wrapper

Тимур әулетінің басшыларынан Шахырух (779-850) тұсында харам нәрселерден бойын аулақ салып, алыс жүруімен танылған Нығметуллаһ деген өте діндар бір кісі болыпты. Төмендегі жайт сол кісінің осы мәселе төңірегіндегі зеректігін көрсетпек.

Шахырух бір күні құзырына сәлем бере келген Нығметуллаһқа тиісе: «Естуімше, жіберілген сый-сыяпаттан тартынбай жей беретін көрінесің. Сый-сияпаттың арасында харам жолмен келу ықтималының бар екендігін осы уақытқа дейін білмегенің бе? Білсең соны ескермей қалай жей бересің?», - деп сұрақ қойыпты.

Нығметуллаһ бұған:

- Бізге астың харам жағы емес, адал жағы ғана бұйырады. Құл харам жемесем екен деп барынша тырысса, Алла да оған харам нәрсе жегізбейді. Мендегі сыр – осы,- деп жауап беріпті.

Бұны естіген патша сөзін дәлелдемек болып, қала шетінде жалғыз қозысын бағып жүрген әйелдің қолындағы қозысын тартып алдыртады. Қозы бірден сойылып, еті қазанға салынып, харам жемейтін Нығметуллаһ әдейі қонаққа шақыртылады. Ол кісі де «шақырғаннан қалма» демекші, бірден-ақ келісімін береді. Хан сарайындағылар енді қайтер екен дегендей нәтижені тыпырши күтеді. Әне-міне дегенше, табақ-табақ ет те тартылып, Нығметуллаһ та, уәзірлер де аса бір тәбетпен  алдарындағы асты  жеп бітіреді. Нығметуллаһ болса, арасында Алла Тағаланың берген нығметіне жиі-жиі шүкір етіп отырады.

Әбден болды-ау деген кезде Шахырух жымиып:

- Оу, сіз «Харамнан қашатын құлдарын Алла қорғайды, тіпті харамнан жегізбейді» деген едіңіз. Жаңа ғана сіз жеген ет бір әйелден күштеп тартып алынған харам малдың еті болатын. Алла сені сақтамағаны ма, бұған не дейсің? - депті мысқылдай.

Нығметуллаһ әуелгі қалпын бұзбастан:

- Менің жегенім адал екеніне күмәніңіз болмасын. Ал, сіздердің жегендеріңіз анық харам. Сенбесеңіздер, малынан айрылған әлгі әйелді шақырып сұраңдар, - депті.

Шахырух адамдарын дереу жібертіп, әлгі әйелді алдыртып, жайып жүрген қозысының мән-жайын сұрағанда, ол ештеңе түсінбестен:

- Осы жақта Нығметуллаһ деген құдайға қараған, тақуа, діндар адам жайлы көп естіп, қозымды сол кісіге апарып, игі батасын алмақшы едім. Соған апара жатқам. Сіздер болса, менен оны тартып алып, сол кісіге тиесілі үлесті жеп қойдыңыздар, харам жедіңіздер, - депті.

Харамнан қолынан келгенше сақтанғанды Алла та сақтайтынын осылайша дәлелдеген Нығметуллаһ кейіннен Кирманда дүниеден өтті.  (Алла одан разы болсын).


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk