көлеңкесі өзінен асып, күн батысқа қарай бет алған кезде үшінші мәрте азан айтылып, екінті намазына шақырылады. Көп адамның белсенділігі күн ауа дәл таңертеңгі уақыттағы секілді болмайды. Сол себепті үзіліс уақыты да жақынырақ. Күн ұясына батып көкжиектен ғайып болып, күндізгі уақыттың аяқталып, түннің алғашқы уақыты басталған сәтін білдіру үшін төртінші мәрте азан айтылады. Ең соңында күн сәулесі мүлдем жойылып, түн шапанын киген кезде ең соңғы рет азан айтылып, құптан намазы оқылады. Күні бойы жасаған істерін бір мәрте көз алдынан өткізіп, өзінше қорытынды жасайды.  Қарап отырсақ, адам күнін азанмен атырып, азанмен батырады. Адамның шыр етіп өмірге келуі азанмен басталып, ақтық сапарға кетуі намазбен аяқталады. Бұл адам өмірінің тым қысқалығын көрсетеді.

Намазды уақытында оқу – Алла құзырындағы ең сүйікті амал. Ибн Аббастан жеткен хадисте: Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла құзырында ең сүйікті амал қайсы?» деп сұрадым. Ол: «Уақытында оқылған намаз», – деді (Муслим). Бұл тек намазға ған қатысты емес кез келген істі өз уақытында істеген абзал.

Төмендегі сұрақтарға шынайы түрде жауап берші.

  • Намаздарыңа мұқиятсың ба?
  • Намазыңа он балл мөлшерде қанша баға берер едің?
  • Бес уақыт намазыңның нешеуін мешітте жамағатпен оқисың?
  • Бес уақыт намаздың уақытын жатқа білесің бе?
  • Намазыңнан рухани ләззат аласың ба?
  • Уақытыңды үнемдеуде намаздың қаншалықты пайдасы бар?

Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk