Еліміздің болашағына бей-жай қарамайтын «Отанға деген сүйіспеншілік сезімі жоғары, Отан десе отқа түсуге дайын, «жүрегінің түгі бар» рухты, жастарды тәрбиелей алуымыз мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі.
Ислам діні ақиқат пен парасаттылық, адамгершілік пен кішіпейілділік қасиеттерге үндейтін ұлы дін. Қасиетті дініміз – Ислам Отан, туған ел ұғымына ерекше мән береді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Отан қорғаудың сауапты іс екені жөнінде көптеген хадистерінде өсиет айтқан. Бір сахаба пайғамбарымыздан (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Иә, Расулалла, ең абзал амал не?» – деп сұрағанда, Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Шекараны, Отанды қорғау үшін бір күн, бір түн күзетте тұру – бір ай нәпіл ораза ұстап, түнде намаз оқудан қайырлы», – деп жауап береді.
Ислам діні адам баласын бірлікте, бейбітшілікте өмір сүруге шақыратын барлық ізгі қасиеттерді қолдайды. Соның ішінде Отанға деген сүйіспеншіліктің алатын орны ерекше. Отан дегеніміз – адамның туған шаңырағы, ата-анасы, ағайындары, өскен ортасы, туған жері мен елі. Отанға деген ыстық сезім адам баласына тән қасиет. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Меккелік мүшіріктердің тепкісінен Мәдина шаһарына қоныс аударғанда ансарлар (жергілікті мұсылмандар) ерекше ықыласпен қарсы алса да, туған қаласын ыстық ықыласпен еске алып отаратын еді. Ибн Аббастан (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Меккеге қарап тұрып: «Сен мен үшін сондай қымбатсың, сүйіктісің. Егер де тұрғындарың сенен шығармағанда сенен басқа жерде тұрақтамас едім», – деген. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) тағы бірде Ұхуд тауына қарап: «Біз Ухудты жақсы көреміз, Ұхуд та бізді жақсы көреді», – деп тебіренеді. Бұл пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) туған жерге деген, туған жерінің әрбір өзен, көл, тау, тасына деген махаббатының белгісі.
Ислам діні ақиқат пен парасаттылық, адамгершілік пен кішіпейілділік қасиеттерге үндейтін ұлы дін болса, Отан сол қасиеттерді жүзеге асырып, бейбіт өмір сүретін үйіміз. Ата-бабаларымыз мұра етіп қалдырған Отанның азаттығы мен тыныштығы бәрінен қымбат. Әрине, мұндай асыл сезімдер біздің халқымызға, елімізге асыл дініміздің тәрбиесі арқылы келген. Исламды барынша терең ұстанған дана халқымыз: «Отанды сүю – иманнан», – деген Ислам ғұламаларының өсиетті сөзін өмірлік ұстанымына айналдырған. Тіпті, Отанын сатқандарды «опасыз, имансыз» деп елден шеттетіп, қаралап отырған. Олай болса, жас ұрпақты мемлекетшілдікке тәрбиелеу ісінде дін мен дәстүрдің орны ерекше. Сондықтан, рухани тәрбие саласында дін мен дәстүр өте тиімді құрал. Еліміздің салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, мәдениеті, адамгершілік, кісілік келбеті, қарым-қатынас әдебі мұның бәрі ел қамын басты орынға қоятын тұлға қалыптастыруда өте маңызды.
Пайғамбарымыз тағы бір хадисінде (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Екі көзді тозақ оты шалмақ емес: біріншісі, Алладан қорқып, жылаған көз, екіншісі, елінің тыныштығын күзетіп, кірпік қақпаған көз», – деген. Асыл дінімізде бес нәрсені – Отаныңды, дініңді, ар-намысыңды, жаныңды, дүниеңді қызғыштай қорғау парыз. Осы құндылықтарды қорғау жолында дүниеден өткендер шейіт саналады. Ал, шейіттерді ақыретте Алла Тағала мейіріміне бөлейеді. Бұл туралы Құранда: «Шейіттерді өлдіге санамаңдар. Олар тірі, Алла біледі, сендер білмейсіңдер», - делінген. Сондықтан Отанды қорғау жолында басын қатерге тіккендер шейіттер қатарына қосылады. Отанды сүю – тек қорғау ғана емес, туған елге, туған жерге адал қызмет ету. Отанға қызмет көрсетіп, халықты имандылық жолына шақыру атақ-абырой үшін емес «ұрпағымның, елімнің болашағы жарқын болсын» деген ұстаным болу керек.
Отанға деген сүйіспеншілік - халық игілігіндегі мүлікті көздің қарашығындай сақтау, кісі ақысын жемеу, ел мүддесіне жұмыла жұмыс істей білумен байланысты. Мұсылмандардың әміршісі халифа Омар ибн Абдулазиз мұсылмандарды басқарып тұрған кезінде қазына үйінің қоймашысы етіп жас жігітті тағайындайды. Мұсылмандардың қасиетті мейрамы айт келеді. Халифаның қыздары айт күндері киіп шығар жаңа киімдері жоқ екенін, көйлектерінің тозығы жетіп ескіргенін, өз құрбыларының айт мейрамына жаңа, әдемі киініп шығып жатқандарын айтады.
Қыздарына жаны ашып, көңілі жібіген әке қазына үйінің қоймашысына келіп: «Келер айдың еңбек ақысын бер», - деп сұрайды.
«Мұсылмандардың қазына үйінен келесі айдың жалақысын алдын-ала алғың келе ме? Келесі айға дейін өмір сүріп, қызмет ететініңе кепілдік ете аласың ба, ей мұсылмандардың әміршісі?» – деп қазынашы жас жігіт халифаның бұл талабына қарсылық білдіреді. Халифа бір жағынан таңырқап, бір жағынан қуанып: «Алла Тағалаға шүкіршілік, маған сендей шынайы насихатшы берген», - деп халифа Омар ибн Абдулазиз қазынашысының сөзіне разы болады. Бұл оқиғадан хазіреті Омардың ел билеп тұрған кезінде мемлекет меншігіндегі мүлікке асқан жауапкершілікпен қарағандығын көрсетеді. Бар билік қолында тұрса да қарапайым өмір сүрді. Міне, сүйікті пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) серіктерінің қай қайсысы да елге деген адалдығы әр мұсылманға өшпес үлгі.
Халқымызда: «Отан отбасынан басталады», - деген аталы сөз бар. Отанды сүюге, елге деген сезім отбасынан басталады. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Барлығың жауаптысыңдар. Басшы еліне, отағасы отбасына, малшы малына жауапты. Әркім өз қарамағындағылардан сұраққа тартылады», - деген. Олай болса, балаға жастайынан жақсы тәрбие беруге, туған елді құрметтеуді, жанын қорғағандай дінін, Отанын қорғауды, елдің ақысын жемеуді үйретуге әр отбасы жауапты. Жер бетінде елі мен жері жоқ отансыз ұлттар қаншама. Бұл да иманды жанға ғибрат аларлық жағдай.
Отанымызда салт-дәстүріміз, рухани байлықтарымыз, ұлттық болмы-сымыз бен терең тарихымыз жатыр. Отаны жоқтың ортақ құндылығы, ұйыстырар мақсаты жоқ. Дәстүрі, тілі, діні, тарихы болмақ емес. Өз ұлтын, елін сүймеген, оған құрмет көрсетпеген адамнан опасыздықтан басқа ешнәрсе күтуге болмайды. «Отанды қастерлеу – елдігіміздің тірегі. Біз отаншыл болуға, жас ұрпақтың санасына отаншылдық ұғымын берік орнықтыруға тиіспіз. Біле-білсек, Отанды сүю – біздің перзенттік парызымыз, қарыс қадам үшін жанын қиған бабалардың асыл аманатына адалдығымыз!» - деген еді Елбасымыз. Хазреті Мұхаммед пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) да өз хадисінде: «Ең жақсы патша – сендерге игілік тілеген патша», - деген екен.
Қазақ елінің айрандай ұйыған айбынды ел болуы ең алдымен бүгінгі жастарымыздың рухани тәрбесі мен отаншылдық ұстанымына тікелей байланысты. Қазақ халқы қашан да: «Елің – панаң, жерің – анаң», - деген ұстаныммен өмір сүрген. Сондықтан болар еліміз: «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол», - деп отырады.
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев: «Біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – Тәуелсіз Қазақстан!» - деп елді бірлікке шақырып келеді. Бірлік пен тыныштық дініміздің тірегі. Ел іші аман болса, дініміз де, әлеуметтік, руханиятымыз да дамиды. Сондықтан, ұлтының, елінің болашағын ойлаған ел азаматтарының әрбір игілікті қадамына Алла тағала жар болып, еліміздің іргесі берік болсын! Әумин!
Ермек Мұқатай,
ҚМДБ-ның Өскемен өңірі бойынша өкіл имамы,
Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің Бас имамы