wrapper

Бұрнағы күні Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына кезекті жолдауын жариялап, егемен еліміздің ертеңіне арналған бірқатар басымдықтар жайында атап өтті. Тәуелсіз мемлекетіміздің тұғырын биіктете түсетін мақсатты межелерді белгілеп, нақты тапсырмаларды міндеттеді. Ел дамуына ерекше серпін берген Елбасы жолдауында еліміздегі діни ахуалды тұрақтандырудың нақты тетіктері көрсетілді.

Саналуан тақырыптарды қамтыған биылғы жолдауда мемлекет қауіпсіздігі мен діни экстремизмге қарсы күрес шараларына басымдық берілді. Бейбіт күнде ел тыныштығын бұзған лаңкестік оқиғалар жұртымыздың үрейін тудырғаны жасырын емес. Осы орайда, Елбасымыз жолдауындағы деструктивті ағымдар жұмысына тосқауыл қойып, діни экстремизм насихатының алдын алу мен ғаламтор бетіндегі, әлеуметтік желілердегі  жолын кесу жайындағы тапсырмасы – бүгінгі қоғамның талабынан туындаған мәселе еді.

Қуатты мемлекет белгілерінің бірі – қауіпсіздік ахуалы екенін ерекше атап өткен Елбасы діни қарым-қатынас саласындағы радикалды көзқарасқа қарсы «мүлде төзбеушілікті» қалыптастыруға ерекше көңіл аударды. Тіпті, темір тордың ар жағындағы азаматтарымызға арналған діни сауаттандыру жұмыстарының салмағын арттыра түсуді тапсырды. Жас ұрпақты рухани-адамгершілікке тәрбиелеу жұмысын жандандыру керектігін кесіп айтты. Сондай-ақ, ел сүйінішін тудырған ерекше оқиға – осы айтылған жұмыстардың тікелей өз тапсырмасы негізінде даярланып жатқан «2017-2020 жылдарға арналған діни экстремизм мен терроризмге қарсы мемлекеттік бағдарламада»  қарастырылғаны.

Қазіргі таңда теріс ағымдармен күрес шараларының күн санап өзектілігі  артып келеді. Дер кезінде емдемесе, кез келген дерттің асқына беретіні белгілі. Елбасымыз атап өткендей, қазіргі таңда теріс ағым мүшелерінің әлеуметтік желілердегі жымысқы әрекеті кесірінен қаншама қандастарымыз қағынан жеріген құландай дәстүрлі дінімізден алшақтап, сыртқы күштердің қолшоқпарына айналуда. Адасқан азаматтарымыздың ата дінімізге қайтуы да осы ғаламтор бетіндегі уағыз-насихат жұмыстарына байланысты. Осы орайда Елбасымыздың биылғы жолдауы еліміздегі күрмеуі көбейген көптеген салаларды сауықтырады деген сенімдеміз. Бұл үшін Мемлекет басшысының ел игілігі жолындағы саясатына өз үлесімізді қосып, жұрт болып жұмылып жұмыс атқаруымыз қажет!

Серікбай қажы ОРАЗ

ҚМДБ-ның төраға орынбасары,

наиб мүфти, "Әзірет Сұлтан" мешітінің Бас имамы 


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk