Print this page
Бүгін Алматыда ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Діни басқарма бөлім басшылары мен дін қызметкерлерінің қатысуымен жиналыс өткізді.

Бас мүфти жиын барысында жастардың көпшілігі діни мәліметтерді ғаламтор мен баспасөздерден алатындықтан ғаламтор, баспасөз бағыты бойынша жұмыстарды белсенді жүргізуді тапсырды.  

«Қоғамның діни таным-түсінігімен жұмыс жасау әуелі уақыт пен жүйелі жұмысты қажет етеді. Бұл бір күннің немесе бір аптаның жұмысы емес. Сондықтан, Діни басқарманың әр бөліміне артылар жауапкершілік өте зор. Қазір жастардың көпшілігі діни мәліметтерді ғаламтор мен әлеуметтік желілерден, баспасөздерден алады. Ғаламтор, баспасөз бағыты бойынша жұмыстарымыз белсенді жүргізілуде. Muftyat.kzmuslim.kzummet.kzihsan.kzmazhab.kz т.б. сайттарымыз діни ақпараттық кеңістікте жетекші порталға айналды. Көрілім жағынан да рейтингісі көтеріліп келеді», – деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.

Сонымен қатар, Бас мүфти діни сұрақтар мен мәселелерге жауап беруді жетілдіруді тапсырды.

"Жастар ғаламторды көбірек пайдаланады. 2016 жылы оқырмандар тарапынан тек fatua.kz cайтымызға келіп түскен 4186 сұраққа дін мамандары жауап берді. Бұдан бөлек, Діни басқармаға келіп, пәтуа сұраған 678 адамға пәтуа берілді. Шариғи мәселелер төңірегінде телефон арқылы да сұрақ қоятындар да аз емес. Діни мәселелерге терең білімі мен біліктілігі жоғары мамандарымыз жауап беруде. Және бұл Діни қызмет білімді үздіксіз жетілдіріп отыруы қажет етеді", - деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.

Бөлім басшыларымен өткен жиында Ғаламтор насихаты бөлімінің басшысы Мұрат Әбдіхалықов, «Зекет» қорының директоры Әлішер Спанов, Шариғат және пәтуа бөлімі маманы Бауыржан Әлиұлы мен Медет Құрмашұлы атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

ҚМДБ-ның баспасөз қызметі

Muftyat.kz