wrapper

Қамшының қысқа сабындай келте бес күндік бұл дүние пенденің өз-өзін танитын һәм өзінің қаншалықты құл бола алатынын Хақ Тағалаға көрсететін сынақ алаңы. Адам баласы бұл өмірге бейнеттеніп сол бейнетінің зейнетін осы жерде көру үшін келген жоқ. Ғұмырдың келтелігі де тәттілігі мен қатар ащылығы осының дәлелі. Құранда бір аятта Алла Тағала: «Біз адам баласын қиыншылықтар ішінде жараттық» дейді. Алла Тағала осы тар жол тайғақ кешуді тектен текке беріп отырған жоқ. Егер Жаратушы пендесіне осы ауыртпалықтарды бермегенде онда ол екі түрде қалар еді. Оның біріншісі егер адам бұл дүниеде сынаққа түспесе періштелер тәрізді бір деңгейде қалып қояр еді. Тек сынақ арқылы ғана жақұт пен бақыр екіге айырылмақ. Сондай-ақ егер адамға өзіне қажетті ауыртпалықтар бермесе онда адам баласы жаратылыс деңгейінде ғана қалып қоймай көпшілігі азғындап жыртқыштан да асып кетер еді.

Сондықтан да адам баласы Хақ Тағалаға дұға еткенде өзіне көтере алатын жүкті ғана сұрауы қажет. Және өз еркінде болса арқалай алатын жүкті ғана өзіне артқаны дұрыс. Кейде дінге жаңа келген бір мұсылман Жаратушыға бірден жақындамақ болып бірден өзіне көп құлшылықты жүктейді. Бірақ көп ұзамай сол жүктің астында қалады. Мешіттің бір есігінен кіріп екінші есігінен шыққандай сол баяғы таз қалпына түседі.

Бірде Пайғамбарымыздың үйіне үш адам келіп оның қалай құлшылық жасайтынын сұрайды. Хақ пайғамбардың қалай құлшылық жасайтыныны естіген олар оны өздеріне азсынып: «Пайғамбардың жанында біз кімбіз? Оның өткен және болашақтағы барлық күнәлары кешірілген» деді. Сосын біреуі тұрып: «Мен өмір бақи түнімен намаз оқимын» деді. Келесі біреуі: «Мен өмір бақи күнде ораза ұстаймын» деді. Үшіншісі тұрып: «Ал мен өмір бақи үйленбеймін» деді. Артынша Пайғамбар келді де оларға: «Осылай да осылай деген сендерсіңдер ме? Алла Тағаланың атымен ант етейін! Алладан ең көп қорқатын және Оған қарсы шығудан ең қатты сақтанатын менмін. Сөйте тұра мен кейде ораза ұстап кейде ауыз бекітпеймін. Намаз оқимын бірақ ұйықтаймын және әйелдермен үйленемін. Егер кімде-кім менің сүннетімнен бет бұратын болса онда ол менен емес» деп ескерту жасайды. (Бухари, Муслим).

Міне Алла Тағала адам баласын жоғарыда айтылғандай қиыншылықтар ішінде жаратқан. Бірақ бұлар көтере алатын қиыншылықтар. Егер де әлгі сахабалар осыларды өздерінің мойындарына алғанда көп ұзамай жеңіліп қатты қиыншылық тартар еді. Айтқандай-ақ бір сахаба Пайғамбарымыздың құзырында «күн ара ауыз бекітемін» деп сөз беріп кейіннен өмірінің ақырында әбден қартайған шағында өзі берген сөзіне қатты өкініп: «Әттең-ай! Сол кезде Алла елшісінің берген жеңілдігін қабыл еткенімде ғой» дейді. Өйткені ол Пайғамбарымызға осылай ұстаймын деп бекіттіріп алған болатын. Ал сахабалар Хақ елшіге бекіттіріп, сөз берген нәрсесін ешқашан бұзған емес. 

Құлшылық сынағы осылай болғанда өмірде басқа сынақтардың алмағы мен салмағы қандай болмақ?! Өмірдің әрбір қалтарыс бұлтарысында әр түрлі сынақтар бар. Алла Тағала әр пендеге өзіне лайық сынақ берген. Өздеріне жетерлік ризық, берекет, пай, үлес берген. Міне адамның бұл дүниеде өздерін бақытсыз санауы сол берілген пайға ырзалық танытпауы. Өз-өзін жеп: «Пәлен болғанда, түген болмағанда мынадай мансапқа, анадай байлыққа кенелер едім»-дейді. Ол осы жерде екі рет қателеседі. Әуелгісі болған нәрсе болып өтті. Яғни оның тағдырында оған ондай мансап пен байлық беріледі деп жазылмаған. Ал атам қазақ: «Жазмыштан озмыш жоқ» дейді. Екіншіден, Алланың бермеген нәрсесін қалай алмақсың? Ондай нәрсені Ол жаратқан жоқ. Себептер ретке келсе Алла бере салады деген шарт жоқ. Он екі мүшесінің сау болғанына қарамастан қолындағы байлығының өз есебіне тура болмағанына налиды. Қолындағы тиынын есептейді де саулық-алтынын таразыға тартпайды.

  Һәм Алла Тағала сол берілген үлестерді пенделеріне лайық болғаны үшін емес, сыналуы үшін берген. Мысалы бір адамға әсем дауыс беріп сол арқылы жұлдызы жанып елдің атақты әншісі болады. Енді біреу ілімге құштар болып әйгілі ғұлама болады. Біреуіне байлық берілсе, біреуіне кедейлік беріледі. Біреуге денсаулық берілсе, біреуге науқас, кембағалдық беріледі. Егер де Алла Тағала жер бетіндегі осы пенделеріне осыларды беріп мәңгі бақи осы дүниеде қалдырып қойса онда шамасы шағымдануларына болар еді. Алайда бұл дүние – жұмақ емес қой. Бұл жалған – өмірдің нақты өзі емес қой. Бұл дүние – нағыз бақыт пен баққа, шынайы өмірге жетудің жолы ғана ғой. Мысалы спорт саласында барлық спортшылар өз саласында чемпион болуға тырысады. Біреу шахмат арқылы енді біреуі балуан болып күрес арқылы чемпион болады. Ақырында елге оралғанда сол әр түрлі саладағы чемпиондар барлығы бірге бір қатар тұрып бірдей марапатталады. Шахматшы «мен неге балуан секілді күшті емеспін» демейді. Сол сияқты әркім өзіне берілген үлес арқылы өмір додасына түседі. Біреу кедейлігі мен науқастығы арқылы енді біреу байлығы мен саулығы арқылы аламан бәйгеге түседі. Алайда осы кезде біреу өзіне берілген пайға разы болмай өзгенің пайына жармасса онда сол пай өзіне шақ келмегендіктен әлгі шахматшының шахматын тастап күреске түскені секілді өмірдің додасында шаң қауып жеңіліске ұшырайды. Өз саласында, өз салмағында Алланың ризалығын алуы оңай бола тұра оны тастап ауыр салмақпен күреске шығады да жеңіліп ақыретке есепке тартылады.

Ілгеріде хазіреті Мұса (а.с.) сақарада келе жатып ұзақтан денесі ғана көрініп тұрған бір адамды көреді. Хазіреті Мұса әлгі адамға жақындап келіп қараса әлгі адамның әуретін құмға көміп отырғанын байқайды. Хазіреті Мұса әлгі адамнан мұның мәнісін сұрайды. Сонда әлгі кісі:

– Ей, Пайғамбар несін сұрайсың үстіме тұрмақ әуретімді жабар киім жоқ. Сондықтан осылай құмға жауып отырған халім бар. Сен қолыңды жайып Алла Тағалаға мен үшін дұға етіп жіберсең. Хақ Тағала маған күн көрісіме жетерлік қана дүние берсе екен. Болмаса кедейлік мені әбден шаршатып титықтатып жіберді дейді. Сосын хазіреті Мұса қолын жайып дұға етеді де Хақ Тағала әлгі кедейге мал-мүлік береді.

Көп ұзамай хазіреті Мұса тағы да жолаушылатып кетіп бара жатып әлгі адам тұратын ауылдан өтіп бара жатқанда бір топ адамның үймелеп тұрғанын байқайды. Жандарына тақап қараса орталарында әлгі сақарада көрген кедейдің тұрғанын көреді. Сосын қасындағы адамдардан:

– Бұл не жағдай? Бұл адамға не болған? деп сұрағанда олар:

– Несін сұрайсыз? Мына адам шарап ішіп мас болып ел арасында төбелес шығарды. Ақырында өзімен төбелескен бір адамды өлтіріп тынды. Енді міне «қанға қан, жанға жан» деп тиісті жазасы берілгелі жатыр деп жауап береді.

Хазіреті Мұса осыдан соң Алла Тағаланың әділдігіне тағы да терең иман келтіріп, дұға еткені үшін тәубе етіп: «Егер Хақ Тағала құлдарына ризықты артығымен берсе онда олар жер бетінде небір азғындықтар жасайтын еді» деген аятты оқиды.

Иә, қазіргі кезеңде де осының мысалдары толып жатыр. Кедей болып жүріп өсіммен байып соның салдарынан бүкіл туыс пен жақындарынан безіп асқақтап ақырында ісі сотты болып қарызға белшесінен батып түс көргендей қайта оянып істеген ісіне пұшайман болып жүргендер қаншама десеңізші!..

Әрине бұл жерде адам кедей болса «кедей екенмін» деп қол қусырып қарап отыру дұрыс емес. Қолындағы кетпені мен тоқпағымен Хақ Тағаланың қақпасын ұрып дұға ету басқа бір мәселе. Оның орны мүлде бөлек. Біз бұл жерде Хақ Тағаланың ризығы пен пенделерге берілген пайы арқылы сынақты айтып отырмыз.

Сондықтан да Бақара сүресінде айтылғандай: «Раббым! Бізге шамамыз келмейтін жүкті артпа!» деп дұға еткен абзал.

Мұхитдин Исаұлы


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk