wrapper

Қазақта жақсы бала тәрбиелеп-өсірген әйелді «алтын құрсақты ана» деп айту қалыптасқан. Бұл – текке айтылмайтын теңеу. Жаны жақсы, ділі иманды әйелдің құрсағындағы бала да жақсылықтан нәр алып жатады. «Алтын құрсақта» жатып жетілген баланың өмірге келген соң ананың ақ сүтімен бойына дарыған, тәрбиесімен сүйекке сіңген жақсы қасиеттер өмірінің мәніне айналады. Көп бала туғанмен, оларды дұрыс тәрбиелей алмаса, ата-анасына да, қоғамға да шарапаты тимесе, ол көптен не пайда?.. Сондықтан «алтын құрсақ» тіркесінің мәні тереңде, мәселе баланың санында емес, сапасында.

Өмір деген «қасиетті қақпадан» енді ғана енген сәбидің еститіні – ананың үні, көретіні – ата-анасының қарым-қатынасы, сондықтан баланың қалыптасуындағы отбасының орнын ештеңе алмастыра алмайды. Атасы мен әжесінің  ұлағатын ұғынып, шуағына шомылып, ата-анасының қамқорлығын көрген баланың иманды, көргенді, мейірімді болып өсетіні анық. Мейірім мен махаббаттың шырақшысы – ата-ана. Мейірімге қанбаған, сүйіспеншілікпен суарылмаған баладан қандай мейірім күтуге болады?.. Мейірім көрсетсең, мейірім көресің. Алла өмір берсе, қарттық ешкім қашып құтыла алмайтын – өмір заңдылығы. Сондықтан, қартайған шақта құрмет көруді ойлаған адам ертеңгі қамқоршысы болатын ұрпағының тәрбиесіне бір сәт те салғырт қарамаса, парасат-пайымыңызбен өлшенетін абырой-беделіңіз асқақтай түсері анық.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп бабаларымыз текке айтпаған, ананың сүтімен, әкенің қанымен бойға сіңген қасиет – жеткіншек өмірінің бағдаршамы іспетті. Әке – отбасының тірегі болса, ана – берекесі. Бақытын баладан іздейтін ата-ана «не ексе; соны оратынын» біліп, өзінің  әрбір сөзі мен әрекетіне мән бергені ләзім. Отбасылық, ағайындық, туыстық қарым-қатынастарды үйрететін, қазақ шаңырағына ғана тән, жазылмаған қағидалар – әдептілікке тәрбиелеудің үлкен мектебі.

Енді ғана өмір есігін ашып,  жарық дүниенің өзіне беймәлім сырларына қызыға қарайтын сәбидің көргені мен естігендері тасқа жазылған хаттай санасына сақтала береді. Сондықтан, біз қаласақ та, қаламасақ та балалардың өзінен үлкендерге қарайтыны – өмір заңдылығы.

Жастарға айта алатын кемел ойы, терең ақылы, парасатты пікірі болмаса, Абайша айтқанда, «сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық» болмай ма?.. Жүріс-тұрысы, көзқарасы, киім киісі, сөз мәнерімен-ақ көп нәрсені ұқтыратын үлкендердің әрбір әрекеті – балаларға өнеге. Көрген-білгенін өрнекті оймен жеткізе алатын, өзіндік пікірі бар, сөйлер сөзін, жүрер жөнін білетін салдарлы адамнан салмақты ой шығатыны мәлім. Жоғары білімі болмаса да, көкірегі сайрап тұрған, көңілі ояу бұрынғы үлкендердің «көргенсіз, имансыз деген өте ауыр сөз, сүйегімізді сырқырататын ондай қарғысқа ұшырай көрме» деген ұлағатты пікірінде қандай зіл батпан салмақ жатыр десеңші. Аузы дуалы, сөзі уәлі ата-әжелеріміз балалары мен немерелерінің ар-ұяттан аттамай, иманды болып өсуін қадағалаған. Бүкіл ізгілік пен жақсылықтың имандылықтан бастау алатынын білген қарттар ұлының ұятты, қызының ибалы болып өсуіне күш салған. Өйткені, олардың өз жаны имандылық шуағына бөленген еді.

Поэзия падишасы  М.Мақатаевтың:

«Ақ бұлт бар, қара бұлт бар,

Қарап тұрсаң, аспанда да алалық бар.

Қарттар бар, ішінде шалалық бар,

Жастар бар, ішінде даналық бар», – деген өлең жолдарынан пайымды  ой түйіндеуге болады.

Даналық пен ақылдың кені халық мұралары – қазақтың ұлттық тәрбиесінің  айнасы. Ақылгөй абыз бабаларымыз көз көріп, көңіл қаныққан өмір сабақтарын екі ауыз сөздің аясына сыйғызып, түйінді оймен қалдырып кеткен. Ата-бабаларымыздан бастау алып, сан ғасырлар бойы адамгершілік пен ізгілікті дәріптеген қазақтың дәстүрлі құндылықтары келешек ұрпақ үшін де рухани азық болып қала берері хақ.

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген ұлағатты ойдың түптамыры отбасына келіп тірелетіні аян. Өйткені, адамның тұлға болып қалыптасатын кезі – балалық шақ. «Жаста берген тәрбие жас қайыңды игендей» болатыны анық. Рухы мықты, танымы терең бала – кемел келешегіңіздің кепілі. Сондықтан адамгершілік, ізгілік, мейірімділік секілді ізгі қасиеттерді баланың бойына балғын шағында сіңіру керек.

Ақпараттар ағыны сел болып жатқан қазіргі қоғамда ұрпақты отбасы тәрбиесімен ғана шектеу мүмкін емес екені белгілі. Бірақ жұрттың қаңсығын таңсық қылмауға балаларымызды баулысақ, белең алып бара жатқан «кеселдерден» сақтандырар едік. Жаман нәрсе тез жұққыш келеді, «қолымызды мезгілінен кеш сермесек», өкінгеннен не пайда?.. Ұрпағымыздың жүрегіне иман, бойына намыс, қанына қазақы рухтың дәнін ексек, құнарлы топырақтың жақсы өнім беретініндей болары анық.

Кейбір адамдардың ата-ана алдындағы парызға, перзент алдындағы борышқа, отбасы алдындағы міндетке салғырт қарауы, мейірім-шапағаттың кемуі, рухани жұтаңдық – қазіргі қоғамдағы ащы шындық. Ұлттық үрдісті бұрынғыдан да жандандырып, бағасын кемітпей, қадірін қашырмай ғасырлар көшіне ілестіру – аға ұрпақ алдындағы қасиетті борыш. Ұрпағының ұсақталмауын қадағалап, ар тазалығы мен жан тазалығын алдыңғы орынға қойған бабалар үрдісін жалғастыру, «текті жердің баласы» деген үлкен сенімнің үдесінен шығатындай ұрпақ тәрбиелеу – баласынан рахат көргісі келетін әрбір ата-ананың міндеті.

С.Дуанаева, ф.ғ.к.


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk