wrapper

Өмірлік жар таңдау – ең маңызды шешім. Бойдақ өзіне жар таңдауда бірқатар адамдардың кеңесін таразылайды. «Әке-шешем айтқандай болады» дегенімен, көбіне іштей замандастарының пікіріне тоқтам жасайтын секілді. Осыған орай, шариғи кеңеске де құлақ түрсе артықтығы болмас еді.

Мұсылманның бұл пәни дүниеде таухид сенімнен кейінгі тапқан ең қымбат олжасы иманды әйел. Хадисте: «Мына жалған дүние бүтіндей өткінші дүниеден құралған. Бұл жалғанның ең қайырлы дүниесі – ізгі әйел» деп айтылған екен.

Әйел – ер азаматтың үй бикесі, өмірік жолдасы және перзенттерінің анасы. Сонымен қатар, мұсылманның ар-намысы мен мал-мүлкін сақтаушы да сол әйелі. Егер ер жігіттің таңдап қосылған қосағы ізгі болса, дүниеде берілген жақсылықтардың бірі осы болмақ. Және де Алланың берген нығметтерінің ішіндегі ең үлкені де осы – иманды әйел.

Расында, ізгі әйел шаңырақтың берекесі ғана емес, сонымен бірге, ер азаматтың иманына да үлкен үлес қосатындығы жайлы да мынандай хадис бар: «Алла кімге ізгі әйел нәсіп етсе, (дінінің) жартысына жәрдем еткені. Қалған жартысына сақ болып, Аллаға тақуалық етсін» делінген.

 «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деген қазақ. Демек, отау тігіп, шаңырақ көтеру, ризық-несібенің молаюуына және жақсылық есіктерінің ашылуына бірден-бір себеп. Бұл жөнінде хазіреті Әбу Бакір (р.а.): «Алланың сендерге неке жайлы айтқан әміріне бой ұсыныңдар, сонда Алла сендерге уәде еткен кеңшілігін (молшылығын) береді» деп: «Егер олар кедей болса, Алла өз кеңшілігімен оларды байытады. Алла – кеңшілік Иесі, толық Білуші[1]» деген аятты оқиды[2]».

Сонымен бірге, ардақты пайғамбар (с.ғ.с.) «Үш түрлі адамға Алла міндетті түрде жәрдем етеді: Алла жолында күресіп (яғни қызмет етіп) жүрген жанға, пәктікті қалап үйленбек болған кісіге және қожайынынан өз бостандығын сатып алушы құлға» деген екен.

Ибн Мажа сүнәнінде: «Аллаға деген тақуалығынан кейін мүмин үшін ізгі әйелден артық қазына жоқ. Ізгі әйел күйеуінің тілін алады. Күйеуі мұндай жарының жүзіне қараса, жаны жадырайды. Күйеуі істе деген шаруаны орындап, істеме дегенге жоламайды. Сондай-ақ, күйеуінің сырын, ар-намысы мен абыройын сақтайды. Күйеуі жоқ кезде қиянат етпейді» деген хадис бар.

Шынында, әйел заты өзі таңдап, етегінен ұстаған азаматтың көңілінен шыға білмесе отбасылық өмірдің мәні құрып, шырқы бұзылары анық. Шаңырақтың шайқалмауына екеуінің шынайы сезімінен бөлек имани қарым-қатынастың да қосар үлесі мол.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жар іздеген жігіттердің әйелдің бойындағы сиқырлаушы сұлулығына, мол дүниесіне және танымалы тегіне қатты қызығатынын көрген. Әйелдің діндарлығы мен имандылығына аса мән бермейтіндігін байқаған. Алайда, жақсылықтың барлығы иманда. Имансыз әйелдің сұлулығы, тегі тіпті дүниесі де ешбір пайда бермейді.

Жар таңдауда жаңылысқан жігіттерге қатысты айтылған мынадай хадис бар: «Әйелдерге тек сұлулығы үшін ғана үйленбеңдер, сұлулығы оларды тәкаппар етуі мүмкін. Әйелдерге дүниесі үшін ғана үйленбеңдер, мал-мүлкі оларды шектен шығаруы мүмкін. Расында қара тәнді иманды әйел текті де дәулетті және көрікті бірақ дінсіз болған әйелден абзал[3]».

Мұндай жігіттер маңдай терін төкпей қыз төркіні есебінен тұрмысын түзеп, бай болам деп жүріп бейшара кейіпке енеді. Қазақ «Кедейлік ұят емес, байлық мұрат емес» деген. Әрбір ер азамат ризық-несібесін өз еңбегімен тапқанға не жетсін?! Ал, жар таңдауда үлкен болашақты ойлау қажет. Таңдап тұрған қыздың ертеңгі күні әке-шешеге ибалы келін, перзенттерге перизат ана, ал өзіне адал жар болуын ойлағаны жөн.

Абай Хакімнің:

Жасаулы деп, малды деп байдан алма.

Кедей қызы арзан деп құмарланба.

Ары бар, ақылы бар ұяты бар

Ата-ананың қызынан ғапыл қалма - деген сөзі де осы хадистің түсіндірмесі іспетті.

Руслан ҚАМБАР, 

Исламтанушы


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk