wrapper

Бір хадисте былай делінген: «Расулулла (с.ғ.с.): «Расында, барлық істер нақты ниеттен туады. Әркімнің алар үлесі де ниетіне байланысты. Егер кімде-кім Алла мен оның елшісі үшін қоныс аударса, ол адамға Алла мен оның елшісі үшін қоныс аударғанның сауабы жазылмақ. Егер әлдекім баю яки үйлену үшін қоныс аударса, қоныс аударуы солар үшін болмақ. Қандай ниетпен қоныс аударса, соған лайық үлесін алмақ», – деді» (Сахих Бұхари: І том, 2-бет; VII том, 231-бет; VIII том, 59-бет. Сахих Мүслім: ІІ том, 103-бет).

«Һижрат» деген сөз көшу, қоныс аудару, тәрк ету деген мағыналарға саяды. Ал оның шариғи мағынасы дін дұшпандары тарапынан қысым көрген меккелік мұсылмандардың Алланың бұйрығымен өз туған жерлерін тастап, Мәдина қаласына қоныс аударуы, көшуі деп түсіндіріледі.

Расулулла (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға һижрат еткен күннен бастап һижри жыл санауы басталды. Сегізінші һижри жылында Мекке алынып, қала толық мұсылмандардың қолына өтті. Мекке алынғанға дейін Мәдинаға көшу, яғни Расулулланың (с.ғ.с.) құзырына қоныс аудару игі амал саналған. Мекке азат етілген күннен Расулулланың (с.ғ.с.) «Мекке алынғаннан күннен бастап һижрат тоқтады» (Сахих Мүслім: ІІ том, 93-бет) деп айтқан сөзімен «һижрат» амалы өзінің алдыңғы күшін жойды.

Хадистің түсіндірмесіне оралайық. Риуаяттардың бірінде, бір кісі Мәдина қаласына көшіп кеткен бір мұсылман әйелге үйлену үшін дінді қабылдап, Мәдинаға һижрат жасайды. Оның мақсаты – Расулулланың (с.ғ.с.) алдына бару емес, сол әйелге үйлену еді. Расулулла (с.ғ.с.) бұл кісінің ниетін біліп, осы хадисті айтты.

Пенденің ісі үш кезеңнен, яғни білу, қалау, күш-қуаттан тұрады. Адам баласы өзі білмеген істі ниет етпейді, ал ниетсіз іске қол ұрмайды. Мысалы, шөлдеген адам шөлді су ғана қандыра алатынын біліп, әуелі су ішуге ниет етеді, кейін оны ішеді.

«Ниет дегеніміз не?», – деген сұраққа: «Ол – білу себебімен бір істі істеуге көңіл қойып қалау», – деп жауап береміз. Ниет – ол әрбір істің, ғибадаттың рухы. Ниетіне қарай бір іс үшін адам баласы не сауапқа кенеледі, не күнәға батады. Ниет бұзық болса, амал да бұзық, ниет түзу болса, амал да түзу әрі дұрыс болмақ. Біреудің малын ұрлау ниетімен өз малын алған адам күнәһар деп танылады. Өйткені оның ниеті әуелде ұрлық болды. Өз малын алу ниетімен біреудің малын білмей алған адам шариғат және ахлақ принципы бойынша айыпсыз саналады.

Әбу Ханифа мәзһабында намаз, ораза, зекет, қажылық секілді негізгі ғибадаттарда ниет ету шарт. Ниеттің орны – жүрек. Тілмен айту немесе айтпау ниетке жатпайды. Мысалы, ойында екінті намазын оқып жатқан адам, тілімен бесін намазын оқыса да немесе ештеме оқымай, үндемей тұрса да, намазы дұрыс деп табылады. Ал екінті намазын оқығанда, тілімен осы намазды оқып жатса, ал жүрегі ештеңені ниет етпесе, намазы бұзылады.

Өкіну бар күнәні жоққа шығарса, ниет жоқ істерді пайда етеді. Жорықтардың бірінде Расулулланың (с.ғ.с.): «Мәдинада бір қауым тұрады. Олар бір себеппен бізге қосыла алмады. Бірақ, олар әрбір ісімізде бізбен бірге» (Сахих Бухари: ІІІ том, 213-бет) деген мазмұнда айтқан сөзі Мәдинада қалып қойып, соғысқа бірге шықпаса да, ниеттеріне орай шайқаста сахабалармен бірге болғанын және сауапқа кенелгенін білдіреді.

Мүбах істер ниеттің себебімен ғибадатқа немесе күнәға айналады. Жақсы іске ниет еткен адам, ол іс істелінсе де, істелінбесе де, сауапқа кенеледі. Бірақ ниетсіз жасалынған іске сауап жазылмайды. «Рия» амалы да күрішке түскен піте сияқты бар сауапты жойып отырады. Риядан сақтану оңай емес. «Мүміннің ниеті амалынан жақсы» (сахих Бұхари: VIII том, 59-бет) деген сөздің хикметі де осы.

Дегенмен, нақты іс-әрекет адамның ішкі әлемін айқындап, оның ниетін бейнелеп тұрады. Егер адамның ішкі дүниесі мен ниет-ықыласы түзу болса, оның нақты істері, сөздері мен әрекет-тері де дәл сондай болмақ.


Хасан Аманқұлов


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk