wrapper

Адам баласы – бағзы дәуірлерде жартас үңгірлерден жалаңаш шығып, от жағып, аң етін жеуді үйренген сәтте, аң терілерін киім ретінде пайдалануды да қоса меңгергені мәлім.

Эралар алмасып, ғасырлар жөңкіліп, біздің арғы тегіміз саналатын Сақтар дәуіріне келгенде тау мен даланың тілін түсінген асыл бабаларымыз ат жаратып, қолға ит пен құсты да үйрете бастағаны қазба деректерден бізге мәлім.

Ал Ұлы Ғұн империялары дәурендеген тұста, жылқы түлігін баптап, қалағанынша пайдаланды. Әсіресе, көшпенділік өмір мен сұрапыл дала шайқастарында оның орны бөлекше болды. Бейбіт күндері ат үстіндегі ғұндар топтасып саят құрып, аңға шығудың нағыз шебері болды.

Бәлен ғасыр бойы қалыптасып, шырқау шыңына жеткен құсбегілік, саятшылық өнері далалық мектеп ретінде кейінге өлшеусіз мұралар қалдырды.

Сақтар мен Ғұндардан ұлы мұраны шып-шырғасын шығармай ұстап, баба дәстүрі ретінде ұстанған Түркілер қағанаты дәуірінде бұл өнердің мейманасы тасып, мерейі аспаса, кем түскен жоқ. Ғұндар һәм Түркілердің аңшылық өнері мен құсбегілік, саятшылық шеберлігі мен ғажап білімі жайында қытайдың жазба деректерінде молынан сақталды.

Тіпті, Батыс Түркі қағанаты дәуірінде қытайлардың түркілер мәдениетіне еліктегені сонша, Таң хандығының тақтан үміткер ханзадасы патша болудан бас тартып, түркілерше саут-сайман киініп, қару-жарақ асынып, жасақтарын да түркілерше жасандырып, кең далаға шатыр ткітіріп, саят құрып, аң аулаумен өмірін өткізген. Қытай ханзадасына тақтан бас тартатындай үлкен әсер сыйлаған көшпенділердің саятшылық мәдениеті сол кезде қандай биік деңгейге көтерілгенін байқауға болады.

Ал түркілерден бізге дейін мұра болып аман жеткен бұл бекзат өнердің сан-салалы қыры мен ғажайып баурау күші туралы өзге елдер, әсіресе, батыс ғалымдары да аз қалам тартқан жоқ.

Қазақтар барлық хайуанаттарды «адал» және «арам» деп екіге бөледі.

Адал деп – шөппен, жеммен коректенетіндері, яғни басқа тірі жәндіктерді жемейтіндері, ал арамы – тірі жәндіктерді өлтіріп, етпен коректенетіндері, яғни «қанды етпен» хорек айыратындар. Бұларды әдетте «жыртқыш аңдар», «жыртқыш құстар» деп атайды. Қазақ аңдардың ішінде тек шөп жейтін «адалын» ғана азыққа пайдаланған, оның ішінде аю, суыр, борсық сияқтылардың етін емшілікке болмаса былайғы уақытта мүлдем жемейді. Ел ауызындағы аңыздарда «Аю адамнан азған» дейді, суыр мен борсық інінің түбіне қарап жатады, күнге қарап жатпайды. Сондықтан еті арам делінеді. Аңның ішіндегі кейбір ерекше белгісі барлары, мысалы, жалғыз мүйізді киік, түсі басқа аңдарға ұқсамайтын өзгеше реңділерін атпайды. Бұлар «киелі аң» саналып, атқан адамға бақытсыздық әкеледі деп, оларды аулауға қатаң тыйым салып отырған.

Аңшылар әдетте қолы ашық, жомарт болып келеді. Соған байланысты ма, «Аңшы ешқашан байымайды» дейтін тәмсіл де тараған. Себебі қазақ аңшылықты кәсіп емес, ен далаға шығып, табиғатпен тілдесіп, көңіл көтеріп, серігіп, саятшылық құру деп есептеген.

Төрт түліктің пірлері болатын сияқты, мал баққан көшпелі елдің көмекшісі, жан серігі – итті де қадір тұтуы тегіннен тегін емес. Қазақ «Ит жеті қазынаның бірі» дейді.

Қазақ фольклорында иттің пірі туралы ешқандай мәлімет кездеспейді. Жылқыдан тұлпар, түйеден желмая, сиырдан құнжын сияқты иттің ішінде сирек , жүректісін сырттан дейді.

«Ит тотемі – матриархат кезеңінің культі. Біздің дәуірімізге дейінгі ІV-VI ғасырларда ғұндар келгенге дейін ит бүкіл сақ, массагет тайпаларының, одан асса Орта Азия халықтарының зороастризмге дейінгі культі болып есептелді. Тарихи деректер бойынша, ит тотемінің екі сатысы болған: алғашқысы жерлеу сатысымен байланысты ит отбасының құтына айналған», дейді зерттеушілер.

Құмай тазы туралы аңыз-әфсаналарға зер салатын болсақ, иттің тотемдік культі және күнделікті өмірдегі адамға таза практикалық пайдасынан болса керек.

Ат жақсысы – бозы

Ит жақсысы – тазы.

«Ер жігіттің үш жолдасы бар: жүйрік ат, құмай тазы, қыран бүркіт» дейді халық даналығы. Жақсы иттердің күшігін қазақ бір нәрсе беріп алатын салт бар.

Мұны қарғы бау деп атайды.

Тазымен қасқыр, түлкі алып келе жатқанда аңшыға «Қанжығаң майлансын» деп айтады. Сол кезде аңшы «Байлансын» деп алған түлкі, қасқырын жаңағы тілек тілеушілердің біреуінің қанжығасына байлайды.

Құсбегілік

Қазақ халқы ежелден көшпелі өмір салтын басынан кешірген, сол себептен табиғатпен ерекше байланыста болған. Оның сырына неғұрлым енген сайын, тылсым күшіне одан әрі ұғына түсетінің рас. Табиғат сыйлығы көшпенді халық үшін үлкен тылсым күш болған.

Құс салған бабаларымыз аңшылық-саятшылықты бойына серік еткен. Ел ішіндегі ит жүгіртіп, құс салған.

Тарихи деректерге сенер болсақ, құсбегілік өнері бұдан үш мыңдай жыл бұрын пайда болған. Орта ғасырлардағы итальян саяхатшысы Марко Полоның жазбаларында Құбылай ханның саятшылық мақсатта қолға үйреткен бес жүз сұңқары және басқа да қыран құстары болғандығын және оларды баптап, күтуге, арнайы он мың құсбегі ұстағанын жазады.

Қытайда өмір сүрген қазақ жазушысы Нығымет Мыңжанның «Тінейді сары құсы» деген атақты әңгімесінде аспан тағысы бүркіттің қыр-сыры жайлы тамаша суреттелген еді. Онда атақты құсшы Жалайыр Шораның тұзағынан құтыла алмаған құстар «Аспанда жүрсем қанатым талады, жерге түссем Жалайыр Шора алады», деп зарлайтыны, Алтайға кеткен ақиық құстың иесіне адалдығы мен көзсіз батырлығы ғажап шеберлікпен жазылған.

Құсбегілік – өнердің шыңы. Құс – адамның адал досы. Түзден ұстаған құсты үйрететін адамды құсбегі деп атайды. Құсбегі құсты балапан кезінен бастап баулиды. Ол үшін, томаға кигізіп, сылап-сипап, жем жеуге үйретеді. Одан соң барып, құсты аңға салады. Құсбегілер қолындағы құсын аңға салуға мамыр, маусым айларынан бастап баптайды. Алдымен қан соқты, қызыл сияқты маңызды жем беріп, түлету үшін семіртеді. Бұл кезді қызылға отырғызу немесе түлету деп те атайды.

Құсбегілік өнері қазақ әдебиетінде ерекше орын алады. Аңыздардағы құсбегілік өнері өз алдына жазылса, ал бертінде С. Мұқановтың «Өмір мектебі» шығармасында Саятшы Ораздың бір ауылға күн көріс болған саятшылық, құсбегілік өнері сөз болады. Ғ. Мүсіреповтың шығармашылығын биіктен танытқан «Ұлпан» шығармасында аңшы Мүсірептің саятшылық, құсбегілік өнерін серік еткендігі айтылады. Бұл шығармаларда құсбегілік өнердің қыр-сыры анық айтылған. Құсбегілікке шыққан кездегі кеудеге керемет сезім сыйлайтын сәттер сәтті суреттелген.

Құсбегі – аңға, кұсқа салу мақсатымен бүркіт, ителгі, қаршыға, қырғи сияқты жыртқыш құстарды қолға үйрететін адам.

Құс салуға бірнеше кісі бірігіп шығады. Аң мен құстын мекеніне жетісімен қыран ұстаған құсбегі биіктеу жерге шығып тұрады. Қалғандары дабыл қағып, аңды таутастан, қорымнан үркітіп, үйрек-қазды судан ұшырады. Дабылдан сескеніп, бой көрсеткен аңға, көлден ұшқан кұска томағасын сыпырып қыран қосады. Қолға түскен аң-құсты аңшылар жолына, жасына қарай бөліп алады.

Қазақ арасында аңшылықтың кең тараған түрі - бүркітпен аң аулау. Елімізде бүркіт, көбінесе, Алтай, Тарбағатай, Алатау, Көкшетау таулары мен орман алқаптарында кездеседі.ф


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk