wrapper

«Жақсылыққа жақсылық – 
әр кісінің ісі,
Жамандыққа жақсылық –    
ер кісінің ісі».

Мінсіз мінез

Адамнан – қоғам, қоғамнан – қауым құралады. Қоғамдық қатынастарды реттеп, жүйелеп отыруда көп адамда кездесе бермейтін көркем мінез үлкен рөл атқарады. Көркем мінезді бір сөзбен түсіндіру, тіпті бір мақаланың аясына сыйдыру мүмкін емес. Ислам ғұламалары жақсы мінез-құлыққа мынадай сипаттама берген: адамдармен жақсы мәміле жасау, кішілерге насихат айту, дүниелік нәрсе үшін ешкіммен жауласпау, өзінен бұрын өзгені ойлау, дін және дүниелік істерде адамдарға көмектесу, мейірімді, қарапайым болу, ешкімді ренжітпеу, т.б.

Кез келген нәрсенің іргетасы болады. Исламның іргетасы да жақсы мінезге құрылған. Жақсы мұсылман болу үшін көркем мінезге бай болу керек. Тіпті тар құрсаққа сыйса да, кең дүниеге сыймай, ағайынмен ат құйрығын үзіп жатқан адамдардың арасын жақындататын күш – көркем мінез. Демек, адам баласының басын біріктіретін ортақ құндылық – жақсы мінез-құлық. Адамзаттың асылы болған, айтқан сөзі амалымен ұштасқан пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Қо-лыңнан келгенше адамдарға өз мінез-құлқыңның ең жақсы жақтарын көрсет», – деп өсиет еткен. Бұл кемелдік жолын іздеген әрбір адам үшін бағдаршам іспетті. Ешкімді тілімен де, ісімен де ренжітпей, таспен атқанды аспен ата білу – көркем мінез бен парасаттылықтың белгісі. Жақсымен жақсы қарым-қатынаста болу оңай. Ал мінезі мазасыз кісінің тілін табу, онымен үздіксіз қарым-қатынас жасау кез келгеннің қолынан келе бермейтіні белгілі. Жазушы Мұхтар Әуезов: «Жақсылыққа жақсылық – әр кісінің ісі. Жамандыққа жақсылық – ер кісінің ісі», – деп текке айтпаса керек.

Бірде әлі мұсылман болмаған Зәйд ибн Саъна Алла елшісінің (с.ғ.с.) пайғамбар-лығын сынамақ ниетпен уәделескен мезгілі жетпесе де өте өрескел түрде қарызын қайтаруды талап етеді. Оған пайғамбарымыз (с.ғ.с.) күлімсіреп, жылы жүзбен жауап қайтарады. Ал Омар (р.а.) оны жеки бастағанда, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) екеуіне де өнеге болатын сөз айтады: «О, Омар, біз басқа нәрсеге көбірек мұқтаж едік: сен маған қарызды дер кезінде қайтаруымды әмір етуің керек еді, ал оған – қарызын қайтаруымды өз дәрежесінде талап етуін бұйыруың керек еді» (Ибн Хиббан, Хаким, Тирмизи).

Осыдан кейін пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Зәйд ибн Саънаға қарызын қайтарып қана қоймай, Омарға (р.а.) оның зәресін алғаны үшін айыппұл ретінде қарызына қосымша тағы бір нәрсе қосып беруді бұйырды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) осы сөздері мен мінез-құлқын көргеннен кейін Зәйд (р.а.) Исламды қабылдады, сөйтіп аса құдіретті де ұлы Алланың мейіріміне бөленіп, тозақ отынан аман қалды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ақ көңіл, ақ жарқын мінезі ашуынан үстем тұрды. Жамандықты жақсылыққа айырбастады. Өйткені, расулулланың (с.ғ.с.): «Мен жақсы мінез-құлықтарды кемеліне жеткізу үшін жіберілгенмін», – деген хадисі бар (Байхақи).


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk