wrapper

Қазақ халқында балаға қатысты наным-сенімдер өте көп. Қазақтар балаға, әсіресе бала тәрбиесіне көп көңіл бөлген халық. Жалпы бала дүниеге келгеннен бастап, есейген шағына дейін 20 шақты әдет-ғұрып жасалады. Қазақ халқы секілді баланы ерекше қадірлеп, көңіл бөлетін халық жоқ десек те артық болмас. Біздің халық сәби дүниеге келгенде Шілдехана жасау, 40 күн толғанда Қырқынан шығару, ат қою, бесікке бөлеу және тұсау кесу секілді ғұрыптарды әлі күнге орындап келеді. Бүгінде сіздерге сол балаға қатысты дәстүрлердің бірі тұсау кесу туралы баяндайтын боламыз.

Тұсаукесер – сәби бесіктен шығып, еңбектеуден өткен соң, қаз тұрып, тәй-тәй басқанда жасалатын дәстүр. Бала екі табанымен тұрып, алғашқы қадам жасауға талпына бастаған сәтте дана қазақ “баламыз тез жүріп кетсін” деген ниетпен, сәбидің тұсауын кестіріп, думандатын той жасайды.

Ырымшыл қазақ тұсауы кесілмеген бала сүріншек, болашақта жығылғыш болады деп пайымдайды. Ал тұсауы кесілген бала біреудің ала жібін аттамайтын адал, жолы ашық азамат болады деп санаған. Сондықтан, қаз тұрып, тәй-тәй басып келе жатқан баланың тұсауын кесу бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан ескі дәстүр. Тіпті, бұл күнге орай кішігім думанды той жасалады.

Дана қазақ баланың тұсауын ала жіппен, малдың тоқ ішегімен және көк шөппен кестірген. Ала жіппен – бала ешкімнің ала жібін аттамасын, ақ пен қараны ажырата алатын, адал азамат болсын деген ниетпен кеседі. Ал малдың тоқ ішегімен кесу себебі, бала бай, дәулетті азамат болсын деп ырымдауында. Сондай-ақ, бала шөптей қаулап өссін, шөп сияқты көгеріп, көбейіп, көктесін, ұрпақты болсын деп ырымдап, тұсауын көк шөппен кеседі.

Бір қызығы, қазақ халқы баланың тұсауын жәйбасар, сүріншек адамдарға кестірмейді екен. Баланың тұсауын жиналған көпшілік арасынан шаруаға икемді, елгезек, қимылы ширақ, іске епті қасиеттерімен көзге түсетін қағылез, пысық адам таңдалып алынып, соған кестіреді. Болашақта бала сол адам секілді үлгі тұтарлық азамат болсын деген ниетпен пысық адам таңдайды.

Кейде баланың ата-анасы тұсау кесуші адамды ырымдан өздері таңдап жатады. Көбіне баланың тұсауын көп балалы салиқалы анаға немесе абыройы асқан ақ жаулықты әжеге кестіреді. Сонымен қатар, тұсау кесетін адам тұсау кесу дәстүрінің негізгі жабдықтарына кітерін 1,5 метрдей ала жіп мен пышақты өзімен бірге алып кетуі тиіс.

Тұсау кесуші әже немесе әйел тәй-тәй басқан баланың аяғына ала жіп байлап жатып:

Қаз-қаз, балам, қаз, балам,
Қадам бассаң мәз болам.
Күрмеуіңді шешейін,
Тұсауыңды кесейін.
Қаз-қаз, балам, қаз, балам,
Тақымыңды жаз, балам,
Қадамыңды қарайық,
Басқаныңды санайық.
Қаз-қаз,балам, жүре гой,
Балтырыңды түре ғой.
Тай-құлын боп шаба ғой,
Озып бәйге ала ғой.
Қаз баса ғой, қарағым,
Құтты болсын қадамың.
Өмірге аяқ баса бер,
Асулардан аса бер.
Жүгіре қойшы құлыным,
Желбіресін тұлымың,
Елгезек бол, ерінбе.
Ілгері бас, шегінбе,- деп өлеңдете отырып, тұсауын пышақпен кеседі.

Содан кейін тұсауы кесілген баланы жайылған ақ матамен немесе кілеммен қолынан жетектеп жүгіртіп, шашу шашады. Ал баланың ата-анасы тұсау кесушіге кәдесін табыстап, арнайы «тұсау кесер» сыйлығын береді. Кейбір жерлерде кілемнің үстіне кітап, қамшы, аспап секілді түрлі заттар қойып, балаға таңдатады. Бала қайсысын таңдаса, сол салаға бет бұрады деп есептейді.

Ескере кететін бір жайт, баланың тұсауын қайшымен емес, пышақпен кесу керек. Қазақ халқы қайшылануды жақсы ырымға баламайтындықтан, баланың тұсауын қайшымен кестірмеген. Сол себептен, ата-бабамыз “баланың өмірі қайшыланып қалмасын” деп, тұсауын қайшы емеменс, пышақпен кескен.


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk