wrapper

Ұлы дініміз Исламның беретін тәлімдері иманның өмірге енгізілген емлесі түріндегі көркем ахлақ жиынтығынан тұрады деуге болады. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Мен көркем ахлақты кемелдендіру (толықтыру) үшін жіберілдім» - деген.

Кәміл мүминнің мәртебесіне қол жеткізуіміз үшін Исламның ахлақ принциптерін бойымызға сіңіріп қана қоймай, оны өміріміздің күнделікті тіршілігіне енгізуіміз қажет. Мұны іске асырып, орындай алмасақ адамдық қасиетімізді былғап мәңгілік бақытты қолдан жіберіп алуымыз әбден мүмкін. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) өзінің (Құран тілімен айтқанда) ұлы көркем ахлағымен адамзатқа әдептің тұтас мәдениетін сыйға тартып кетті. Үмметтің ішінде Аллаһтың достары деген атқа ие болған кейбір пенделер де сол Аллаһ досы деген абыройға пайғамбардың осы ахлағынан сусындау арқылы қол жеткізді.

Сол пайғамбарлар мен Аллаһ достарының үлгі ахлағының маңызды белгілерінің бірі – жамандықты жақсылықпен қайтару. Олар осындай көркем мәмілемен қаншама тас көңілді жібітті. Бұндай ахлақ иесіне Құран соңғы дем сүйіншісін жеткізеді: «Раббыларының разылығын іздеп сабыр еткендер, намазды толық орындап, өздеріне берген несібемізден өзгелерді де жасырын, ашық пайдаландырғандар және жамандықтарды жақсылықпен тазалағандар, міне ақырет жұртының табысы солардікі!» (Рағыд сүресі 22-аят).

Сондықтан да Аллаһтың мейірімі мен кеңшілігінен үміт күткісі келген әрбір пенде басқалардың кемшіліктеріне кешіріммен қарап, олардың жамандығын жақсылықпен қайтаруды өзіне ұран етіп алуы керек. Себебі, Раббымыздың адамзатқа адамгершіліктің үлгісі қылып жіберген пайғамбарлары әрдайым осы ахлақты бойынан көрсетіп отырған.

Бүгін сендерге кектену жоқ!

Жамандық қылғандарға кешіріммен және жақсылықпен қайтару арқылы түзету жайында Құран Кәрімде баян етілетін ең керемет мысалдардың бірі Юсуф пайғамбардың (а.с.) өз бауырларына көрсеткен мәмілесі:

Иақуб пайғамбар (а.с.) он екі ұлының ішінен ұлы Юсуфты ең қатты жақсы көріп, одан бір рухани тереңдікті сезгендіктен көңілі оған қатты ауған еді. Бұл оның басқа ұлдарының жүрегінде қызғаныш сезімін тудырды. Тіпті, бұл қызғаныш пен көре алмаушылықтың өршігені соншалық бауырлары әлі бала жастағы Юсуфты өлтірмек болып айдаладағы құдықтың ішіне тастайды. Бірақ Алла Тағаланың Юсуфқа қатысты өз жоспары бар еді. Алланың қалауымен Юсуфты сол маңнан өтіп бара жатқан керуен шығарып алып, Мысырға апарып құлдыққа сатады. Ол көптеген ауыр иләһи сынақтарды басынан кешіргеннен соң Мысыр билеушісі болуға дейін көтеріледі. Сол жылдары қуаңшылық болып бауырлары Мысыр билеушісіне оның Юсуф екенін білместен азық сұрауға келеді. Олар Юсуфты бастапқыда танымай қалады. Юсуфқа кек алудың керемет сәті түсіп тұрса дағы өзіне тән пайғамбар сипатымен оларға көп жақсылық істейді. Тіпті оларды көрген кезде, қаншама жылғы сағыныш жүрегін елжіретіп, кек алу былай тұрсын, оңаша бөлмеге барып егіліп жылаған еді. Олар бұл билеушінің көрсеткен кең пейіліне қатты риза болады. Артынан бұл мейірбанның баяғыда өздері зұлымдық қылған інілері Юсуф екендігін білгенде олар: «Сен Юсуф екенсің ғой! Алла шын мәнінде сені бізден артық қылып жаратқан екен», деуге мәжбүр болып жүректері жібіген еді.

Сонда Юсуф пайғамбардың (а.с.) берген жауабы мынау болды: «Бүгін сендерге кектену жоқ. Алла сендерді жарылқасын. Ол мейірімділердің ең мейірімдісі!» (Юсуф сүресі 92-аят). Бауырларының ұяттан жерге кіріп бара жатқанын сезген Юсуф олардың көңілін көтеру үшін: «Ол кездері арамызға шайтан кірді» деп, кішіпейілдік танытып, өзінің ізгі ахлағын тағы да шегелеген еді.

Мінеки, асыл мінезділік сипаты. Жазалауға күші жетіп тұрса да ақыретте сауап алу мақсатымен Алланың құлдарын кешіре білу.

Жеке басы үшін біреуге ашуланып, кек алу нәпсіні Алланың ризалығынан жоғары қою деген сөз. Керісінше осындай сәттерді пайдаланып кешірімділік пен кішіпейілділікті шыңдау рухани биіктікті білдіреді. Себебі адамның өз ашуын жеңуі қиынның қиыны.

Адам өмірін бір кітап деп алатын болсақ, ашуланған сәттер ондағы қап-қара беттер деуге болады. Ашуды тізгіндеу үшін жасалатын ең басты шара кешірім мен ақкөңілділік. Ашуға титтей де еңсе көтертпейтін болаттай жігері бар рухани балуан құлдарын Раббымыз былайша қуантады: «Раббыларыңның жарылқауына және тақуалар үшін әзірленген, кеңдігі жер мен көктей жәннатқа (кіру үшін) жарысыңдар! Молшылықта да, таршылықта да Алла жолында мал сарып қылғандар. Ашуын жеңушілер мен кешірім етушілер. Алла Тағала жақсылық етушілерді сүйеді!» (Әли Имран сүресі 133-134 аяттар). Олай болса өзіне жамандық істелгенде Исламның қойған ахлағына жету үшін мына үш баспалдақтан өте білу керек: Алдымен ашуды жеңу немесе оны мүлде тудырмау; екінші кешіру; үшінші ондай кісілерге жақсылық істеу.

Мен лағынеттеуші болып жіберілген жоқпын…

Шынында да адам баласының дұшпандық сезімі қашан да жақсылықтан жеңіледі. Жақсылықтың ең жаман дұшпаны да жуаситуға күші жетеді.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өмірі жамандыққа жақсылықпен жауап берудің үлгі өнегесіне толып жатыр. Ол әлемдерге мейірім болып жіберілгендіктен оның шарапаты мен махаббаты бүкіл адамдарды құшағына алатын еді. «Сізге соншалықты көп зұлымдық жасаған мүшриктерді неліктен беддұғамен лағынеттемейсіз?», дегендерге: «Мен лағынеттеуші болып емес, әлемдерге мейірім болып келдім» деп жауап берген еді. Ол өз басын емес, басқаларды көп ойлайтын.

Исламға шақыру үшін Таиф қаласына барғанында ол жердің пұтқа табынған надан халқы қас жауын көргендей, әй-шайсыз оны тасборанға алып қуалаған еді. Мұхаммед (с.а.у.) тауы шағылып басын төмен салбыратып кері қайтып бара жатқанында Алла Тағала құлын жұбату үшін Жәбірейіл періштемен бірге тау періштелерін жіберіп, егер Пайғамбарымыз қаласа Таифтың екі жағындағы екі тауды таифтықтардың басына төңкере салатындарын айтады. Әлемдерге мейірім ретінде жіберілген пайғамбар: «Жоқ, мен тек олардың нәсілінен бір Аллаһқа құлшылық қылып Оған серік қоспайтын ұрпақ тарауын ғана қалаймын» - деп жауап береді.

Таифтықтар хижреттің 9-шы жылына дейін иманға келуге бас тартып, мұсылмандарға қорлық көрсетті. Мұсылмандар шыдамы таусылғанда: «Уа, Алланың Елшісі! Сақиф тайпасының садақ оқтары мен найзалары бізге әбден тарттырды. Осыларға қарсы беддұға жасап беріңізші» деп сұраған болатын. Бірақ, Алланың Елшісі: «Уа, Жаратқан! Оларға тура жолды нәсіп ет, оларды бізге қос!» деп жақсы дұға қылады. Көп ұзамай Таиф халқы Мәдина қаласына келіп тұрып Ислам дінін қабылдайды.

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) бұл жоғары қасиетінің ең үлкен көрінісі Мекке алынған күні орын алды. Бір емес, бірнеше жылдар бойы мұсылмандарға сан мың зұлымдықтың түр-түрін жасап, қан құстырған Мекке мүшриктері ол күні мұсылмандардың қолына тұтқын болып түскен еді. Пайғамбарымыздың мүбарак аузынан шыққан бір ауыз сөз олардың жазалануы үшін жеткілікті еді. Пайғамбар Қағбада жиналған меккеліктерге: «Құрайш қауымы! Менен сіздерге қандай мәміле жасауымды күтесіздер?» - деп сұрады. Құрайштықтар: «Біз сенің қайырымдылық көрсететініңе үміттенеміз, жақсылық қыл! - дейміз. Сен кең пейілді, жақсы бауыр едің! Кең пейілді, жақсы адамның баласы едің» деген дауыстары гүңгірлеп шығып жатты.

Сонда Пайғамбар (с.а.у.): «Хазіреті Юсуфтың бауырларына айтқанын мен де сендерге айтамын: «Бүгін сендерге кектену жоқ. Алла сендерді жарылқасын. Ол мейірімділердің ең мейірімдісі!» Бәрің еркінсіңдер, бара беріңдер!» деді.

Осындай мейірімділікті көрген меккеліктердің жүректеріндегі дұшпандық сезімдер еріп, жоқ боп кетті. Оның орнына махаббат, достық және құрмет сезімдері орнады. Көңілдері Исламды ұнатып, қаншама адам мұсылман болды. Ол күні меккеліктердің бойында Алла Тағаланың мына аяты көрініс беріп жатты: «Жақсылық пен жамандық тең емес. Жамандыққа қарсы ең көркем мәміле көрсет! Сол уақытта сені мен екеуің араңда дұшпандық болған адам, бейне жақын достай болып кеткенін көресің!». (Фуссиләт сүресі, 34-аят)

Шынында да адам баласының дұшпандығы қашан да жақсылықтан жеңіледі. Жақсылықтың ең қатты дұшпаны да жуаситуға күші жетеді.

Жамандықпен күресудің шарасы…

Жақсылыққа жақсылық, жамандыққа жамандық жасау мархабат емес, нағыз мейірімділік жамандыққа да жақсылық қайтара білу. Сонда дұшпан дос болады, достың махаббаты артады. Хазіреті Мәулана жамандықпен күресуді пайғамбардан үйренуге шақырады:

«Жамандықты жоюдың шарасы күш қолдану емес. Оның шарасы кешіру, қайырым жасау. Пайғамбардың: «Садақа басқа төнген пәлекетті қайтарады» деген хадисі сенің көзіңді ашсын. Пәлекет пен жамандықты қайтарудың жолын осыдан түсінуге тырыс!».

Пайғамбарымыз тағы бір хадисінде айтады: «Жігіт дегенің күресте қарсыласын жеңген емес, ашуланғанда ашуын жеңген адам».

Бұл мейірімділіктің сыйын мына аят хабарлайды: «Бір жамандықтың жазасы өзіндей ғана жамандық. Сонда кім кешірім етіп, татуласса оның сыйлығы Аллаға қалады. Күмәнсіз ол зұлымдық қылушыларды жақсы көрмейді!». (Шура сүресі, 40-аят)

Жамандықты жақсылықпен қайыру Расулуллаһтың (с.а.у.) ерекше сипаты еді. Оның үмметі ретінде біз де сондай құлыққа ұмтылуымыз қажет. Басқаларды кешіруді және татуласуды тек айт мейрамдарына қалдыру нағыз мүминдерге жараспайды. Кәміл мүминнің белгісі мұндай құлықты күнделікті табиғи мінезге айналдыру. Пайғамбарымыз (с.а.у.) мына хадистерімен үмметінің сол биікке жетуін қалағанын білдіруде: «Сенімен байланысын үзген адаммен сен байланысыңды үзбе! Саған бермегенге де бер! Саған жамандық істегенді кешіре сал!»

«Қайда болсаң да Алладан қорық. Жамандыққа жақсылық жаса, сонда жамандықтың тамырына балта шабасың. Адамдармен тамаша мінез құлықпен қатынас жаса!»

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) «Жәннат бақшаларына қаратып құрылған төрді көрдім. Жәбірейілден (а.с.): «Бұлар кімге?», - деп сұрадым. Ол: «Кеудесіндегі кек пен дұшпандықты және ашу-ызаны өлтіргендерге, сондай-ақ адамдардың кемшіліктеріне түсінушілікпен қарап, кешірімді болғандарға» деп жауап берді.

Кешірімнің де өз орны болады…

Алайда мынаны естен шығармаған жөн, әр жамандықты кешіре беру мейірімділікке жатпайды, ол зұлымдыққа көз жұму болып табылады. Қылмысқа жататын бұзақы қылықтар да болады. Ондай кездерде кешіре салудан гөрі қылмыскерді түзету және әділдікті орнату үшін жазаға жүгіну дұрысырақ болады. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мұндай жағдайларды ескергендігін Айша анамыз мына хадиспен жеткізеді: «Расулуллаһ (с.а.у.) өзіне жамандық жасаған адамнан өш алған емес. Алайда Алланың заңы тапталған кезде айыптыны Алланың атымен жазалаушы еді».

Орынсыз ашулану болымсыз нәтиже тудырса, ашулану керек болған жерде имену, сондай-ақ жаман нәтижелер тудыруы мүмкін. Қажет болғанда Алла үшін ашулану да кейде иманның белгісі болып табылады. Әсіресе Алла үшін болған соғыс майданы мен халыққа қарсы зұлымдық істелген кездерде арыстандай айбат көрсету, ол да иманның белгісі саналады.

Алланың сізді кешіруін қалар ма едіңіз?

Алла Елшісінің құлығын өз табиғатына ең керемет сіңдірген сахабалардың бірі Хазіреті Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын) жамандыққа жақсылықпен қайырудың тамаша үлгісі боларлық тұлға еді.

Хазіреті Әбу Бәкір Мыстах атты бір мұқтажға үнемі жәрдем етіп тұрушы еді. Әбу Бәкірдің қызы, Пайғамбарымыздың жұбайы Айшаға қарсы «Ифк» оқиғасында жала жабушылар арасында Мыстахтың да болғанын естіген кезде Әбу Бәкір бұдан былай оның жанұясына көмектеспеуге ант ішеді. Әбу Бәкірдің жәрдемі тоқтап қалған кезде Мыстахтың жанұясы бейшара халге түседі.

Мына аяттың осы оқиға кезінде түскендігі риуаят етіледі: «Араларыңдағы молшылық пен дәулетке ие болғандар жақындарына, міскіндерге, мұхажирлерге Алла жолында бермеуге ант етпесін! Ғапу етіп кешірсін. Алланың сендерді кешіруін қаламаймысыңдар? Алла аса жарылқаушы, ерекше мейірімді!». (Нұр сүресі, 22-аят)

Бұл аят түскен соң Хазіреті Әбу Бәкір (р.а.) «Мен әлбетте Алланың мені кешіруін қалаймын!» - деді де, антын бұзып, әрі мұны бұзғандығы үшін кәффаратын да өтеп барып Мыстахтың жанұясына жәрдем етуін жалғастырған еді. Себебі, ол Алланың кешіріміне лайық болу үшін кешірімшіл бола білу керектігін түсінген еді.

Жамандыққа жақсылық істеудің шегі қалай болмақ?

Бір күні бір топ сахаба Пайғамбарымызбен (с.а.у.) отырғанда Пайғамбардан (с.а.у.) Хазіреті Әлиді не үшін қатты жақсы көретіндігін сұрайды. Әлемдердің Мырзасы (с.а.у.) Алиді қасына шақыруға бұйырады. Біреу хазіреті Әлиді шақыруға кеткенде ол келгенге дейін пайғамбарымыз сахабаларынан мынандай сұрақ сұрайды:

«Достар, сендер біреуге жақсылық жасасаңдар, ал ол сендерге жамандық қылса не істер едіңдер?». Сахабалар бір ауыздан сонда да жақсылық істей беретіндерін айтты. Расулуллаһ қайтадан: «Ал ол кісі тағы да жамандық қылса ше?», деп сұрады. Сахабалар тағы да жақсылық жасай беретіндерін айтты. Пайғамбар (с.а.у.): «Тағы жамандық қылса не істейсіңдер?» - деп еді, бұл жолы сахабалар бастарын төмен қаратып жауап беруден бас тартты.

Сосын хазіреті Әли келді. Расулуллаһ сол сұрақты Әлиге қойып: «Сен біреуге жақсылық жасасаң, ал ол саған жамандық қылса не істер едің?» - деді. Әли (р.а.) жақсылықпен қайыратынын айтты. Пайғамбар дәл осы сұрақты 7 рет қойған еді, Әли бәрінде де: «Сонда да жақсылық жасауды жалғастырамын» деп жауап берді. Сосын сөзін жалғап: «Мен жақсылық жасаған сайын жамандық жасауын доғармаса, мен оған жақсылық қылуды бәрібір жалғастырамын» - деді.

Міне, Али мұсылман бауырларын үнемі осындай қасиетке шақыратын. «Адамдардың ең жаманы жақсылыққа жамандық жасағаны. Ал ең жақсысы жамандыққа жақсылық қайтарғаны», - дейді ол.

Қас дұшпанына да мейірім танытқан ерлер…

Бір күні Фудаил бин Лияз деген мүмин кісіге:

– Пәленше сізді жамандап жатыр - дегенде, ол:

– Уаллаһи, мен оған емес, оған осы сөздерді айтқызған Ібіліске өкпелімін - деп, былай дұға қылған екен: «Раббым, егер мені жамандаған кісі рас айтқан болса мені кешір, егер негізсіз жамандаған болса оны кешіре гөр!».

Мүминдердің жүрегінде Аллаға деген жақындығымен орын алған Халлаж Мансур деген кісі таспен атқыланып өлтірілген екен. Ол кісі тас боранның астында жатып: «Раббым, менен бұрын мына мені атқылағандарды кешір!» деп жалбарынған екен.

Рабиғ бин Хайсам деген кісі бір күні намаз оқып тұрған кезде көз алдында қымбат бағалы арғымағын ұрлап кетеді. Бірақ ол ұрыны қуаламай намазын жалғастырады. Мұны естіген достары жиналып ұрыға беддұға жасамақшы болғанда Рабиғ бин Хайсам оларға: «Тынышталыңдар, маған ешкім зұлымдық қылған жоқ! Ол адам өз-өзіне зұлымдық қылды. Байқұстың өзіне зұлымдық жасағаны жетпегендей біз де оған жамандық жасамай-ақ қояйық» деп тоқтатқан деседі.

Әркім өз ішіндегісін сатады…

Хазіреті Иса пайғамбар (а.с.) тәблиғ жасап жүргенінде бір топ яһуди оған қатты жаман, балағат сөздер айтады. Иса (а.с.) болса оларға жылы-жылы сөйлеп түсіндірумен болады.

Қасындағы шәкірттері: «Олар сізге жаман сөздер айтып жатса, сіз неге әлі де оларға жақсылық істегіңіз келеді?» дегенде:

«Әркім сөзімен өз ішіндегісін сатады» деп жауап берген екен.

Демек адамның іс әрекеттері, қылған қылықтары оның іш дүниесінің айнасы. Ислам ойшылдарының бірі Мәулана Жәләлуддин әр-Руми айтады:

«Қара судың жүздеген кереметі бар. Кірлілерді қабылдап, кірлерін тазалайды. Кәміл мүминге де судай кең көңілді, мөлдірдей болған жарасса керек.

«Топырақтай бол!», - дейді. Топырақ аяқтардың астында тапталып жатса да барлық жаратылғандарға жомарттықпен сый жасап, микроптарын өлтіріп, өз бойынан шипалы да таза дәмдер өндіріп береді».

Олай болса өзінің бастауы су мен топырақтан тұратын адам баласы осы жаратылыстардан тазалық пен кеңпейілділікті үйренуіне әбден болады екен.

Раббымыз осындай кеңдікті, мөлдірлікті баршамызға нәсіп етсін. Жаратушы Алланың кешіріміне лайық болған құлдың дәрежесіне жетуді Раббым бізге жеңілдеткен болсын!Әмин!


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk