wrapper

Құлдың құлшылығы

Бір нәрсені түйсікпен түсінуіміз тиіс: Алла адамға не бұйырса, ол пенденің пайдасы үшін. Айта кетер тағы бір нәрсе: «Жаратушы адам баласына ауырлық жүктемейді. Алла бізге жеңілдік қалайды, ауырлық қаламайды» («Бақара» сүресі, 185-аят). Пенде – періште емес. Құдай құлына нәпсіні нәсіп етті. Адам – айуан емес. Алла адамға ақыл берді. Ақыл мен қалауды қалай пайдаланамыз? Қайсысын таңдаймыз? Ерік – өзімізде. «Жақсы болса, өзімнен, жаман болса, өзімнен», – деген қазақы тәмсілмен түйіндесек те жетеді.

Кіріспеге көп кідірмейік. Бір әріптесім намаздың денсаулыққа пайдасы хақында пікірімді сұрап еді. Медицина маманы болмасам да, білген-түйгенімді ортаға сап, оқырманмен ой бөліспек ниетпен қолға қалам алған едім.
Намаз… Біреудің зейнет жасына (жеткен соң» (бір қадам мен екінші қадамының арасында не боларын пайғамбарлар да білмеген – А.Қ.) атқаратын амалы. «Намаз – шал-шауқандардың шаруасы ғой», – деген көзқараста жүрген қаракөздер де аз емес. Намаз – біреудің қиналғанда қорғанышы, қуанғанда шүкір айтар құлшы-лығы. Бұқар баба даналығындағы: «Бесінші тілек тілеңіз, Бес уақыт бес намаз, Бірі қаза болмасқа», – дейтін сөзге құлақ асқан құлдың ғибадаты.

Істің пайдасы болмаса, былқ ете қоймайтын пендеміз. Намаздың пайдасы, бір сөзбен айтқанда – екі дүние бақыты. Оның денсау-лыққа тигізер оң әсерін әңгімелесек.

Профессордың пайымы

Медицина ғылымдарының докторы, ресейлік ғалым Б.Алякринский ғылыми жаңалық ашты. Профессордың пайым-дауынша, жерде тіршілік атаулыға түрлі әсер ететін сәуле бар. Бұған дейін белгісіз болып келген сәуле аспаннан келетін көрінеді. Осылайша, адам ағзасында тәулігіне бес рет үлкен биологиялық толқын өтеді екен. Бұл жағдай біздің планетамыздың өз орбитасындағы күнді айнала қозғалу құбылысы арқылы жүзеге асатыны дәлелденді. Бұл биологиялық толқын сіз бен біз оқып жүрген бес уақыт намаздың уақытымен тұспа-тұс келеді. Толқын 10-15 минут шамасында қозғалыста болады. 1-2 сағаттан кейін қозғалысы баяулап, тоқтайды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өз үмбетіне на-мазды өз уақытында оқуды өсиет етуінің бір сыры осында жатса керек. «Алла құзырын-дағы жақсы амал – өз уақытында оқылған намаз». Бұл хадистің ғылыми негізі барын ғалымдар дәлелдеуде.

Медицина ғылымдарының кандидаты, тағы бір ресейлік ғалым Магомед Магомедовтың мына бір ғылыми тұжырым-дамасын мойындауға мәжбүрміз. Ол ғылыми мақаласында былай деп жазады: «Намаз адам ағзасындағы қан айналым жүйесіне жақсы әсер етеді. Күнделікті күйбең тіршілікті бір сәтке ұмытып құлшылық қылған адамның мидағы жасушалары тынығады әрі оның жүйке жүйесі жақсарады. Тағы бір ғажап құбылысты айтқым келеді. Жүрек жұмысын жақсартып, мидағы ұсақ қан тамырлардың жарылып кетуінің алдын алатын табиғи күш бар. Ол намаздағы «Әттахият» дұғасын оқудағы отырыс пен сәжде жасау кезінде орындалады. Бұдан басқа біз біле бермейтін дүниелер көп».

Мейірімділердің мейірімі

Бірде бір бауырым әсерлі әңгімесімен бөлісті. Қызық екен.
– Бір күні сырқаттанып, ауруханаға түстім, – деп бастады ол әңгімесін. – Сөйтіп, мені жүйке аурулар бөліміне жатқызды. 5 адамдық палатада әртүрлі ауруға шалдыққан кісілер бар екен. Дәрігерлер күн сайын науқастарды тексеріп, әрқайсысына әртүрлі кеңесін айтып кетеді. Мен сол жерде таңқаларлық оқиғаның куәсі болдым. Дәрігер бізге бұлшық еттің, сіңір мен жүйке жүйесінің дұрыс жұмыс істеуі үшін жиі жаттығу жасау қажеттігін айтты. Тізесі бүгілмей қалған адамға дәрігер: «Аяғыңызды былай қимылдатыңыз», – деді. Ал мойын омыртқасы ауыратын кісіге қалай жаттығу жасау керегін көрсетті. Бұл іс-қимылдар маған таныс болып кеткен. Себебі, біз оны күнделікті бес уақыт намазда қайталаймыз. Осыдан кейін мен Алланың адамдарға деген мейірімінің шексіздігін түсіндім. Алла бізге шамасы келмейтін амалды бұйырмайды.

Сөз соңы

Көлікті ойлап тапқан маман мәшинеге қажетті дүниенің бәрін біледі. Тіпті, ол қозғалтқыш майын артық не кем құйып қойғанда, көлікке зиян келетінін қатаң ескертеді. Оның да өз өлшемі бар. Сол секілді, адамды жаратқан Алла пендеге пайда мен зиянды, ақ пен қараны Құранда ажыратып, айқындап берді. Қараны (бұрыс жолды) таңдасақ, күніміз қараң, ақты (дұрыс жолды) таңдасақ, Алла алдымыздан жарылқамақ. «Аққа Құдай да жақ».

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ, 
ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk