wrapper

Өзімен бірге қуанышқа толы көтеріңкі көңіл, құт – береке әкелген, жүрек дүрсілі тек Раббысына болған махаббаттан парлатып жас төккен түндер, жыл бойына көкейде қаланған шерді айтып тәубе етер, еңіреп сырласар күндер адамзаттың құлшылығына құшақ жайған – айлардың патшасы Рамазан, еліме қош келдің!

Рамазан айы – тозақ қақпалары жабылып, жәннат қақпаларының айқара ашылатын қасиетті ай. Тіпті Жаратушы Алланың пенделеріне болған махаббаты мен мейірімі соншалық осы бір ай көлемін толық құлшылықпен қамтып, отыз күнді маңызды үш кезеңге бөлді. Айдың ақырына үш күн қалғанда барып  27-түні, әрбір пенденің тағдыры жазылатын түн және дұға-тілегі қабыл болатын түн деп белгіледі.Сонымен қатар шексіз әділ де, мейірбан Алла шынайы оразашыны арнайы сыйлықпен сүйіншілейді. Бұл қуанышты хабарды бізге имам Бухари жеткізген:

«Жәннаттың «Ар-райян»   деген қақпасы бар. Бұл қақпадан қиямет күні жәннатқа тек ораза ұстағандар ғана кіреді. Олардан басқа ешкім кіре алмайды. Сол күні: «Ораза болғандар қайда?» – деп шақырылады.Ораза ұстағандар осы қақпадан жәннатқа кіреді. Олар кіргеннен соң, қақпа  жабылып өзге ешкім кіре алмайды»

Жаратушы Алла:

«Әй иман келтіргендер! Аллаға қарсы келуден сақ боларсыңдар деп сендерден бұрынғыларға ораза парыз етілгендей, санаулы күндерде ораза ұстау сендерге де парыз етілді», – деп әмір қылған (Бақара: 183).

Бұл  аятта ораза ұстау барлық мұсылмандарға парыз екенін айта келе, өзінде ораза ұстау ережесі толық баяндалып отыр. Алла Тағаланың шебер керемет білім Иесі екеніне қалай тәнті болмассың. Алла тағаладан парыз болған, қайсыбір ғибадат түрін алсақта барынша пенденің ыңғайына, науқас болса шамасына сәйкес, талап етілген. Ұзаққа бармай-ақ үстімізге еніп келген оразаны алайық, аятта бұйырғандай тіпті Рамазан айының парыз оразасы бола тұра Алла тағала:

«...жолаушы болса, басқа күндерде (ұстай алмаған күндерінің) қазасын өтесін...», – деген. Ислам дінінде бұйырылған, парыз болған ғибадаттың дерлігі пенденің шама-шарқына қарай, Алланың белгіленген шеңбері аясында құрылған. Тіпті он, алты емес бар болғаны бір ай көлемінде дініміз көрсеткен ғибадат жан-жақты кеңінен ашылған. Сондай-ақ амал қылған пенденің сауабы еселеніп жазылып, күнәсі күзгі жапырақтай төгілуде. Алланың нығметі мен сүйіспеншілігі неткен керемет!

Ия, ендігі бізге қалғаны осы бір қасиетті айда Алла тарапынан берілген үлкен  мүмкіндікті жіберіп алмай, барынша тер төгіп күні-түні құлшылық қылып, ғибадат ету. Жыл бойына үш жүз алпыс бес күн тек заттай ғана азықтанып келген ағзаны Рамазан айында мейлінше рухани күш беріп, иләһи махаббатқа бөлейік.

Рамазан-шәриф айында атаулы үлкен нығметтер мен қатар, соңғы пайғамбар Мұхамедке (с.ғ.с.) Құран түскенін білеміз. Екі дүниенің кілті болған ұлы Кітаптың түсуімен, тағы бір қасиеттілігі – пенденің ниетіне, пейілімен, жүрек жарды дұғасына қарай тағдыры жазылатын Қадыр түнін ала келді. Міне ауқымды да, маңызды мәселе осында, сол үшін де селқос қарап, салқындық танытпай осы  қасиетті айға аса мән беруіміз керек.

Ал, біз керісінше, Алла ғибадатта қанша жеңілдік берсе де,  осы дүние тірлігін бірінші кезекке қойып, құлшылыққа немқұрайлы қараймыз.

«Неге намазың қаза болды, оразаны неге тұтпадың?» – деп сұрасаң, «Уақыт жоқ, жұмыстамын, денсаулығым көтермейді», – дейді.

«Шама-шарқың, мал-дүниең жетерлік қой, неге садақа, зекет бермейсің,  қажылыққа барсаң дұрыс болар еді?» –десең  ешбіріне уақыт табылмайды.

Мінекей, біз осылайша ақыретті дүниеге сатып жібердік. Бірақ бір уақыт келеді, өлім жебесі оны жылдам тауып жетеді. Кейін жақындары мен дүние-мансабы араша түсе алмаған күйі бір кесім сұрыпқа оралып жер қойнына кетеді. Өлімнің қолы тірі адамдарды атақ-даңқына мансабына, мал-дүниесіне қарап айырмайды. Күмәнсіз оның ажалы одан жасырын тұр, оның үміті оны алдап жүр. Ал, әзәзіл оның сенімді өкілі болып көрінеді. Пенде күнәны жасау үшін шайтан оны әшекейлеп қояды да, оның Аллаға жасаймын деген тәубесін, құлшылығын, кейінге қалдырады. Сөзімді құптар үшін ислам әлемінің қазынасы Әли ибн Әбу Талибтің хұтбасынан үзінді келтірейін.

Ислам әлемі, Ислам діні – асқар тау болса, сол таудан аққан сарқылмас бұлақ – Әлидің (р.а.) айтқаны:

«Ей, Алланың құлдары! Сендер Алладан қорқып өздеріңнің жақсы істеріңмен өмірден озып түсуге ұмтылыңдар. Уақытша пәни дүниедегі ләззат пен құмарды сатып орнына мәңгі қалатын өмірді алыңдар! Сапарға шыққан жолаушының қамын жасап азық жинаңдар. Өлімге әзірлік қамын жасаңдар, ол болса табанын тіреп келіп қалды. Мен сендердің екі нәрселерің үшін қатты қорқамын, себебі, нәпсі құмарлығына берілу адамды ақиқат жолынан тайдырады, ал уақыт қадірін білмей амалды кейінге қалдыру есеп-қисап беретін күнді естен шығарады.

Нәпсінің қалауын жеңген, оның арбауына көнбеген, сабырлықты қалқан қылған пендеге Алланың рахымы жаусын! Алланың сәулелі жолға түскен ұлы, ақ жолмен жүрген өмірде байыптылықты пайдаланған, ажалдан жалтармаған, амалды мол жасаған пендеге Алланың мейірімі жаусын!

Ей, Алла! Сен менен де жақсы білетін күнәларымды кешіргейсің! Егер мен тағы бір мәрте қателік жасасам, мені тағы да кешіріп жарылқағайсың!

Ей, Құдіреті күшті Алла! Мен саған уәде беріп кейін оны орындай алмай қалған жәйттерімді кешіргейсің! Ей, Аса Ұлы Алла! Сені тіліммен мадақтап, Саған жақын болғаннан кейін оны орындай алмаған  күнәларымды ғафу қылғайсың!

Ей, жасаған Алла! Жан-жаққа қарап көз қарашығыммен жасаған күнәларымды кешіре гөр! Сөздеріммен бейнеленген қателерімді, ойдан өтіп жүрекке барған жаман ойларымды және тіл жақтан шыққан пендешілігімді жарылқай гөр!»

Бұл өздерңізге ұсынып отырған, ақылдың кені атанған Әли (р.а.) ғибадатының тамшысындай ғана бір үзігі. Енді хазіреті пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір сәттік құлшылығы мен дұғасынан хабардар болайық.

«Бәдр шайқасынан алдыңғы сындарлы сағаттар болатын. Шатырда мүбәрак пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) Әбу  Бәкір Сиддық (р.а.) екеуі отырды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) екі алақанын көкке көтеріп, Жаратушыны зікір етіп, Оның  әуелде берген жеңісін сұрап: «Уа, Алла! Егер де Сен бүгін мына әскеріңе жәрдем бермей қырып салсаң, онда Саған жер бетінде құлшылық жасайтын жан қалмайды!», – деп кейін:

«Ей, Алла! Маған уәде еткен нәрсеңді жібер! Ей, Алла! Маған жеңіс нәсіп қыл!», – деген сөздермен Алладан мінәжат қылып, дұға жасайды. Алладан жәрдем сұрап, екі қолдарын жоғары көтергені сонша үстіндегі шапаны иықтарынан түсіп кетеді. Әбу Бәкір Сиддық (р.а.) ол кісінің артында тұрып шапанын иығына жапты. Пайғамбарымыз (с.ғ.с)

Алладан қатты мінәжат қылып тынымсыз сұрап тұрғанын көрген ол оған жаны ашып:

«О, Алланың елшісі! Сенің жасаған мінәжатың Раббыңның хұзырына жетті. Күмән жоқ Алла саған берген уәдесін орындайды», – дейді. Шайқастың уайымынан пайғамбардың (с.ғ.с.) көзі ілініп кетеді. Кейін ұйқысынан оянып:

«Ей, Әбу Бәкір! Қуанышты хабар бар! Алланың жеңісі келеді. Бұл аттың жүгенін ұстап, шаң көтеріп келе жатқан Жәбірейіл»,—деді. Дәл осы оқиға турасында Құранда «Әнфал» сүресінің 9-15 аяттары түсірілген. (осы  хадис қайталанып ибн Аббастың риуаятында да келген).

Жоғарыдағы үлгі-насихатқа толы ғибрат алар ұлылардың өмірінен өткен сәттерін, ғибадаттарын тілге тиек етуіміздің басты мақсаты – жан-тәнімізбен құлшылыққа бой ұрып, шын жүректен Алладан дұға етуді өзімізге өмірлік сабақ қылу.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзі нәби бола тұра бар күшін салып жалбарына Жаратушыдан көз жасын төге дұға етеді. Ал, Әли (р.а.) ол да пайғамбардың жұлдызы, сүйікті сахабаларының бірі бола тұрып, істеген күнәлары мен жіберген қателіктеріне өкініп, Алладан кешірім өтініп, жалынып жарылқау сұрап дұға жасап жатыр.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кезіндегі зиялы мүмін тақуалардың өзі елшімен қоса осындай дәрежеде Аллаға мінәжат етіп, дұға қылса ақырзаман мұсылмандарының ғибадаты мен дұғасы қаншалықты қабыл екені бір Аллаға белгілі.

Пендесіне аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алла  Рамазан айында жәһәннәм есіктерін құлыптап, ал жәннат есіктері айқара ашылып, шайтандарда байланып, қамалатынынан хабар берген.

Міне, бұл Өз пенделерінің үлкен-кіші күнәларынан арылып, бақылауға көнбейтін нәпсісін жан-жақты тәрбиелеп, алаңсыз ғибадат етуіне үлкен мүмкіндік. Олай болса, бір ай бойына марапатқа лайықты тағат-ғибадатта өткізіп Рамазан айының ақырында 27-түні, осы бір айлық рухани-сайыстың мәре сызығы белгіленер, жеңімпазы анықталар түні Алланың разылығына, алғысына бөленіп, Жаратушының 

Өзі тек оразашыға тарту етер сыйлығы – жаннаттағы «Райян» қақпасында қауышқанша!  Инша Алла!    Өз мейір-шапағатынан үмітсіз қалдырмаған, кешірімділігінен күдер үздірмеген, нығметінен кемтар етпеген Аллаға мақтаулар болғай!  

Гүлнар Жаладинқызы, дінтанушы


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk