Print this page

Адам баласы дүниеге келіп, ес жиып, есейіп, оң мен солын айыра бастаған соң, ең алдымен бүкіл әлемді жаратқан құдіретті күштің иесі - Алла тағаланы барынша жан-тәнімен сүйіп, осы сүйіспеншілігімен өмірден өтуі керек. Жалпы сүйіспеншілік ұғымы - бүкіл жарық дүниені сүю. Ал жарық дүниеге Алла тағала жаратқан бүкіл әлем кіреді емес пе? Егер адам баласының сүйіспеншілігі бүкіл әлемге, яғни жанды, жансыз дүниеге (тау, тал, адам, мақұлық) бірдей болса, нұр үстіне нұр.

Міне, осыдан жер бетіндегі халықтар достығы орнығып, адам баласы ұлтына, нәсіліне қарамай туыстық қатынасты жолға қойса, қане?! Себебі, бүкіл адам баласының атасы - Адам, анасы - Хауа. Яғни, бір ата, бір анадан жаратылғанбыз. Оның дәлелі ретінде "Хұжрат" сүресінің 13-аятында: "Ей, адамдар! Біз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам мен Хауадан) жараттық. Содан соң, бір-бірлеріңді тануларың үшін ұлттар мен рулар еттік. Шынында, Алланың алдында ең ардақтыларың - нағыз тақуаларың",- деген. Ал, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) қоштасу қажылығында айтқан құтбасында:

"Ей, адамдар! Шындығында, сендердің Тәңірлерің жалғыз және сендердің әкелерің бір. Бірде-бір арабтың араб емеске үстемдігі жүрмейді және араб еместің арабқа үстемдігі жүрмейді. Өйткені, бүкіл адамзат - Адам атаның ұрпақтары. Ал, Адам атаны Алла тағала топырақтан жаратқан", - деген болатын.

Бұдан көріп отырғанымыздай, Алла тағала пендесін қайырымды, мейірімді, ыстық, жылы жүрегімен жаратқан. Әлем халықтары оның ұлтына, ұлысына, нәсіліне, қайбір діннің жетегінде жүрсе де, бәрі туыстай қатынаста болуы керек.

Әрине, қандай қоғам болмасын, әртүрлі ұлт, ұлыстардан құралатыны белгілі. Егер осы қоғамда ұлтаралық татулық, бірлік сақталмаса, ол қоғам өміршең болмасы өзінен-өзі түсінікті. Қазақта "Мың қосшыдан, бір басшы" деген мақал бар. Бұл дегеніңіз - қайсыбір ел, мемлекет болмасын, оның бар тіршілігі бір басшыға байланысты деген сөз.

Адам баласының достық сезімі адаммен бірге жаратылған. Ал бірлігін сақтау жолы, яғни, кілті, ол діни сенім. Егер осы діни сенім адам өмірінен алыстай бастаса, яғни адамның жаратқан Иесіне деген сенімі кеми бастаса, ол қоғам әлсірей түсетіні сөзсіз.

Аллаға шүкір, біздегі тыныш та бейбіт өмір әлемнің өзге елдерінде сирек. Бірі ұлтаралық даумен басы қатса, енді бірі лаңкестік арандатушылыққа бой алдырды, тағы бірі, тойғанын көтере алмай, Құдайға деген сенімін жоғалта бастап, түрлі табиғат апатына ұшырауда. Еліміздің мұндай жағдайға ұшырамауының басты себебі, халықтың Жаратушысына деген сенімінің молдығы.

Алла тағала сүйікті құлдарын әртүрлі мінез-құлықпен, яғни өмірді түсініп, сүюдегі дәрежесін әртүрлі етіп жаратқан. Біреудің өмірге деген сүйіспеншілігінің аздығы, оның жаратқан Иесін танып-білудегі рухани жұтаңдығымен бай-ланысты екені рас. Бұл орайда дәл осы кемшіліктің өз бойымызда бар екендігін көбіне мойындамаймыз.

Мұның орнын толтырудың жолы - біріміздің білмегенімізді екіншіміздің көмегімен толықтыру. Ол үшін өзара жанашырлық, достық қажет. Достық дегеніміз - жер жүзі халықтарына үлгі болып тұрған асыл дініміздің шариғат шарты, яғни талабы.

Адамның дүниеге деген сүйіспеншілігі жайында ұлық пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көптеген хадистері бар. Ешкім де туысқан-туыссыз, ауылдас-көршісіз емес. Ислам осы: «Ағайын-туыс, көрші-ауылдастарыңмен ұсақ-түйекке мән бермей оны берік, жақсы достық қатынаста ұстаңдар», - деп оларға үлкен мән берген.

Ұлтаралық қатынас жақсы болмайынша, еліңде береке, бірлік болмайды.

"Мен Расулулланың (с.ғ.с.): "Ризығы берекелі және ғұмыры ұзақ болуын қалаған адам, туысымен қарым-қатынасын үзбесін", - деп айтқанын естідім (хадисті имам Бухари риуаят етті).

"Туыстық қатынасты үзген адам жәннатқа кірмейді" (хадисті имам Бухари және имам Муслим риуаят етті).

"Туыстық Алла тағаланың "рахымды" сипатының атауынан жаратылған. Туыстардың арасында қатынас үзілген уақытта "туыстық":

- Иә, Раббым! Мен зұлымдыққа ұшырадым. Иә, Раббым! Мен үзілдім. Иә, Раббым! Мені кемсітті, - деп шағымданады. Сонда, Алла тағала: "Сені (яғни, туыстық қатынасты) үзгенді рахымымнан мақұрым етемін, ал сені сақтағанды рахымыма бөлеймін. Осылай етсем разы боласың ба?" - дейді (хадисті Әбу Һұрайрадан (р.а.) имам Бухари риуаят етті).

"Арасында туыстық қатынасты үзген адамдары бар қауымға, Алла тағаланың рахымы түспейді» (хадисті Убайдуллаһ Ибн Мусадин (р.а.) имам Бухари риуаят етті).

Ойлап қарасақ, дәл осы хадж сипаты біздің елімізді сипаттап тұрғандай. Алла тағала осы тыныштық, береке бірліктен бізді айырмасын деп тілейік.

Жаратылысымызда мәңгілік ештеңе жоқ. Мәңгілік бір Аллаға тән. Жер бетіндегі жалпы құбылыс үнемі өзгеріске ұшырап, қозғалысқа түсіп, ол мәңгілік жоғалып кетпесе де, бір күйден, екінші бір күйге ауысып отырады. Осы сияқты жер бетіндегі адам баласының тыныс-тіршілігі де үнемі қозғалыста. Сондықтан адамзат, қоғам, дәуір, заман алмасуын қанша рет бастан өткізгені белігісіз. Әрине, әрбір қоғам алмасу дәуіріне ұшырағанда ол жай ғана күй кешпейді. Сөз жоқ адам баласына аз болсын, көп болсын, әйтеуір қандай да болмасын, ауыртпалығының болғаны да, болары да шындық. Оған дәлел, кешегі жетпіс жыл өмір сүрген қызыл үкімет жай ғана ыдырай салғанымен (ұрыссыз-керіссіз), халықтың психолагиясына өте қатты әсер етуі. Сол бір қиын-қыстау кезеңде елімізде өмір сүру, дүниені танып білу сезімінде мейірімсіздік пайда болып, бір-біріне деген сүйіспеншілігі кеми бастады. Мәселен, баланың ата-анасына деген сүйіспеншілігінің жоғалуынан, көптеген қариялар балалары бола тұра, қарттар үйін паналады. Ананың іштен шыққан нәрестесіне деген сүпіспеншілігінің жоғалуы салдарынан балалар үйі тастандыларға толды. Халқына, ағайын-жұртына деген сүйіспеншілігінің жоғалуынан кейбір шенеуніктер дүниеқоңыздыққа салынып, елге шығын әкелді. Осының барлығы адам баласының, Алланың рахымдылығына, мейірім шапағатына деген сенім, сезімінің аздығынан болып отыр. Алла тағала өзі үлкен сүйіспеншілікпен жаратқан дүниесіне рахым шуағын үнемі үзбей, төгіп тұрады. Сондықтан, мейірім, рахым, жаратылыстың түп негізі болып есептеледі. Қасиетті Құрандағы сүрелердің "Бисмилләхир-Рахманир-Рахимнан» бастау алатыны, осы мейірім шапағат, рахымы мен сүпіспеншіліктің белгісі. Сол себепті жер бетіндегі Алланың құлдары арасында бір-біріне деген сүйіспеншілік, достық, ыстық ықылас пен мейірім-шапағат үзілмеуі тиіс.

Бұл жайлы қасиетті Құранның "Бақа-ра" сүресінің, 143-аятында: «Алла тағала имандарыңды жоймайды. Еш күмәнсіз, Алла адам баласына тым жұмсақ, аса рахымды», - делінсе, "Ағраф" сүресінің, 156-аятында: «Менің рахымым барлық нәрсені тегіс қамтиды», - делінген.

Ал, "Нұр" сүресінің, 20-аятында: "Егер сендерге Алланың кеңшілігі мен рахымы болмаса (жағдайыңыз қалай болар еді?), шынында, Алла өте жұмсақ, аса рахымды", - делінген. Хазреті Жабғұдың (р.а.) риуаяты бойынша, пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мына үш нәрсе кімнің бойында болса, Алла оны қорғауына, қамқорлы-ғына алып, жәннатқа кіргізеді. Олар, әлсіздерге - жұмсақтық, әке-шешеге - мейірім, құлдарға - жомарттық»,- деген.

Ибн Аббас (р.а.) арқылы жеткен мына бір хадисте: "Мейірімді, жұмсақ жүректі болмайынша, иман еткен болып саналмайсыңдар»,- делінеді.

Кешегі өткен қоғамымызда еларалық достық, сүйіспеншілікті сақтау жолында көптеген жұмыстар атқарылғанымен, өміршең болмады. Оның себебі, ол кезде сүйіспеншілік, достық қатынастарда жасандылық басым еді.

Осылайша Алла мейірімділігіне деген сенімімізді әлсіретіп алсақ, енді қайта қауышып отырмыз. Бұған да шүкір дейміз. Енді осы әлсіздікті бәйгеге қосатын аттай баптап, қайта қуаттандыруымыз керек. Ол үшін Алла-ны танып, оны бір деп, жер бетіне деген мейірім шапағатын мойындап, күнделік-ті тұрмысымызда бір-бірімізге деген достық, сүйіспеншілігімізді нығайтуға, кемшілігімізге үлкен кешірімділікпен қарауға тиіспіз. Болмашы нәрсеге бола бір-бірімізбен араздаспауымыз керек. Досыңның басындағы түрлі тағдыр істеріне достықпен, аяушылықпен қарауға дағдыланайық. Сондай-ақ "Күлме досқа, келер басқа",- деген халық даналығын естен шығармағанымыз абзал.

Адамдар арасындағы мейірімсіздік әлсіреп, тіпті жойыла бастаса, оны пендесіне мойындату Алла үшін қиын емес. Ерте ме, кеш пе әйтеуір жаратқан пендесін тәубесіне келтіреді. Ондай жәйттер бүгінгі өмірімізде де көптеп кездесуде. Сондықтан, мұсылман өз өмірін ислам нұрымен нұрландырып жүруі үшін әуелі мейірімді болуы қажет. Адамдарға зорлық-зомбылық пен ақиқатты сүйіндіру мүмкін емес. Тек мейірім, сүйіспеншілік үлгісін көрсету Алла тағала мен оның сүйікті Елшісі (с.ғ.с.) әкелген адами құндылықтар арқылы іске асады. Мейірім сезімін адамға жас күнінен бастап тәрбие арқылы бала бойына сіңіру қажет. Сонда ғана жас ұрпақ бойына отанға, айналасына деген сүйіспеншілік ұялары анық.