wrapper

Барлық мақтау біздерді қараңғылықтардан нұрға шығарған, білмеген нәрселерімізді үйреткен, Құран мен сүннетті, иман мен салиқалы амалды үйреткен, тозақтан құтқарып, жәннатына үміттендірген, Әлемдердің Раббысы Рахман әрі Рахим Аллаға тән. Сондай-ақ, бүкіл адамзаттың асыл өнегесі Пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әрдайым Алла Тағаланың салауаттары мен есендіктері бола берсін.

Әрбір санасы ояу, ақылы мүдірмеген жан көктер мен жерге және оның арасындағы жаратылыстарға назар аудару арқылы Жалғыз Жаратушыны дәріптейтіні ақиқат. Жаратылғалы бері мызғымас жүйелілікпен басқарылып келе жатқан ғаламшардағы қозғалыстар өздерінің Иесі Жалғыз екендігін түсіндірмесіз айғақтайтын аяттар. Барлығы бір ғана пәрменді әмірге бағынып, күллі болмысымен Оған ғана тәуелді екендіктерін жария етуде. Асылында көкте және жердің бетінде күні Алла Тағалаға қарамаған ешнәрсе жоқ. Яғни, әрбір демі Аллаға мұқтаж болмаған ешқандай жаратылыс жоқ. Әлемдердің Раббысы Өзі Құранда осы ақиқатты паш етіп «الله الصمد» Алла тәуелсіз, Алла мұқтажсыз дейді. Демек, жоғарыда айтылғандай Ол ғана тәуелсіз, ал басқа күллі нәрсе Оған тәуелді.

Сөзіміз тұщымды болуы үшін айтып өтейік, әсәр кітаптарында келген сахабалардың осы аятқа қатысты түсіндірген сөздерінде – үздіксіз көзделетін, үздіксіз ізделетін – Алла! Онсыз арманымыз орындалмайды, Онсыз тілегіміз қабыл болмайды, Онсыз ешбір ісіміз жүзеге аспайды. Тіпті, Ол қаламаса, қалауларымыз да жүрмейді, – деп түсіндіреді. Қасиетті Құранның «Дұхан» сүресінің 38-аятында:

وَمَا خَلَقْنَا السَّمَاوَاتِ وَالأَرْضَ وَمَا بَيْنَهُمَا لاعِبِينَ

«Көктерді де, жерді де әрі екі арасындағы нәрселерді де ойыншық қып жаратпадық», – деп ескертеді. Аяттан түсінетініміз әрбір жаратылыс белгілі бір мақсатпен жаратылған. Ал, сол жаратылыстардан өзгеше етіп, ақыл мен сана сыйлап, мүсінін көркемдеп, әрбір іске епті етіп, ақиқатқа есік ашар жүрек беріп, ең бастысы атауға да тұрмайтын судан адам етіп ардақталған Адам ұрпақтарының мәнсіз, мақсатсыз жаратылуы мүмкін бе? Әсте, олай емес!

وما خلقت الجن و الإنس إلا ليعبدون

«Жын мен адамзатты тек қана Өзіме құлшылық етуден басқа нәрсе үшін жаратпадым», – деген аятында бұл ұлы мақсатты айшықтайды Алла Тағала.

Демек, әкенің белінен атылып шыққан аталық су болып, одан соң оны қорғап ананың жатырына орналастырып, ұйыған қан етіп, одан бір кесек ет жасап, сүйектерімізді етпен, терімен қаптатып, дүниедегі соңғы сәтімізге дейін үздіксіз соғып тұратын жүрек беріп, мәңгілік үшін берілген рух үрлеп, таза әрі пәк қалпымызда жарық жалғанға шығарған Алла Тағаланың біздерге белгілеп берген мақсаты – құлшылық. Біз бен сіздің адам етіліп жаратылуымыз, біздің таңдауымыз емес. Ол Оның қалауы. Ол ғана мақсаттарды белгілей алатын. Бірақ, жоғарыда тілге тиек еткеніміздей біздің құлшылықтарымызға Ол мұқтаж емес. Сол ғибадаттарымыз арқылы Оның ғана разылығын табу біздің ұлық мақсатымыз.

Десек те, өз бойындағы осы Иләһи кереметті көре алмай жүрген қуыс кеуделер қаншама... Бар тапқандарын өз санасындағы тар түсінікпен өлшеп, материалдық шеңберден шыға алмай айтқан жалған сөздері ғана. Көздері көре алмаған соң, оңай өтірікке шығара салады. Ал, Алла Тағала «Әнғам» сүресінің 103-аятында:

لَّا تُدْرِكُهُ الْأَبْصَارُ وَهُوَ يُدْرِكُ الْأَبْصَارَ

«Көздер Оған жете алмайды. Ол, көздерді көреді», – деп ескерткен еді. Оған көздер жете алмайды. Себебі, Ол – ғайып. Ол көздерді көреді. Тіпті, Ол баршамыздың көкірегімізде не жасырып тұрғанымызды да біледі. Одан басқа ешкімнің бұлай жасауға құдіреті жетпейді.

Егер азғантай ғана өз-өзімізге көз тастап, өз бойымызға парасаттылықпен назар салар болсақ Жаратушымыздың құдіреттілігіне көз жеткізер едік. Ойланшы, көзді беріп, құлақты беріп, сөйлеткен кім? Әлбетте – Алла! Сондай-ақ, біреулер қырық, біреулер сексен жылдан бері тамақтанып келеді, сол ішіліп жатқан тамақтарын еш қиындықсыз қорытып қойған кім? Әлбетте – Алла! Соншама жылдардан бері бойыңыздағы қанды жүргізіп, оны басқарып отырған кім? Әлбетте – Алла! Олай болса, Алладан өзгеге құлшылық етіп, Одан өзгеден сұрауға бола ма? Әлбетте, жоқ! Қасиетті Құранда «Рағд» сүресінің 14-аятында: 

لَهُ دَعْوَةُ الْحَقِّ وَالَّذِينَ يَدْعُونَ مِن دُونِهِ لَا يَسْتَجِيبُونَ لَهُم بِشَيْءٍ إِلَّا كَبَاسِطِ كَفَّيْهِ إِلَى الْمَاءِ لِيَبْلُغَ فَاهُ وَمَا هُوَ بِبَالِغِهِ وَمَا دُعَاءُ الْكَافِرِينَ إِلَّا فِي ضَلَالٍ  

«Шынайы тілек Аллаға тән. Олардың Алладан өзге тілегендері, оларға ешбір жауап бермейді. Олар судың ауыздарына келуі үшін алақандарын жайған адам тәрізді. Тіпті су оған жетіп келмейді. Өйткені, (Хақты) мойындамаушылардың тілегі мүлде адасушылықта», – деп Алладан өзгені тәңір етіп жүргендерге жауап береді.

Алла – Рахман және Рахим, яғни Аса қамқор, Ерекше мейірімді. Бұл дүниеде Ол – Аса қамқор. Барлық жаратылысты Өзінің қамқорлығынан тыс қалдырмайды. Алладан өзгеге табынып жатқандар егер бір бәлеге ұшырар болса, сосын олар өздерінің пұттарына қарап жалбарынып жатса, сол бастарына келген бәледен тек қана Алла Тағала ғана құтқарады. Бірақ олар сол өздерінің тәңірлері құтқарды деп ойлайды. Осы ақиқатты паш еткен «Әнғам» сүресінің 63-64 аяттарында:

قُلْ مَنْ يُنَجِّيكُمْ مِنْ ظُلُمَاتِ الْبَرِّ وَالْبَحْرِ تَدْعُونَهُ تَضَرُّعًا وَخُفْيَةً لَئِنْ أَنْجَانَا مِنْ هَذِهِ لَنَكُونَنَّ مِنَ الشَّاكِرِينَ . قُلِ اللَّهُ يُنَجِّيكُمْ مِنْهَا وَمِنْ كُلِّ كَرْبٍ ثُمَّ أَنْتُمْ تُشْرِكُونَ 

«(Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айт (оларға): «Құрлықта, теңіздің қараңғылықтарынан сендерді кім құтқарады? Осыдан бізді, құтқарсаң, әлбетте шүкір етушілерден болар едік деп, оған жасырын жалынып, тілейсіңдер» де. (Әй Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Оларға) айт: «Сендерді бұдан әрі барлық бейнеттерден Алла құтқарады. Сонда да сендер ортақ қосасыңдар!», – деген.

Көп жағдайларда оқыған намаздар, ұсталған оразалар, жасалған жақсылықтар біздерді шүкірлікке қарай емес, керісінше істегендерімізді көпсінуге, Алланың құзырында жақсылықтарды көп жасап қойғандай сезімдер билеп, астамшылыққа қарай жетектеуде. Алла тағала күллі жаратылысқа мұқтаж емес. Көктер мен жердегі адам мен жыннан басқа баршасы Раббыларын өздерінің тілдерінде пәктеп, дәріптеуде. Қасиетті Құранның «Әнбия» сүресінде:

وَلَهُ مَن فِي السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ وَمَنْ عِندَهُ لَا يَسْتَكْبِرُونَ عَنْ عِبَادَتِهِ وَلَا يَسْتَحْسِرُونَ يُسَبِّحُونَ اللَّيْلَ وَالنَّهَارَ لَا يَفْتُرُونَ أَمِ اتَّخَذُوا آلِهَةً مِّنَ الْأَرْضِ هُمْ يُنشِرُونَ لَوْ كَانَ فِيهِمَا آلِهَةٌ إِلَّا اللَّهُ لَفَسَدَتَا فَسُبْحَانَ اللَّهِ رَبِّ الْعَرْشِ عَمَّا يَصِفُونَ لَا يُسْأَلُ عَمَّا يَفْعَلُ وَهُمْ يُسْأَلُونَ

«Көктер мен жердегілер Алланікі. Оның қасындағылар, Оған құлшылық қылудан дандайсымайды да, шаршамайды. Олар күндіз-түні Алланы дәріптеуден жалықпайды. Олардың жерден жасап алған тәңірлері; солар, өліктерді тірілте ме? Егер жер-көкте Алладан басқа да тәңірлер болса еді, әлбетте екеуі де бұзылып, кетер еді. Ғаршының Раббы Алла, олардың жасанды сипаттарынан пәк. Ол, істегендерінен сұралмайды да, олар сұралады», – деп біздер сезіп-білмеген ақиқаттарды алдымызға жайып салады.

Енді жоғарыдағы аятқа назар салып көрелік. Көктер мен жердегі билік Оныкі. Ал, жеті қат көктегі барша періштелер күндіз-түні Аллаға құлшылық етуде. Ардақты Алла елшісі ﷺ өзінің хадисінде: «Көктерде бір періштелер бар, жаратылған сәтінде Раббысын ұлықтап сәждеге жығылған. Содан бері әлі сәждеде. Ал, біреулері қиямда, біреулері рукуғта. Баршасы Ұлы Рахманды дәріптеуде. Үзіліссіз пәктеп жатыр», – дейді. Біздің қайсы біріміз Ұлы Алланы үздіксіз дәріптей аламыз, олар пәктеп жатқандай?! Шамамыз келмейтіні анық. Аталған аятта Алла анық баян етті, егер екі тәңір болса әрқайсысы өзінің жаратқандарын алып бөлектеніп, ғаламдағы мызғымас жүйе күл-талқан болар еді. Ұлы Аршының Раббысы болған Алла олардың ауыздарымен сөйлеп жатқан теңеулерінен пәк. Ол қалаған нәрсе ғана орындалады, Ол әмір етуші, біз бағынушымыз. Оның әрбір әмірі біздің дүние және ақыртіміздің жағдайын шешетін даналыққа толы. Егер түсінген болсақ әрине! Сондықтан да, Ол істеген ісінен сұралмайды, біз жасаған амалдарымыздан сұраламыз. Тіпті, Пайғамбарымыз Мұхаммад Мұстафаның (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзіне Құран арқылы төмендегідей бұйрығын түсірген, «Шуғара» сүресі, 213-аятында: 

فَلَا تَدْعُ مَعَ اللَّهِ إِلَهاً آَخَرَ فَتَكُونَ مِنَ الْمُعَذَّبِينَ  

«(Мұхаммед Р.С.) Алламен бірге тәңір шақырма. Онда сен де азапқа ұшыраушылардан боласың», – деп ескертеді.

Сондықтан да, бұл дүниедегі біздің түпкі мақсатымыз – Алла. Егер түпкі мақсатымыз Алла болмаса, көптеген салиқалы істерді жасауға шешім қабылдай алмай әлі жүреміз. Осы тұста, баршамызға «Алланың разылығы» деген сөз арман ба әлде мақсат па? Осыны анықтап алуымыз қажет. Себебі, екеуі екі түрлі ұғым. Жәннатқа тек қызығасыз ба? Әлде ол өмірлік мақсатыңызға айналған ба? Сондай-ақ, Алланың разылығына ие болсам деп қызығасыз ба? Әлде ол өмірлік мақсат-мұратыңызға айналған ба? Алла тағаланың разылығы мақсатқа айналмайынша, жәннат мақсатқа айналмайды. Тіпті, Адамзаттың асыл тәжі, қос дүниенің сәруары Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Құран арқылы былай деп айтуды әмір еткен, «Әнғам» сүресі, 162-аятында:

قُلْ إِنَّ صَلاتِي وَنُسُكِي وَمَحْيَايَ وَمَمَاتِي لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ

«Айт ей, Мұхаммад ﷺ: Намазым, құлшылығым, тіршілігім және өлімім бүкіл әлемнің Раббы Алла үшін» де», – дейді. Демек, оқып жатқан парыз намаздарымыз, сүннеттеріміз, күндізгі және түнгі нәпілдеріміз, құрбандықтарымыз, түгел өміріміз, өліміміз де Раббымыз Алла үшін!

Ой жүгіртіңізші, егер қандай да бір адам осы мақсатта жүрген болса, енді оны кім азғыра алады? Себебі, ол Алла тағала Құранда баяндағандай мықты арқанға, мықты тұтқаға жармасты емес пе?!

Енді, осы Аллаға ғана құлшылық етуіңіз, Оған ғана тәуелді болуыңыз сіздің өміріңізді ойламаған деңгейге өзгертіп, мінезіңізді де биік дәрежеге көтерері ақиқат. Неге? Себебі, «Алладан басқа тәңір жоқ» деген сөзіңіз тек қана тасқа, пұтқа табынбаймын дегеніңіз емес. Ол: біреу сіздің хақыңызға қателесіп тұрған кезде ашуыңызды жұта салуыңыз. Әрине, егер мақсатыңыз Алланың разылығы болса. Сол сәтте сіз ашуыңызды не үшін жұтып жатсыз? Әрине, Алла үшін. Міне, Жалғыз Рахманға ғана құл болу деген ұғым. Қай жерде жүрсеңіз де осындай күйдесіз. Егер біреу кешірім сұрай қалса, ойланбастан кешіресіз оны. Кім үшін? Әрине, Алла үшін! Көлігіңізді ойламаған жерден бөтен көлік түртіп кетсе, сызып кетсе елемей қоя саласыз. Не үшін? Әлбетте, Ұлы Рахманның Дидары үшін! Дәл осы мақсатпен өмір сүрген болсаңыз, сізді дүниенің ешбір ләззаттары мен көз тартар құбылыстары ақырет жұртынан басқа жаққа санаңызды бұра алмасы ақиқат. Тіпті, дұғаңыз да сол мақсатпен байланысып жатқандықтан, жауапсыз қалмайды. Сөзіміздің соңын Имам Ахмад, Әбу Дәуд және Насаилердің хадистер жинағында келтірілген ғибратты оқиғамен тәмамдаймын.

Бір күні Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің сахабаларымен мешітке кіреді. Бұл сәтте мешіт ішінде бір кісі намаз оқып, дұға жасап отырған еді. Оның дұғасының сөздері Ардақты Алла елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тоқтатады:

اللَّهُمَّ إِنِّي أَسْأَلُكَ بِأَنَّكَ أَنْتَ اللَّهُ ، لَا إِلَهَ إِلَّا أَنْتَ الْأَحَدُ الصَّمَدُ ، الَّذِي لَمْ تَلِدْ وَلَمْ تُولَدْ ، وَلَمْ يَكُنْ لَكَ كُفُوًا أَحَدٌ . قَالَ : " لَقَدْ سَأَلْتَ اللَّهَ بِاسْمِهِ الْأَعْظَمِ ، الَّذِي إِذَا سُئِلَ بِهِ أَعْطَى ، وَإِذَا دُعِيَ بِهِ أَجَابَ

«Иә, Аллаһым! Сенен жалбарына сұраймын. Себебі, Сен Өзіңнен басқа құлшылыққа лайықты тәңір жоқ Жалғыз әрі Мұқтажсыз Алласың! Тумаған, Туылмаған. Өзіне ешкім тең болмаған», – дейді.

Осы дұғаны оқып отырған сәтінде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) естіп қалады да, жанында отырған кісілерге дұға етіп отырған кісі туралы: «Мына кісі дәл қазір Алладан Алланың ұлы есімімен сұрады ғой», – дейді. – Ол ұлы есімі деген не иә, Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ? Сонда Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер де осы сөйлеммен сұрасаң, Алла оны бермей қоймайды, яғни сұраған нәрсеңді. Егер осы сөзді айтып алып, сосын дұғаға кіріссең, дұғаңа жауап берілмей қоймайды», – дейді.

Сонымен қатар, тағы бір риуаятта Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мешітке сахабаларымен келген кезінде намаздағы соңғы отырысында былай деп дұға етіп отырған кісіні көреді. Ол өзінің дұғасында:

اللَّهُمَّ إِنِّي أَسْأَلُكَ يَا اللَّهُ الأَحَدُ الصَّمَدُ الَّذِي لَمْ يَلِدْ وَلَمْ يُولَدْ وَلَمْ يَكُنْ لَهُ كُفُوًا أَحَدٌ أَنْ تَغْفِرَ لِي ذُنُوبِي إِنَّكَ أَنْتَ الْغَفُورُ الرَّحِيمُ

«Иә, Аллаһым! Сенен жалбарына сұраймын! Сен Жалғыз әрі Мұқтажсызсың! Тумаған әрі Туылмаған. Сондай-ақ, Өзіне ешкім тең болмаған. Менің күнәларымды кешіре гөрші. Расында Сен Өте кешірімді, Өте мейірімдісің», – дейді.

Сонда Алла расулы (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кешіріліп қойды бұл адам. Кешіріліп қойды», – деп үш мәрте айтады.

Осы ақиқаттарды терең ұғынған мұсылман ойшылдарымыз бір Аллаға ғана сыйынуды өз жырларына арқау еткенін көреміз. Мысалға Шәкәрім Құдайбердіұлы жырларының бірінде былай дейді:

Бір Аллаға сыйынған адам өлмес,

Құдайсыз қу қолынан іс те келмес.

Белін бекем буғанның белі талмас,

Ел бұзса да, адалдық өзгерілмес.

Алла тағала баршаларымызды рақымына бөлеп, күнәларымызды жарылқап, дүние және ақыретте жеңіске жеткен ізгі құлдарынан болуларымызды тағдыр етсін!

Есмағанбет Нұрбек Әуесханұлы

ҚМДБ-ның Алматы қаласы бойынша өкіл имамы


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk