Print this page

Жаһандану қазақ қоғамын құрдымға батырып бара жатқандай. Бүгінде көптеген жастар ата-аналарын қарттар үйіне өткізуді үрдіске айналдырған. Бұл – өте үлкен қасірет. Әсіресе, мұсылман ата-аналарды көрсек те, еш қиналмаймыз. Тіпті күнделікті өмірімізде ата-анасын ренжітіп, оларға қатты сөйлеп, қол көтеріп жататындар да кездеседі. Бұл неліктен? Оған таңданып қарағанша келешекте осынау ақжаулықты аналарымыз бен ардақты әкелеріміздің, аталарымыздың осы жалған дүниенің тозағына түспеудің қамына кірісуіміз керек. Шариғат бойынша ата-ананың разылығы – Алланың разылығы. Ал ата-ананың ашуы мен ызасы, яки қарғысы Жаратқан Алланың қаһарына тең. Ата-ананың сені қарғадым деп айтуы міндет емес. Олардың көңілін қалдырудың өзі – перзенттің қарғысқа ұшырауы деген сөз.

«Жаннат аналардың аяғының астында» деген нақылды білмейтін мұ­сылман жоқ. Бірақ ешкім бұл сөздің мағынасына терең көз жүгірте бермейді. Ата-ана мен перзенттері қандай байланыста болуы туралы қасиетті Құранда анық жазылған мә­ліметтер мен өсиеттер көп. Жаныңа жақын екі абзал жан дүниеден өткен соң оларға үлкен мал сойып, басын қарайтып там соғып, бейітін көтеріп, ата-ананың разылығын алдым деу – асқан қателік. Нендей жақсылық жасасаң да көзі тірі кезінде жасау керек. Құран Кәрімде: «Раббың тек оның өзіне ғана ғибадат етуіңді және ата-анаға жақсылық қылуды әмір етті. Егер құзырыңда олардың бі­реуі, әйтпесе екеуі бірдей қартайып қал­са, оларға «түһ» деуші болма, ренжіте көрме және оларға жақсы сөз айт! Екеуіне де зор мейірмен, кішіпейілмен бас иіңдер, Тәңірім, мені кішкентайымнан мәпелеп өсір­гендей сен оларға рақым ет де». Демек, Алланың ғибадатынан кейін ата-анаға жақсылық жасау қажет. Бұл – Алланың әмірі, парыз. Алла Тағала аятта өзіне ғибадат етуге шақырып тұрып, ата-анаға жақсылық жасауды ескертіп тұр. Өз кезегінде бұл Ислам дінінде ата-ана ақысының қаншалықты екенін білдіреді. Бір күні ардақты Пайғамба­ры­мыздың (с.ғ.с.) алдына бір әйел келіп: – Сіздің жақын сахабаңыз әрі сырласыңыз болған Алқама қатты қиналып, өлім төсегінде жатыр, – деп хабар береді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Әбу Бәкір Сыдық пен Біләл азаншыны (р.ғ.) жіберіп, Алқамадан хабар алуды бұйырды. Әбу Бәкір келіп, Алқамамен сұхбаттасқанда Алқама сөйлеп, өзі­нің жайынан хабардар етті. Алайда тілін кәлимаға келтіріп, «Лә иләһа иллаллаһ» деп айта алмады. Бұған таңырқаған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзі келіп көреді. Бар жайдан қанық болған соң сахабаларына қарап: – Бұл Алқаманың ата-анасы бар ма? – деп сұрайды. Сахабалар: – Әкесі ертеректе дүние салған, анасы болуы керек, – деседі. – Ол анаға хабар беріңіздер. Егер келе алса менің құзырыма келсін, келе алмаса өзім барайын, – дейді. Хабарды алған Алқаманың анасы: – Пайғамбарымыздың алдына өзім барамын, – деп Расулалланың құзырына келеді. Сыртта көлеңкеде ауырып жатқан баласының ма­ңайынан өтіп барып, тіке Расулалла (с.ғ.с.) Пайғамбардың алдына келіп, сәлемін береді. Пайғамбарымыз одан: – Сіздің балаңыз Алқама қандай бала еді? – деп сауал қояды. – Балам жақсы, сіздің маңа­йыңызда қызмет атқарады, – дейді. Сонда Пайғамбарымыз: – Жоқ, сіз­бен мәмілесі қандай еді? – дегенде: – Менің баламнан көңілім қалғаны қашан, бұл баланы балам деп ұмытқалы көп уақыт болды, – дейді де, көз жасын тыя алмайды. Себебін сұрағанда: – Баламның сәби кезінде әкесі дүние салды. Жесірліктің тауқыметін тарттым. Күйеуге де шықпадым. Осы жалғыз балама өгей әкесі көзін тігіп, қабақ шытып қараса, жүрегім бұл жағдайға шыдай алмайтынына сендім. Балам өсіп, азамат болды. Үй болды. Бірақ сол күннен бас­тап бар тәтті тамақты әйеліне тасыды, бар жылы сөзді әйеліне арнады. Осы жағдайларды көріп, бір үйде тұра алмайтынымды білген соң, жүгімді жинап, кетуге даярландым. Сонда балам: «анашым, сіз мені бағып-қақ­қан едіңіз, енді қайда барасыз?» деп сұрауға да шамасы келмей, баратын үйіме жүгімді көтеріп, апарып берді. Міне, сол сәттен бері аналық мейірім-махаббатым бұл балама теріс болды... Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): – Балаңыз жалған дүниемен қош айтысқалы жатыр. Разылығыңыз­ды білдіріңіз, – дейді. – Разы емеспін, – деп ана қай­талайды. Сол сәтте Пайғам­барымыз (с.ғ.с.) сахабаларына: – Отын жиыңдар да, үлкен алау жағыңдар! Анасын нариза еткен баланың отта жануын анасы және баршаларыңыз көріңіздер! – деп бұйырады. Сонда Алқаманың анасы: – Ей, Расулалла Пайғамбар, балам жанғанша, сол отта мен жана­йын, балама разымын, разымын, – деп бірнеше рет қайталайды. Сол сәтте Алқама «Лә иләһа иллаллаһ» деп жан тапсырады. Пайғамбар (с.ғ.с.): – Дүниенің азған отына ба­лаңыздың түсуін қаламадыңыз, ра­зылық бермегеніңізде балаңыз мәң­гілік тозақ отына түсер еді, – дейді. Міне, осыдан-ақ дүниедегі ең қымбат жан ана мен әке екенін аңғаруға болады.

Ата-анасына мейірі жоқ, қадірлемейтін перзентті имансыз деп айтса да артық болмайды. Имам Мүслим (р.а.) риуаят еткен хадис шәріпте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ата-аналарыңа мейірімді болың­дар, сонда перзенттеріңнен мейір көресіңдер», – деген. Бірде бір жігіт Пайғамбарымызға мынадай өтінішпен келіпті: – Әкем қартайғанның салдарынан жайсыз болып кетті. Үйіме келіп, қолына не ілінсе соны алып кете береді, – депті. Мұны естіген Расул­ал­ла (с.ғ.с.) баланың әкесін өзінің құзырына шақыртты. Алдына келген қарияның үстіндегі киімі әбден тозған, өзі бейшара халге түскен екен. – Ұлыңның сөзі рас па? – деп одан сұрайды. Ол: – Иә, дұрыс. Мен ұлымды бақ­тым-қақтым, өсірдім. Азамат болсын деп жалғыз өзім тәрбиеледім. Анасы ерте дүние салған еді. Өзім жемегенді ұлыма жегіздім, өзім кимегенді осыған кигіздім. Қартайған кезімде бағады ғой деген зор үмітім де болған. Бірақ ұлым анасыз өскеннен бе, мейірім-шапағаты жоқ азамат болып шық­ты. Маған қарайламайды, сондықтан өз күнімді өзім амалдап жүрмін. Ұлымның үйіне бара қалсам, қолыма ілінген затты ала кетемін. Ол затты сатып, ақшасына тамақ жеп күнелтемін. О, Алланың елшісі Расулалла! Бұл ісім дұрыс па, әлде қате ме, білмеймін, – деп егіліп жылайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ашуға булығып, ұлына қарап: – Тапқан дүниең, сатып алған зат­тарың, тіпті сенің өзің де әкеңнің жеке мүлкіндейсің! Егер тапқан табысың әкеңді бағуға жетпесе, әкең сенің өзіңді сатып жіберуге де құқы бар. Сен тапқан табысыңды өзімнің ғанам мүлкім деп, бұған басқаның қатысы жоқ деп ойлама! Барлық дүниеңе әкең ие! – деп қатты айтады. Халық даналығында: «Әке-ше­шең жынды болса, байлап бақ» демей ме? Пайғамбардан (с.ғ.с.) да: «Я, Расу­лалла, жақсылықты алдымен кім­ге істейміз?» – деп сұрағанда, ол (с.ғ.с.): – Анаңа! – деді. – Одан кейін ше? – Анаңа! – Ал одан кейін ше? – Анаңа! – Ал одан кейін ше? – Әкеңе! Міне, осы сияқты ата-ананы ма­дақтайтын ғибраты мол риуаят­тар­дың сансыз легін келтіруге болады. Ата-ана ақысы – дүниеден мәңгілік­ке дейін жалғасатын бір ғана ізгі жол. Жаратқанның берген сыйлығын, яғни ата-анасын қадірлей алмай яки олардың қызметін жасай алмағандар дүниеден қадірсіз, құрметсіз пұ­шайман болып өтеді. Мешіттен сансыз имам, молда шақырып, садақа беріп, Құран оқытып, хатым Құран тү­сіртсе де, өз баласының оқыған бір-екі аятына ол нәрселер жете алмай­ды. Сондықтан бабаларымыздың сара жолынан адаспай, ата-аналары­мыз­дың разылығына бөленейік! Ұрпақ­қа ұла­ғатты тәрбие берейік!