Мұсылман мұсылманды Алла үшін жақсы көреді, өйткені, оларды байланыстыратын нәрсе, ол – иман. Ал, иман туыстығы – ұлы туыстық. Алла Тағала Құранда: «Шын мәнінде мүміндер (бір-біріне) бауырлар» (Хужурат: 10), деп айтқан.
Пайғамбарымыз (с.а.с.) мүміндерді өзара жақсы қарым-қатынасты сақтауға, бір-бірімен жақсы мәміле жасауға, қолдарынан келгенше дәйіми сыйластықта болуға үндеген. Ол (с.а.с.) былай дейді: «Кімде (мына) үш (сипат) болса, ол иманның ләззатын сезінеді: Алла және Оның елшісінің оған басқа нәрселерден сүйіктірек болуы; өзі ұнатпайтын біреуді тек Алла үшін жақсы көруі; өзінің тозақ отына тасталуын қалай қаламаса, Алла құтқарғаннан кейін солай кәпірлікке қайтқысы келмеуі». (Бұхари, Муслим)
Алла үшін бір-бірлерін жақсы көрген мүміндерге Ахырет күні Алла Тағаланың Өзі назар салып: «Менің ұлылығыммен бір-бірлерін жақсы көргендер қайда? Менің саямнан басқа ешқандай көлеңке болмайтын бүгін Мен оларды Өзімнің саяма көлеңкелетем», дейді. (Муслим)
Ал, Пайғамбарымыз (с.а.с.) мұсылмандарға:«Егер бір адам бауырын жақсы көрсе, онда өзінің оны жақсы көретіндігін айтсын», деп насихат еткен.
Мұсылман өзі ұнатқан нәрсені бауыры үшін де ұнатады, өзі жек көрген нәрсені бауыры үшін де жек көреді. Алла елшісі (с.а.с.) былай деген:«Сендердің біреулерің өзіне ұнатқанды бауырына да ұнатпайынша иманға келмейді». (Бұхари, Муслим)
Мұсылмандардың мұндай ыстық ықыластары мен жылуарлық сезімдері олардың тыныс-тіршілігіне септігін тигізіп, мүміндердің өзара қарым-қатынастары нығайып, ынтымақ-бірліктері берік қалып алады.
Мұсылмандардың өзара байланысы жайлы Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді:«Мұсылмандардың өзара сүйіспеншіліктегі, рақымшылықтағы және бауырмалдықтағы мысалы (адамның) тәні сияқты, егер оның бір ағзасы ауырса, (онда) дененің қалған (бөліктері де) ұйқысыздық пен ысытпаға ұшырайды». (Муслим)
Мұсылман мұсылманға қатысты әрбір мақұл көрілмейтін іс-әрекеттерден сақтануы керек. Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтқан: «Бір-бірлеріңді күндемеңдер, бір-бірлеріңе қымбат сатпаңдар, бір-бірлеріңді жек көрмеңдер, бір-бірлеріңнен теріс айналмаңдар, бір-бірлеріңнің саудаларыңды бұзбаңдар, (бір-біріңе) бауыр болыңдар, о, Алланың құлдары! Мұсылман – мұсылманның бауыры. Оған зұлымдық қылмайды, оны көмексіз қалдырмайды, оны төмендетпейді. Тақуалық – мұнда. (Пайғамбар (с.а.с.) үш рет кеудесін нұсқады) бір кісіге жеткілікті жамандық – оның мұсылман бауырын төмендетуі. Мұсылманға мұсылманның қаны, малы және намысы харам». (Муслим).
Мұсылман адам бауырымен мәміле жасауда ашуына ерік бермей, оған кешіріммен қарайды. Құранда Алла Тағала мұндай сипатқа ие мұсылмандарды: «...ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірушілер...» (Әли Имран: 134), деп сипаттаған.
Нағыз мұсылман бауырына кеңпейілдік танытып, оны Алла үшін кешіреді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) өз хадисінде былай дейді: «Егер пенде кешірсе, Алла оның даңқын арттырады, егер кімде-кім Алла үшін кішіпейілдік танытса, Аллаһ оны жоғарылатады». (Муслим)
Мұсылманның мұсылманмен араздасып қарым-қатынасын үзуі дұрыс емес. Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтады: «Мұсылманның бауырымен үш күннен артық (араздасып) қарым-қатынас жасамай қоюы дұрыс емес. Екеуі жолығып, мынасы да теріс айналады, мынаусы да теріс айналады. Ол екеуінің жақсысы – бірінші боп сәлем бергені». (Бұхари, Муслим)
Мұсылман адам бауырын ғайбаттап, оның артынан өсек таратпайды. Құранда олардың бір-бірлерін ғайбаттаулары өлген бауырларының етін жегенге теңелген. Алла Тағала айтады:«...біреуді біреу ғайбаттамасын. Біреулерің өлген бауырының етін жеуді жақсы көре ме?» (Хужурат: 12)
Мүмін-мұсылман бауырымен дауласудан, оны ренжітетін әзіл-қалжыңдарды айтудан сақтанады, оған уәде берсе, сөзінде тұрады. Алла елшісі (с.а.с.): «Бауырыңмен дауласпа, оны келемеждеме, орындай алмасаң оған уәде берме», деген.
Мұсылман адам бауырын өзінен артық қойып, оған өзіне қымбат нәрсені қияды. Алла Тағала мухажир бауырларынан ештеңелерін аямаған ансарларды мақтап былай деген: «Сондай бұрыннан (Мединеде) қоныстанған иман иелері; олар өздеріне көшіп келгендерді жақсы көріп, оларға берілген нәрселерге көңілдерінде кірбіңдік болмайды. Сондай-ақ өздерінде таршылық бола тұра оларды өздерінен артық көреді. Кім сараңдықтан сақсынса, солар құтылушылар». (Хашыр: 9)
Мүмін адам бауырына тек жақсы нәрселерді ғана мақұл көріп, ол үшін игілік тілеп Аллаға дұға қылады. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Дұғалардың ең жылдамы – біреудің біреуге сыртынан қылған дұғасы», деп мұсылмандардың бір-біріне тілеулес болуын қалаған. (Бұхари)
Мұсылмандар өзара бауыр. Олардың бір-бірлерінде құқықтары бар. Әбу Хурайра (р.а) Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізеді: «Мұсылманның мұсылмандағы ақысы алтау: онымен жолықсаң сәлемдес; шақырса қабыл ал; ақыл-кеңес сұраса кеңес бер; түшкіріп, «әлхамдулилләһ» десе «йархамукаллаһ» деп айт; ауырса зиярат қыл; дүние салса шығарып сал». (Муслим)
Алла бұйырғандай бір-бірімізге бауыр болып, олардың өзіміздегі құқықтарын сақтайық, бауырлар!!!