Соңғы кездері матуриди ақидасына «матуридилер Алланы барлық жерде» деп есептейді деген негізсіз жалалар жабылып жүр. Бұлар матуриди ақидасы бойынша жазылған кітаптарды оқымайды. Матуридилерді адасқан ағым – жаһмиямен білместікпен не әдейі шатастырады. Сол жаһмия ағымы Алла барлық жерде, деп сенеді. Ал енді матуридилердің сенімі бойынша бұл мәселе қалай? Оны бірге қарастыралық.
Матуриди ақидасының негізін қалаушы Имам әл-Матуриди «Китабут-таухид» атты еңбегінің 172-бетінде: «... Бұл Алла тағаланың мекенмен сипатталудан пәк екенінің дәлелі. Өйткені, мекен болмай тұрып та, Алланың бар болғандығы анықталған. «Рахман аршыға истиуа етті» (Тоһа сүресі, 5-аят) деген сөйлемде Аллаға мекен белгілеуге негіз жоқ. Қалайша, Алланың «Біз адам баласына күре тамырынан да жақынбыз» (Қоф сүресі, 16-аят), «Үш адам өзара сыбырласса, төртіншісі Алла болады» (Мүжәдәлә сүресі, 7-аят), «Біз сендерге қарағанда оған әлде қайда жақынырақпыз» (Уақиға сүресі, 84-аят), деген сөздерінде Аллаға мекен белгілеуге негіз болмағаны сияқты» - десе, кітаптың келесі бетінде: «Міне осыған орай Алла барлық жерде дегеннің сөзі негізсіз болып қалады. Себебі, Алланы белгілі бір мекенге қатысты ету мен барлық мекенге қатысты етудің арасында ешқандай айырмашылық жоқ»,[14]-деп, Алланы барлық жерде деумен келіспейді.
Расында да Аллаға аспан, аршы сияқты белгілі бір мекен бер не, Алла барлық жерде деп айт не, екеуі де Аллаға мекен беру емес пе? Тап осы мәселені матуриди ғалым Нуруддин әс-Сабуни міне былайша түсіндіреді: «Сондай-ақ, «Алла барлық жерде» деген сөз мүлдем дұрыс емес. Себебі, бір мекенде мекендейтіннің өзі бір мезгілде екі жерде болуы мүмкін емес. Ал енді мекендеуі мүмкін болмаған Алланың барлық мекенде болуы қалайша мүмкін болсын?! Мұнымен қатар, Алла тағала затымен (өз болмысымен) емес, бірақ білімімен барлық жерде, деп айту да дұрыс сөз емес. Өйткені, бір мекенді білетін біреу туралы, ол өзінің білімімен сонда, деп айтылмайды».[15]
Демек, матуриди сенімінде Алланы затымен де, білімімен де, белгілі бір жерде деп те, барлық жерде деп те, айтуға болмайды.
Қорыта айтқанда, әһлу сунна жолындағы сәләф пен халаф ғұламаларының сенімінде Алла мекен мен уақытқа тәуелді емес. Алла өз затымен аспанда деп сену Зұхруф сүресінің 84-аятына қайшы: «Ол сондай Алла, көкте де Тәңір, сондай-ақ жерде де Тәңір. Әрі Ол, аса дана толық білуші». Алланың заты мен сипаттарына қатысты аят-хадистерді осылай түсіну әһлу суннаның, соның ішінде матуриди сенімі екенін ұққан болсақ, бабаларымыз дәл сол матуриди ақидасын ұстанғанын ұмытпайық. Мысалға Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Бар Құдай көкте де емес, жерде де емес», - десе, Абай атамыз: «Мекен берген, халық қылған ол ләмәкән», - деп, Алланы мекенсіз деп сипаттаған.