wrapper

Күнә жәннатқа кіруге кедергі келтіреді. Ал, салих амалдармен қуаттандырылған және шын көңілмен сұралған тәубе жәһәннамнан сақтайды.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде былай деген:

«Адам баласы бір күнә істегенде жүрегіне қара дақ түседі. Егер ол күнәні тәрк етіп, Алладан кешірім сұрап, тәубе етсе жүрегі тазарады. Ал, күнә істеуді одан ары жалғастыра беретін болса, қара дақтар көбейе түсіп,  соңында бүкіл жүрегін қара дақ басып қалады. Алла тағала:

«Жоқ! (олай емес), бәлкім олардың істеген күнәларының таты басты» («Әль-Мутаффифин» сүресі, 14-аят) дей отырып, осыны меңзеген»   ( «Тәпсір», Тирмизи, 83/3334).

Келесі бір хадисте:

«Ең үлкен дерт – күнә. Ал оның дәрісі түн ортасында тұрып истиғфар тілеу» делінген.

Пенде қандай да бір күнә істеп қойғанда дереу тәубесіне келіп,  Алладан истиғфар тілеу керек.  Жаратушының  ризалығына бөленген тақуа құлдарын Құранда былайша дәріптейді:

«Олар қашан күнәлі іс істесе, не өздеріне өздері зиян келтірсе, Алла тағаланы естеріне алып, күнәларын кешіруін тілейді. Күнәні Алла тағаладан басқа ешкім кешірмейді. Олар істеген күнәларынан арылып, оны ары қарай жалғастырмайды»  («Әл-Имран» сүресі, 135-аят). 

«Ол тақуа құлдар түнде аз ұйықтайды, сәресі уақыттарында үнемі истиғфар етеді» («Зарият»  сүресі, 17-18 аяттар).

Алла тағала көптеген аятта тәубе еткен құлдарды кешіретінін  айтады. Тіпті, шынайы тәубе жасағандардың  күнәларын сауапқа айналдыратыны жөнінде:

«Ал тәубе етіп, иман келтірген, ізгі іс істеген пендеге Алла тағала олардың күнәларын жақсылықтарға айналдырады. Аллаһ тағала өте жарылқаушы, ерекше мейірімді» («Әл-Фурқан» сүресі, 70-аят),– делінген.

Ал, сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

«Алла тағала күндіз күнә істеген кісінің тәубесін қабыл алу үшін түнде қолын ашады. Түнде күнә істеген кісінің тәубесін қабыл алу үшін күндіз қолын ашады. Осы әрекет күн батқан жерінен шыққанша, яғни қияметке дейін( осылай)  жалғаса береді» (Мүсілім, «Тәубе», 31).

Алайда, тәубенің қабыл болуы үшін шынайылық пен ықыластың маңыздылығы өте зор. Сөзінде тұрмайтын, уәдесін жиі бұзатын кісі шайтанға күлкі болады.   Бұл жөнінде  Құран кәрімде:

«...Алла тағаланың уәдесі хақ. Сондықтан сендерді дүние тіршілігі еліктірмесін. Алла тағала туралы жалған айтып, өте айлакер (шайтан) азғырмасын» («Лұқман» сүресі, 33-аят),–делінген.

Тәубе мен истиғфар бұл пәниде де ақиретте де азаптан құтылудың бірден-бір жолы екенін Расулуллаһ (с.ғ.с.) былайша түсіндіреді:

«Аллаһ тағала (мына аят арқылы) үмметім үшін азаптан құтылудың екі жолын берді:

  1. Сен олардың араларында болған мерзімде Алла оларға азап жібермейді.
  2. Олар истиғфар етуді жалғастырғанда (кешірім тілеп жатқан уақытта) Алла оларды азаптамайды («Әнфал» сүресі, 33-аят). 

Мен олардың арасынан кеткенімде (Алланың азабынан құтқаратын екінші жолды) истиғфарды қияметке дейін үмметімнің жанында қалдырамын» (Тирмизи, «Тәпсір», 8/3082).

Тәубе мен истиғфар – құлды Аллаға жақындататын ең әсерлі жолдардың бірі. Аллаға бетбұруда және жүректің рухани дәрежеге жетуінде өзіндік маңызы бар истиғфар рухани кірлерден тазаланудың бірден-бір жолы. Қабыл болған тәубе құл мен Раббысы арасындағы бөгеттерді бұзып, Алланың сүйіспеншілігіне бөлейді. Бұл жайында Аллаһ тағала   пенделеріне былайша сүйіншілейді:

«Күмәнсіз, Алла көп тәубе етушілер мен көп тазаланушыларды жақсы көреді» («Бақара»  сүресі, 222-аят).

Алла Елшісі (с.ғ.с.):

«Кімде-кім истиғфарды аузынан тастамаса, оған Алла тағала кез-келген тығырықтан шығу, әртүрлі қайғыдан құтылу жолдарын көрсетеді және оған күтпеген жерден ризық береді»,– деп айтқан (Әбу Дәуіт, Үтір, 26/1518; ибн Мәжә, «Әдеп», 57). 

Дегенмен, құлдардың ең маңызды мәселесі «тәзкиятун-нәфс» және «тасфиятул-қалб», яғни нәпсі мен жүректі жаман қасиеттерден тазарту. Ол үшін тәубе мен истиғфар атты «сарай» қақпасынан еркін кіріп, міндетті түрде салих амалдарға ден қою керек.


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk