wrapper

Лұқпан хакім Алланың әулие құлдарының бірі болумен қатар әдеппен сөйлейтін, парасат-пайымы жоғары кісі болған. Тіпті Құранда да оның мадақталған тұсы кездеседі. Дәуіт пайғамбардың тұсында өмір сүрген ол қара нәсілді құл болған екен. Алайда әдемі сөздерімен, ерекше білімдарлығымен басқалардан оқ бойы озық тұрған.

 Осыны аңғарған біреу оған бір жолы:

- Мал баққан қойшы болсаң да, ел осы неліктен сенің сөзіңе құмар? - деп сұрағанда, ол:

- Өйткені мен көзімді харамға жұмдым, тым еркіне жібермей тілімді тістедім, аз тамақтандым, уәдемде тұрдым, маған қатысы жоқ нәрселерге көңіл аудармадым, - деп жауап берген екен.

 Лұқпанның қожайыны бір қой сойып, соның ең жақсы жерінен кесіп әкелуін тапсырғанда, ол ойланып жатпастан сойған қойының тілі мен жүрегін кесіп әкелген екен. Қожайыны оған артынша тағы бір қой сойып, бұл жолы ең жаман екі жерін кесіп алып таста дегенде, ол тағы да ойланып жатпастан қойдың тілі мен жүрегін кесіп алып тастаған екен.

Бұған таңғалған қожайыны оның мәнісін сұрағанда, ол:

- Таза болса, тіл мен жүректен асқан жақсы нәрсе жоқ, ал арам болса, тағы да тіл мен жүректен асқан жаман нәрсе болмайды, - деп түсіндірген екен.

Одан бір күні:

- Адамдардың қайсысы білімдірек? - деп сұрағанда, ол:

- Басқалардың білімінен көбірек пайдалана отырып, өз білімін арттыра түскендер, - деп жауап берген.

Мына даналық сөздерді де сол айтқан:

- Төрт жерде: төрт нәрсені сақтау, екі нәрсені ұмытпау, екі нәрсені керісінше тез ұмыту керек. Сақталатын нәрселер: намазда ой, халық арасында тіл, ас келгенде өңеш, қонақта отырғанда көзді сақтау керек. Ұмытпайтын нәрселер: Алланың ұлылығы мен өлім. Тез ұмыту керек нәрсе - біреуге жасаған жақсылығың мен саған жасаған басқаның жамандығы.


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk