wrapper

Ислам қоғамдағы тыныштық пен ынтымақты сақтау үшін мына негізгі қағидаларды талап етеді:

1. Өзгенің құқығына қол сұқпау: Ислам дінін қабылдаған, Құраннан нәр алған әрбір мұсылман өзгенің ақысын жемей, ала жібін аттамай, өзге мұсылман бауырына зиянын тигізбеу керек.

Бұл жайында Пайғамбарымыз былай дейді:

«Мұсылман мұсылманның бауыры. Ол бауырына қиянат жасамайды және оны залымдарға тастамайды. Кім бауырының мұқтаждығын өтесе, Алла да оның мұқтаждығын өтейді» Бухари риуаяты.

2. Әділ қарым-қатынас жасау: адам өмірінің бір қалыпты болуы үшін барлығына бірдей әділ болу керек. Қоғам тыныштығы үшін де бұл басты талап. Сонымен қатар өзгелермен қарым-қатынасты дұрыстау керек. Құранда бұл жайында былай дейді:

«Анығында, Алла адамдарды әділ болуға, жақсылық жасауға, ағайынға қарайласуға бұйырады. Арсыздықтан, тоңмойындықтан, азғындықтан тыяды» «Нахыл» сүресі, 90-аят.

3. Көркем мінезділік: Ислам көркем мінез-құлықтан тұрады.

Бұны да Құран ахлағы дейміз. Пенденің иман тұрғысынан кәмілдігі мен әлемнің тыныштығы жақсы мінез-құлықпен жүзеге асады. Алла тағала мұсылмандарға барлық жақсы амалды жасауды бұйырып, жаман іс-әрекет пен қылықтан аулақ тұруды әмір етті.

4. Сенім еркіндігі: Ислам жеңіл дін әрі ешкімді діни сенімі үшін бұл дүниеде айыптамайды. Дінде зорлық жоқ. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде:

«Жеңілдетіңдер – қиындатпаңдар, сүйіншілеңдер –қорқытпаңдар!», Сунән Әби Дәуд,– деген.

5. Мейірімділік пен кешірімділік: Ислам әрбір пендеге мейірімді және кешірімді болуды бұйырады. Аятта былай дейді:

«Кешірім жолын ұстан, дұрыстыққа бұйыр, надандардан аулақ бол» «Ағраф» 199-аят..

Құрметті бауырлар! Ислам бізден үй ішінен үй тігіуді немесе түрлі ағымға бөлініп, кейбір діни-саяси топтың қолшоқпары болып, бүлік шығаруды емес, керісінше қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті ұстануды бұйырады. Сол себепті Алланың біздерге нәсіп еткен тыныштығын сақтайық. Сөзімізді Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына бір хадисімен аяқтайық: «Сендерге бірге болуларыңды өсиет етемін. Бөлініп шығудан өте қатты сақ болыңдар. Себебі, шайтан жеке дара өмір сүрген кісіге жақын болады. Бірге болған екі адамнан алыс тұрады. Кімде кім жәннаттің дәл ортасында өмір сүргісі келсе, көпшілікпен бірге болуға мән берсін» 201.

 


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk