wrapper

Қазақта имандылық адамгершілік, ізгілік қасиеттерді білдіреді. Имандылықтың мұндай мағынаны білдіруі қазақтың мұсылман болуынан туындаған. Имандылық сөзі иманнан шыққан. Иман - жүректегі нұр, имандылық соның сыртқы пішіні. Имандылық – Аллаһ Тағалаға иман еткен адамнан туған көркем мінез. Имандылық көркем мінезі әрбір мұсылманның бойынан табыла бермейді. Өйткені, кейбір кәпірдің сипаты кәпір сипаты болмағаны секілді, әрбір мұсылманның сипаты имандылық пен көркем мінезді болуы шарт емес. Атам қазақтың адамгершілік ұғымын имандылық сөзімен беруінде ерекше мән бар. Өйткені, адамгершілік пен имандылық арасында үлкен айырмашылық бар. Адамгершілік – барлық адамның бойында бола алатын адамның адамдық болмысынан  туған қасиет. Имандылық – әлемнің Жаратушысы, Ұлы Досына деген иман атты сүйіспеншілігінен туған аса ізгі қасиет. Яғни, әрбір имандылықта адамгершілік бар болса да әрбір адамгершілікте имандылық болмауы бек мүмкін. Сондықтан қазақта имандылық - ауқымы аса кең үлкен пәлсапалық ой-толғамға ие, ерекше мәнді ұғым.

Атам қазақ иманын - өз болмысының тірегі мен ар-ожданның асыл тас ақиқаты деп ұққан. Сол себепті атам қазақ жүректен иман шыққаннан кеудеден жан шығуды артық санаған. Оған атам қазақтың мына сөзі куә: «Малым жанымның садақасы, жаным арымның садақасы». Бұл жерде атам қазақтың «арым», деп, отырғаны - иман. «Ұят кімде болса, иман сонда», деуі де, содан қалған. Ар-ұятын сатқан жанға «иманын сатты», арсыз жанға   «имансыз», деген сөзбен түйреген.  Қазақта мұндай сөз тіркестері толып жатыр.

Бұл – атам қазақтың аса иманды момын-мұсылман жан екендігінің белгісі. Яғни, қазақ бар жақсылық ұғымды иман сөзімен, бар жамандық ұғымды имансыз сөзімен айқындаған. Ақиқат осы бола тұрса да, кейбір жандардың атам қазақты аруақтарға табынған, мазарларға сыйынған, деулері, неткен жала десеңіші. Өткеніне түңіле қараған ілгеріге үңіле қарап жарытпас.  Иә, қазақ шыр етіп дүние келген баланың құлағына азан айтып, ажалы жетіп бұл жалғаннан озған жанның да жүзін құбылаға қаратып, жаназасын оқып Ұлы Жаратушының жарлығын бұлжытпай орындауға тырысқан. Құранда сол Ұлы Дос «Маған берген уәделеріңді орындаңдар, мен де сертімді орындайын. Және Менен ғана қорқыңдар»,-дейді (Бақара). Міне атам қазақ шексіз ұлынғайыр далада еркін де азат ғұмыр кешіп, сол Ұлы Досына деген уәдесін орындауға тырысып, тек Жалғыз Жаратушыдан ғана қорқып тағзым етіп, басқа жаратылыс атаулыға бас имеген. Аллаһқа тағзым етіп одан ғана қорыққан бөгделерден қорықпас. Ал, Құдайдан қорықпаған, оған бас имеген сөзсіз бөгделерге бас иеді. Бұл айнымас шындық. Жаратушы адамды жаратқанда өзіне қорған тілер етіп жаратқан. Қазақта орынсыз қорыққан жанға «иманы қалмады», «иманы ұшты», «иманы түршікті», деуі, соның дәлелі. Яғни, «қорықсаң, бір Құдайдан қорық, бөгдеден қатты қорқу, иманды адамға жараспайтын қылық», деген, мағыналар бар мұнда.

Қазақ иман мен имандылықты Пайғамбарымыздан үйренген. Пайғамбарымыз былай дейді: «Мен ең ғажап көркем мінезді толықтыру үшін жіберілдім», деу арқылы әлемдегі имандылықтың қаншалықты маңызды екенін көрсеткен. Сондықтан да Пайғамбарымыз имандылықты жаю жолында өзі бірінші үлгі болған. Ол имандылық пен көркем мінезділікте алдына жан салмайтын теңдесіз жан болатын. Ол бірде «Мені Раббым тәрбиеледі. Әрі аса көркем түрде тәрбиеледі»,-деген болатын. Негізінде, Аллаһ Тағаланың адамды жаратудағы негізгі мақсаты осы иман мен имандылық. Сондықтан адам баласы Ұлы Аллаһқа иман етіп, оның мінезі ұқсау керек. Жер бетіндегі адам баласының Аллаһтың мінезіне ұқсауы - осы имандылық. Пайғамбарымыз «Аллаһтың мінезінен үлгі-өнеге алыңдар»,-дейді. Осы үлгі алу мектебінің негізі Құранда жатыр. Аллаһ Тағала Құранды адамдар иман етіп имандылық жасап, толық адам шыңына жетсін, деп, түсірген. Міне, осы кітапты бізге жеткізген Пайғамбарымыз болғаннан кейін, сол кітаптан ең көп үлгі алған да, сол болатын. Оның мінезі жайлы Хазіреті Айшадан сұрағанда «Оның мінезі – Құран»,-деп жауап береді. Негізінде Хазіреті Мұхаммед (с.а.с.) жайлы Аллаһ Тағала кітабында былай дейді: «Сен аса ғажап көркем мінездесің»,-дейді. Бұл- имандылық. Имандылық – адамгершілік, ізгілік. Құранда «Негізінен иман етіп ізгі іс жасағандар, намазды толық орындап, зекет бергендерге Раббыларының жанында сыйлық бар» (Бақара, 2\277). Бұл аяттағы ізгі істер – имандылық. Аллаһқа мойынсұну – иман, ізгі істер жасау арқылы Ұлы Досқа жақындау – имандылық.

Міне, бұлар діннің негіздері боп саналады. Осы иман мен имандылыққа айырқша көңіл бөлген қазақ бұл екі ұғымды өміріне сіңірген. «Адамның пікірі қандай болса, зікірі сол», деген. Атам қазақтың «иманды адам, иманмен қаптап қойғандай, иман таразыға салды, иманы бетінде үзіліп тұр, иманы жолдас болсын» т.б. иманға байланысты сөз тіркестері оның терең иманды болғанының белгісін білдіретін болған.

Мұхитдин Исаұлы


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk