wrapper

Жаратылысымызда мәңгілік ештеңе жоқ. Мәңгілік бір Аллаға тән. Жер бетіндегі жалпы құбылыс үнемі өзгеріске ұшырап, қозғалысқа түсіп, ол мәңгілік жоғалып кетпесе де, бір күйден, екінші бір күйге ауысып отырады. Осы сияқты жер бетіндегі адам баласының тыныс-тіршілігі де үнемі қозғалыста. Сондықтан адамзат, қоғам, дәуір, заман алмасуын қанша рет бастан өткізгені белігісіз. Әрине, әрбір қоғам алмасу дәуіріне ұшырағанда ол жай ғана күй кешпейді. Сөз жоқ адам баласына аз болсын, көп болсын, әйтеуір қандай да болмасын, ауыртпалығының болғаны да, болары да шындық. Оған дәлел, кешегі жетпіс жыл өмір сүрген қызыл үкімет жай ғана ыдырай салғанымен (ұрыссыз-керіссіз), халықтың психологиясына өте қатты әсер етуі. Сол бір қиын-қыстау кезеңде елімізде өмір сүру, дүниені танып білу сезімінде мейірімсіздік пайда болып, бір-біріне деген сүйіспеншілігі кеми бастады. Мәселен, баланың ата-анасына деген сүйіспеншілігінің жоғалуынан, көптеген қариялар балалары бола тұра, қарттар үйін паналады. Ананың іштен шыққан нәрестесіне деген сүйіспеншілігінің жоғалуы салдарынан балалар үйі тастандыларға толды.

Осының барлығы адам баласының, Алланың рахымдылығына, мейірім шапағатына деген сенім, сезімінің аздығынан болып отыр. Алла тағала өзі үлкен сүйіспеншілікпен жаратқан дүниесіне рахым шуағын үнемі үзбей, төгіп тұрады.    Сондықтан, мейірім, рахым, жаратылыстың түп негізі болып есептеледі. Қасиетті Құрандағы сүрелердің "Бисмилләхир-Рахманир-Рахимнан» бастау алатыны, осы мейірім шапағат, рахымы мен сүпіспеншіліктің белгісі. Сол себепті жер бетіндегі Алланың құлдары арасында бір-біріне деген сүйіспеншілік, достық, ыстық ықылас пен мейірім-шапағат үзілмеуі тиіс. "Нұр" сүресінің, 20-аятында: "Егер сендерге Алланың кеңшілігі мен рахымы болмаса (жағдайыңыз қалай болар еді?), шынында, Алла өте жұмсақ, аса рахымды", - делінген. Хазреті Жабғұдың (р.а.) риуаяты бойынша, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мына үш нәрсе кімнің бойында болса, Алла оны қорғауына, қамқорлығына алып, жәннатқа кіргізеді. Олар, әлсіздерге - жұмсақтық, әке-шешеге - мейірім, құлдарға - жомарттық»,- деген.

Осындай адам баласына тән ортақ құндылықтар бір бойынан табыла білген бірден-бір тұлға ғаламға рақым нұрын шаша келген ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.а.с.) болды. Пайғамбарымыз: «Мен көркем мінезді кемеліне келтіру үшін жіберілдім» деп өзінің ұлық мұратын паш етеді. Осылайша ол Ислам діні негізінде адамзаттың бақытына баланған игі жақсылықтың бірі көркем мінез екендігін дөп басып айтқан.

Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Қияметте амалдар өлшенгенде, таразыны ауыр басатын бірден-бір амал - Аллаһтан қорқу мен көркем мінез» екенін айтқан. Пайғамбарымыздың басты ерекшелігінің бірі - халыққа тек құрғақ үгіт-насихат айтып қана қоймай, оны өзінің нұрлы өмірі арқылы өрнектеп көрсете білуі. Сондықтан да жомарттық, әділдік, шынайылық, шыншылдық, сенімділік, мейірімділік, тақуалық, сабырлық қасиеттерінің ең биік шыңында қашан да ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.) тұрады. Пайғамбарымыздың бөле-жара айта кетер бір қасиеті - адам баласындағы бір-біріне қарама-қайшы мінездерді өз бойында ерекше үйлесімділікпен жинақтай білуі еді. Асылында мінез тепе-теңдігін әркез сақтау - жеңіл іс емес. Мысалы, бір адам аса жомарт бола тұра оның сол жомарттығы дарақылыққа, ысырапқа апаруы бек мүмкін немесе аса үнемшіл, ұқыпты боламын деп жүріп сараңдыққа бой алдыруы да ықтимал. Батыр, қаһарман болуы мүмкін, бірақ бұл қасиеттің де өз арнасынан шығып, алды-артын аңдамайтын, жақсы-жаман деп талғамайтын бірбеткей қатігездікке ұласуы да ғажап емес. Ал Пайғамбарымыз (с.а.с.) болса, ешбір жақсы қасиетті екінші бір қайшылық тудыратын қасиетпен шатастырмаған және өз арнасынан асырмаған. Аллаһ елшісі (с.а.с.) ержүрек, батыр және мұнысымен қоса мейірбан, рақымды һәм кішіпейіл. Алайда, тым кішіпейіл, мейірімді болса да ешқашан қорқақтық пен қорлануға бас имеген. Өте салмақты, байсалдылығымен қоса жанындағы адамдарға шаттық сыйлай алатын, күлкісі күміс шашқан, жүзі жарқын нұрлы. Күллі ғаламға ұстаздық етіп, ауқымды мәселелерді қозғаған Пайғамбарымыз кішкентай бүлдіршіндермен құмда отырып ойыншық ойнайтындай қарапайым. Яғни, Аллаһ елшісі (с.а.с.) әркез таразының екі басын тең ұстап, тепе-теңдікті сақтай білген.

Алланың рақметі түсетін сансыз нығметтердің бірі әрі бұйрығы                           туған-туыстармен   тату болу. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туыстарымен тығыз              қарым-қатынас жасаған. Мәселен, «Мен сендерге туыспын. Сондықтан да бұл дүниеде қолымнан келген туыстығымды істеймін. Шын мәнінде, Қиямет бір Алланың игілігінде», - деген екен. Аталмыш хадисте Алланың Елшісі (с.ғ.с.) үш нәрсені меңзеп тұрса керек. Бірінші, туыстығын үзбеу, екінші, қолдан келгенше жәрдемдесу, үшінші, Қиямет Алланың игілігінде екенін түсіндіріп, туралықты бастау және үйрету.

Өйткені, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде «Өзің жақсы көрген нәрсені басқаға да, бауырларыңа да тілемегенше, бір де бірің шынайы мұсылман бола алмайсыңдар», - дейді. Бұл хадисте бес пайдалы өсиет бар.

Бірінші, бауырыңды (туысыңды) өзіңнен де артық жақсы көру,

Екінші, Алланың берген ризығын қызғанбай, керісінше оған да тілеу.

Үшінші, туыс-бауырыңды дұғадан қалдырмау.

Төртінші, өзіңді ғана ойламау!

Бесінші, жәй мұсылман емес, шынайы мұсылман болуға ұмтылу.

Демек бес үгіт бір хадистен шығады. Бұхари мен Тирмизидің хадис кітаптарында Алланың Елшісі (с.ғ.с.) туысынан қол үзуге тыйым салған.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Туыстық қатынасты үзген адам жәннатқа кірмейді» деген екен.

Туыстықтан бас тартудың құлшылыққа зияны бар. Бір күні Әбу Һұрайра (р.а.) жұма күні мешітке кіріп «Біздің мешітімізге жоламасын!» - деп үш рет қайталап айтты. Сонда одан:

- Ей, әбу Һұрайра, ол кім біздің мешітке жоламайтын, - деп жамағат ішіндегі кісі сұрады.

- Апа-қарындасынан, тума-туыстан қол үзген адам, - деп жауап берді ол. Сонда бір жас жігіт мешіттен шығып кетіпті. Ол өз туыстарымен екі жыл араласпай, хабарсыз кеткен екен. Кейіннен ол туыстарынан кешірім сұрап үйіне барады. Сонда одан туыстары:

- Сені қай жел айдап келді? - деп сұрайды.

- Мені айдап келген әбу һұрайраның аузынан шыққан жел, - деді.

- Ол кісі не деді?

- Ол кісі (р.а.) туыстарынан қол үзген адам мешітке жоламасын, - деді. Ол (р.а.) пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) бір нәрсе естіген болар, оны нақтылап сұрайық, - деп әбу Һұрайраның (р.а.) алдына барады. Сонда Әбу Һұрайра айтты:

- Мен Алланың Елшісінен (с.ғ.с.) естідім. Бейсенбі күні екінті намазынан кейін бүкіл жақсы амалдар айрықша көтеріледі. Жұма күнгі бір сағат тілек қабыл болады. Тек тума-туыстан, апа-қарындастан қол үзген адамдардың жақсы амалдары өзіне қайтады, - деді.

Әбу Аюб Әл Ансариден (р.а.) риуаят етілген хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.) алдына бір далалық адам келіп:

- Қай амал мені жәннатқа жақындатып, тозақтан ұзақ етеді, - деп сұрады. Сонда Алланың Елшісі (с.ғ.с.):

- Аллаға құлшылық ет! Оған серік қоспа, намаз оқып, зекет бер және тума-туыстармен қарым-қатынаста бол! - деп бұйырды.

Ибн Мәжәнің риуаятында келтірілген хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір күні Аббастың үйіне келді де, туыстарын жинап шапанын жауып тұрып: «Ей, Раббым, бұлар менің туыстарым, мен бұларды жапқан сияқты, Сен де туыстарымды тозақ отынан құтқар» деп дұға етті», - дейді. Сонда үйдің бұрышынан төрт-бес адамның «Әмин» деген дауыстары естілді. Оның ішінде Аббас ұлдары Файз Абдулла, Убайдулла, Хусам, Мағбад, Абдурахман, Саид, Умму Хабиба бар болатын. Осы мұғжизаны өз құлақтарымен естідік деп айтты. Мұсылман болсақ, ағайын-туысымыздан қол үзбейік.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) мүміндерді өзара жақсы қарым-қатынасты сақтауға, бір-бірімен жақсы мәміле жасауға, қолдарынан келгенше дәйіми сыйластықта болуға үндеген. Ол (с.а.с.) былай дейді: «Кімде (мына) үш (сипат) болса, ол иманның ләззатын сезінеді: Аллаһ және Оның елшісінің оған басқа нәрселерден сүйіктірек болуы; өзі ұнатпайтын біреуді тек Аллаһ үшін жақсы көруі; өзінің тозақ отына тасталуын қалай қаламаса, Аллаһ құтқарғаннан кейін солай кәпірлікке қайтқысы келмеуі». (Бұхари, Муслим) Аллаһ үшін бір-бірлерін жақсы көрген мүміндерге Ахырет күні Аллаһ Тағаланың Өзі назар салып: «Менің ұлылығыммен бір-бірлерін жақсы көргендер қайда? Менің саямнан басқа ешқандай көлеңке болмайтын бүгін Мен оларды Өзімнің саяма көлеңкелетем», дейді. (Муслим) Ал, Пайғамбарымыз (с.а.с.) мұсылмандарға: «Егер бір адам бауырын жақсы көрсе, онда өзінің оны жақсы көретіндігін айтсын», деп насихат еткен.

Мұсылман өзі ұнатқан нәрсені бауыры үшін де ұнатады, өзі жек көрген нәрсені бауыры үшін де жек көреді. Аллаһ елшісі (с.а.с.) былай деген: «Сендердің біреулерің өзіне ұнатқанды бауырына да ұнатпайынша иманға келмейді». (Бұхари, Муслим)

Мұсылмандардың мұндай ыстық ықыластары мен жылуарлық сезімдері олардың тыныс-тіршілігіне септігін тигізіп, мүміндердің өзара қарым-қатынастары нығайып, ынтымақ-бірліктері берік қалып алады.

Мұсылмандардың өзара байланысы жайлы Аллаһ елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Мұсылмандардың өзара сүйіспеншіліктегі, рақымшылықтағы және бауырмалдықтағы мысалы (адамның) тәні сияқты, егер оның бір ағзасы ауырса, (онда) дененің қалған (бөліктері де) ұйқысыздық пен ысытпаға ұшырайды». (Муслим) Мұсылман мұсылманға қатысты әрбір мақұл көрілмейтін іс-әрекеттерден сақтануы керек.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтқан: «Бір-бірлеріңді күндемеңдер, бір-бірлеріңе қымбат сатпаңдар, бір-бірлеріңді жек көрмеңдер, бір-бірлеріңнен теріс айналмаңдар, бір-бірлеріңнің саудаларыңды бұзбаңдар, (бір-біріңе) бауыр болыңдар, о, Аллаһтың құлдары! Мұсылман – мұсылманның бауыры. Оған зұлымдық қылмайды, оны көмексіз қалдырмайды, оны төмендетпейді. Тақуалық – мұнда. (Пайғамбар (с.а.с.) үш рет кеудесін нұсқады) бір кісіге жеткілікті жамандық – оның мұсылман бауырын төмендетуі. Мұсылманға мұсылманның қаны, малы және намысы харам». (Муслим).

Мұсылман адам бауырымен мәміле жасауда ашуына ерік бермей, оған кешіріммен қарайды. Құранда Аллаһ Тағала мұндай сипатқа ие мұсылмандарды: «...ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірушілер...» (Әли Имран: 134), деп сипаттаған.

Нағыз мұсылман бауырына кеңпейілдік танытып, оны Аллаһ үшін кешіреді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) өз хадисінде былай дейді: «Егер пенде кешірсе, Аллаһ оның даңқын арттырады, егер кімде-кім Аллаһ үшін кішіпейілдік танытса, Аллаһ оны жоғарылатады». (Муслим) Мұсылманның мұсылманмен араздасып қарым-қатынасын үзуі дұрыс емес. Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтады: «Мұсылманның бауырымен үш күннен артық (араздасып) қарым-қатынас жасамай қоюы дұрыс емес. Екеуі жолығып, мынасы да теріс айналады, мынаусы да теріс айналады. Ол екеуінің жақсысы – бірінші боп сәлем бергені». (Бұхари, Муслим) Мұсылман адам бауырын ғайбаттап, оның артынан өсек таратпайды. Құранда олардың бір-бірлерін ғайбаттаулары өлген бауырларының етін жегенге теңелген. Аллаһ Тағала айтады:

«...біреуді біреу ғайбаттамасын. Біреулерің өлген бауырының етін жеуді жақсы көре ме?» (Хужурат: 12)

Мүмін-мұсылман бауырымен дауласудан, оны ренжітетін әзіл-қалжыңдарды айтудан сақтанады, оған уәде берсе, сөзінде тұрады. Аллаһ елшісі (с.а.с.): «Бауырыңмен дауласпа, оны келемеждеме, орындай алмасаң оған уәде берме», деген. Мұсылман адам бауырын өзінен артық қойып, оған өзіне қымбат нәрсені қияды. Аллаһ Тағала мухажир бауырларынан ештеңелерін аямаған ансарларды мақтап былай деген: «Сондай бұрыннан (Мединеде) қоныстанған иман иелері; олар өздеріне көшіп келгендерді жақсы көріп, оларға берілген нәрселерге көңілдерінде кірбіңдік болмайды.

Сондай-ақ өздерінде таршылық бола тұра оларды өздерінен артық көреді. Кім сараңдықтан сақсынса, солар құтылушылар». (Хашыр: 9) Мүмін адам бауырына тек жақсы нәрселерді ғана мақұл көріп, ол үшін игілік тілеп Аллаһқа дұға қылады. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Дұғалардың ең жылдамы – біреудің біреуге сыртынан қылған дұғасы», деп мұсылмандардың бір-біріне тілеулес болуын қалаған. (Бұхари)

Мұсылмандар өзара бауыр. Олардың бір-бірлерінде құқықтары бар. Әбу Хурайра (р.а) Аллаһ елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізеді: «Мұсылманның мұсылмандағы ақысы алтау: онымен жолықсаң сәлемдес; шақырса қабыл ал; ақыл-кеңес сұраса кеңес бер; түшкіріп, «әлхамдулилләһ» десе «йархамукаллаһ» деп айт; ауырса зиярат қыл; дүние салса шығарып сал». (Муслим)

Адамдар арасындағы мейірімсіздік әлсіреп, тіпті жойыла бастаса, оны пендесіне мойындату Алла үшін қиын емес. Ерте ме, кеш пе әйтеуір жаратқан пендесін тәубесіне келтіреді. Ондай жәйттер бүгінгі өмірімізде де көптеп кездесуде. Сондықтан, мұсылман өз өмірін ислам нұрымен нұрландырып жүруі үшін әуелі мейірімді болуы қажет. Адамдарға зорлық-зомбылық пен ақиқатты сүйіндіру мүмкін емес. Тек мейірім, сүйіспеншілік үлгісін көрсету Алла тағала мен оның сүйікті Елшісі (с.ғ.с.) әкелген адами құндылықтар арқылы іске асады.      Мейірім сезімін адамға жас күнінен бастап тәрбие арқылы бала бойына сіңіру қажет. Сонда ғана жас ұрпақ бойына отанға, айналасына деген сүйіспеншілік ұялары анық.

Адам баласы қауым болып өмір сүруге бейім жаратылған. Жеке және қоғамдық қатынастарды реттеуде, жүйелеуде көркем мінездің орны ерекше. Көркем мінез - адамның іс-әрекетін, ішкі және сыртқы сезімдерін қамтитын бесаспап ауқымды жүйе. Ал оны толық қамтитын - бүкіл адам баласына ортақ діни қағидалар. Қандай да бір жүйені Алла тағала пенденің өз еркіне салса, ол жүйесіздікке ұрындырады. Бүгінгі қоғамымыздағы түрлі мінез-құлық нормалары соның айғағы. Батыс пен шығыстың құндылықтары екі бөлек болғандықтан, жалпы адам баласының басын біріктіретін ортақ құндылықтардың болуы заңды.


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk