wrapper

Тарих шымылдығын 552 жылы «Түрік қағанаты» деген атпен түріп, Еуразия төсінде ат ойнатып, Византия және Иран империяларымен терезесі тең алып мемлекет құрған түркілер бары-жоғы 30 жылдан соң саяси, әкімшілік және діни ахуалдың өзгеруіне байланысты Шығыс және Батыс түрік қағанаттары болып екіге бөлінді.

Шығыс Түркістан мен Орталық Азия аумағын билеп-төстеген Батыс Түрік қағанатының билеушілері будда дініне өтіп, VII ғасырдың орта шенінде ішкі саяси тұрақсыздықтан әлсірей бастады. Батыс Түрік қағанатының орнын 699 жылы Түркеш мемлекеті басты. Ислам дінін фатх (дінді таратуға қарсылық көрсеткен саяси күштерге жасалған әскери жорық) жорығымен таратушы арабтар Орталық Азияға аяқ басқан кез осы түркештердің билікке келу сәтімен тұспа-тұс келеді.

Түркештер өзінің саяси және рухани тұтастығын қамтамасыз ете алмағандықтан, аса қуатты мемлекет құра алған жоқ. Олар өз ішіндегі талас-тартыстарға сыртқы күштерді араластырып, соның әсерінен қағанатқа Шығыстан қытайдың Тан империясы, Батыстан Омая халифаты ұдайы қауіп төндіріп тұрды. Тіпті, VIII ғасырдың орта тұсында сары және қара түркеш болып екіге бөлініп, ішкі қарама-қайшылық тіптен ушыға түсті. Әл-Идрисидің «Нузхат әл-муштақ фи-ихтирақ әл-афақ» атты шығармасында түркештердің басқа түркілерден қарағанда «қайырымды һәм діндар, ешкімге зиянын тигізбейтін» халық екендігі айтылады.

Сонымен бірге, VIIІ ғасырдың орта шенінде Шығыс Түрік қағанатының орнын басқан Ұйғыр қағанаты билеушілерімен шығыса алмаған қарлұқ тайпалары да Жетісу жеріне қоныс аударып, түркештерге деген қысым жан-жақтан күшейе түскен еді. Кейін Түркеш қағанаты жойылғаннан кейін олардың орнын осы қарлұқтар басты.

Алғаш рет Омар ибн Хаттаб билік құрған кезеңде (634-644 жж) халифат шекарасы 642 жылы Жейхун өзеніне дейін созылып, мұсылман қосыны Мәуреннахрға тұмсық тіреді. Одан кейін  Омая билігі тұсында (661-750 жж) Хорасан өлкесінің әміршілері Мәуреннахр қалаларына шабуыл жасай бастады. Хорасанның 673-680 жылдары әміршісі болған Убайдуллах ибн Зияд бірнеше рет Бұхараға, 680-683 жылдары Хорасан әміршісі Сағид ибн Осман Самархандқа, Сәлим ибн Зияд 683 жылы Бұхараға, Хажжаж ибн Юсуб 689 жылы Термезге узурпациялық (басып алып, отар ету) мақсатта шабуыл жасады. Хорасан әміршілерінің бұл әскери жорықтары түркілердің тегеурінді қарсылығына тап болып, көбіне нәтижесіз аяқталып отырды. Тек Хорасанға Құтайба ибн Муслим (705-715 жж) әмірші болып тағайындалғаннан кейін Мәуреннахрдың едәуір бөлігін біржолата жаулап алу жорықтары жасалды. Атап айтар болсақ, Құтайба ибн Муслим 706 жылы Пайкентті, 708 жылы Бұхараны, 711 жылы Самархандты, 715 жылы Ферғананы бағындырды.  

Құтайба ибн Муслимнен кейін Хорасанға Язид ибн Муһаллаб (717 ж), Сағид ибн Харис (720 ж), Асад ибн Абдуллаһ әл-Қусри (726 ж), Ашрас ибн Абдуллаһ ал-Сулами (728 ж), Жунайт ибн Абдрухман (729 ж), Наср ибн Сайиар әл-Кинани (738 ж) әмірші болды. Олардың кезінде де Мәуреннахрға оқтын-оқтын жорықтар жасалды. Бірақ, Түркеш қағандары Омая узурпациясына қарсы ұдайы бас көтерді. Осы дәуірге қатысты Қудама ибн Жағфардың (948 жылы қ.б) «Китаб әл-харадж уа санат әл-китаба» («Салық және хатшы өнері туралы кітап) атты жазбасында Түркеш қағаны Сулудың араб басқыншыларына қарсы соғысып, Хорасандағы Журжан қаласын басып алғандығы айтылады.  Сонымен бірге, соғыста көбіне түркілердің арабтардан басым түсуінің себебін Зәкәрийа ибн Казуни (1203-1283) «Әсар әл-билад уа ахбар әл-ибад» (Елдер ескерткіштері және Алланың құлдары жайлы хабарлар) атты еңбегінде: «Түркілердің соғыста басым түсетіндері және қатты екендері жайлы мысал ретінде Алла Елшісінің (с.а.у): «Түркілер өздері соқтықпайынша, өздерің соқтықпаңдар» – деп айтқан хадисі жеткілікті» деп түсіндірген.

Түркі қауымы рухы азат, ержүрек халық болғандықтан, өзгенің бұғауына мойынсұнып, бодан болып өмір сүруге үйренбеген еді. Жалпы, ислам тарихына назар салсаңыз, Орталық Азия халықтарының исламдану процесі ұзақ уақытты қамтығанына көз жеткізе аласыз. Әлбетте, оның негізгі себебі – түркі халқының ешкімге бас имейтін жауынгерлік рухында жатыр деп айта аламыз. 

Түркілер күштеп таңғысы келген дінді қабылдай алмағанмен, түркілер мен арабтар ұдайы шайқасып, тек қан майданда бір-біріне қарсы келген емес. Түркілер қажет кезде мұсылмандардан көмек те алып отырған. Мысалы, 751 жылы Қытайдың Тан династиясы Орталық Азияға басып кіргенде Хорасандағы Әбу Муслимнің басқаруындағы мұсылман әскері түркештерге көмекке келіп, бұл біріккен қосын Атлақ майданындағы «Талас ғазауатында» қытай экспансиясының бетін қайтарып, зор жеңіске жетті. Сөйтіп, ғасырға жуық уақытқа созылған араб-түркі соғысы «Талас ғазауатынан» кейін біршама саябырсыды.

Мұхан Исахан, дінтанушы PhD доктор  
kazislam.kz


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk