wrapper

Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Бірі сары майдай сақталып, бүгінгі ұрпақ еншісіне тисе, бірі заманауи жаңарып, өңін өзгертіп жетіп отыр. Сондай өзгеріске ұшырап жеткен салтымыздың бірі – «Шілдехана».

Ата-бабаларымыз ертеден «Бала өміріңнің жалғасы, адамның бауыр еті», «Дүниеге бір қозы келсе, бір түп жусан артық шығады» деп, артына із қалдыруға, балаға, бала тәрбиесіне қатты көңіл бөлген. Тіпті нәресте бойға біткеннен енесі келінін бақылауға алып, артық жұмыстан босатқан. Оның неғұрлым ашық-жарқын, көңілді жүруіне жағдай жасап, ренжіп, күйінуіне жол бермеген. Мұның бәрі болашақ сәбидің қамын ойлаудан туған игі ниет саналады. Сол себепті де үлкен-кішінің бәрі болашақ ұрпақты зор сағынышпен күтеді.

Толғақтың басталуы ананың жанына батқанымен, ауылға зор қуаныш. Бұл мезгіл түн болса барлық қариялар мен үлкен кісілер бір үйге жиналып, күндіз болса ауыл сыртына оңашаға шығып, жақсылық хабарды күтіп отырған. Оған қоса мал сойылып, тойдың да қамы жасалады. Ауыл әйелдері ошаққа жарыс қазан асады да, қуырдақ қуыра бастайды. Жарыс қазан асудағы себеп қазанмен бірге толғақ жиілейді, тамақтан бұрын бала туады деп ырымдағаны. Шыр еткен сәби дауысын естіген заматта жүздері нұрланып, масайрап сала береді. Сол кезде үй жақтан жүгіре жеткен балалар атасынан сүйінші сұрайды. Қызды «қырық жеті», ұлды «ат ұстар» деп жариялаған. Мұны естіген ауылдың жасы үлкен ақсақалы сәбидің ғұмырлы, бақытты болуын тілеп, бата жасайды. Сәбидің атасы балалардың сүйіншісіне сый атайды. Ол лақ пен қозыдан басталып, тайға дейін болуы мүмкін.

Дүниеге перзенттің келуі бір үйді ғана емес, бүкіл ауылды қуанышқа, шаттыққа бөлейді. Алыс-жақын ағайындар келіп, құттықтап, бауы берік болсын айтып, шашу шашады. Бұдан кейін шілдехана басталады. Ол үшін арнайы дайындық жасалып, қонақтар күтіліп, тойға арналған мал сойылады. Ал қалжаның еті босанған келінге тартылады. Оның ішінде, әсіресе малдың мойын сүйегі міндетті түрде мүжілуге беріледі. Мұның екі түрлі мәнісі бар. Әйел босанғаннан кейін бүкіл денесі балқып, тістерінің түбі де босаңқырайды екен. Соны бекіту үшін мойын сүйекті мүжу керек. Тағы бір мәнісі – сәбидің былқ-сылқ еткен мойыны да осы сүйекті таза мүжісе, тез бекиді екен.

Шілдехана тойының орта тұсына келгенде құндақталған нәрестені бір-екі келіншек алып шығады. Әжелер мен жеңгелер оған шашу шашып, сәбиді атасына немесе сыйлы адамға апарып ұстатады. Бұл – балаға ат қойып берудің белгісі. Ат қоюшы сәбидің құлағына атын үш дүркін шақырады. Содан кейін аппақ жөргекке оралған нәрестенің бетін ашып, көпшілікке көрсетеді. Осылайша аты қойылған бала елімен алғаш жүздеседі. Кейіннен бата беріліп, ақсақалдар тарқаса бастайды. Ал, жастар жағы таңға дейін ойын-сауық құрған.

Бесікке салу рәсімі де тыс қалмаған. Бесік саларға шақырылған әйелдер шашуын, жол-жоралғысын ала келетін болған. Сәбиді алғаш бөлеу үлгілі ұрпақ өсірген қадірлі әйелге табысталған. Нәрестенің әжесі түбектің ойығынан балаларға тәтті үлестіреді. Одан соң бесікті отпен аластап, баланы бөлейді. Бесікке салған әйелдерге көйлек, жаулық секілді сыйлар таратылады.

Бүгінгі таңда салтымызда орындалған қағидалардың бірі сақталса, бірі өткен күндер еншісінде қалған, ал, енді бірі өзгеріске ұшырай жеткен. Мәселен, кей аймақта жарыс қазан келіншек босанған соң асылып жатады. Мұның бәрі салттың атын біліп, орындалу тәртібінен хабарсыздықтан. «Қарты бардың – қазынасы бар» демекші үлкен ата-әжесі бар отбасыларда аталған жоралғылар сақталып жатады.

Жақсы жаңалыққа сүйінші сұрау, нәресте дүниеге келгенде сүйіншілеп туған-туысқа хабарласу, шашу шашып, тәтті үлестіру бүгінде өңін жоғалтпай, сол қалпында жетіп отыр.

Жаңа босанған келіншекті қалжамен күту, сорпамен терлету бүгінде орындалып жүр. Оның орыны босанған келін үшін де, сәби үшін де маңызды. Себебі, күтімі жақсы әйел жақсы сүт береді. Тоқ баланың ұйқысы тыныш, әрі тез өседі.

Ал, бесікке бөлеу рәсімі салт-дәстүр кітаптарында, өткен күндерде ғана қалды деуге болады. Алыс ауыл, елдімекендерде үлкен әжелердің көмегімен бірең-сараң нәресте бөленбесе, бүгінгі балаларды дені бесікке бөленбей өсіп келеді. Технологияның дамығаны сонша, ананың орнына сәби жыласа тербететін электронды бесіктер де пайда болды.

Шілдеханада туған-туыс, жақындар жиналып, той жасап, сәбиге ақ тілектерін айтып, үлкендер жағы ақ батасын беріп, көрімдік ұсынып тарасады. Жастар жағы да үлкендерден соң үйлеріне ыңғайланады. Ертедегідей таңды таңға ұрып, ойын-сауық құру өткен тарих еншісінде.

«Адамның бір қызығы бала деген» – деп Абай атамыз жырына қосқан сәбидің өмірімізде алар орыны өлшеусіз. Жиған-терген дүниемізді де балама, ұрпағыма деп сақтаймыз. Олардың дүниеге келуі де үлкен қуаныш. Ендеше осы қуанышты халықпен бөліскенде дәстүрді, орындалатын жоралғыны, салтымызды ескере жүріңіз.   

Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz/mangilik_el/shanyirak/salt-dastur/40969/


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk