wrapper

Ислам ғалымдары Құрандағы әрбір сөздің мағынасы мен мазмұнын жіберіп алу қаупінен қатты қорыққан. Өйткені, Құран аяттары – Алладан келген қасиетті мәтіндер. Олар адамды жаратқан Алланың жәрдемі қажеттілігін ғана айтып қоймай, адамның Аллаға қаншалықты мұқтаж екенін де көрсетеді.

Құран ғалымдары қарапайым адамның қасиетті аят мазмұнын дұрыс түсіну үшін Құран оқылғанда орындалуы тиіс көптеген талаптарды ұсынады. Бірақ, біз бұл шағын мақалада орындалуы тиіс сол талаптардың арасынан бірқатарын ғана сұрыптап, сіздерге төмендегі реттілікпен ұсынып отырмыз. Әмр ибн Ас (р.а.) былай деген екен: «Құранның әрбір аяты, жәннаттың дәрежелері әрі сендердің үйлеріңдегі шам шырақ». Сонымен Құранды оқушы мен тыңдаушыға қатысты талаптар мыналар:

1) Айтылған сөздің ұлықтығын түсіну. Бұл сөз жоғары мәртебелі Алланың сөзі. Оның жер бетіндегі жан иелері үшін жеті қабат көктен түскенін білу. Сөздің мағынасы мен мазмұнының тереңдігін және оның мақсатын байқау. Кейбір даналар: «Расында құдіретті Алланың сөзіндегі әрбір әріп лаухуль махфузда (тағдыр кітабы) сақтаулы. Ол Қаф тауынан да үлкен. Егер періштелер оның бір әрпіне жабылып көтермекші болса да, тіпті оларға сол лаухуль махфуздың жауапты періштесі Исрафил көмекке келседағы олар оны орнынан қозғалта алмайды» – дейтін көрінеді.

2) Құрандағы сөздің Иесін ұлықтау. Аятты оқитын адам, өзінің оқығалы тұрған сөздің адам сөзі емес екенін ұғынуы қажет.

3) Аятты оқымас бұрын жүректі барлық ойдан тазартып, басқалармен сөйлеспеу. Мысалы, «Ей, Ияхия! Кітапты мықтап ұста» – деген аятқа қатысты мынадай тәпсір бар: «Бұл аяттың мағынасы, Құранды түсіну, соған ұмтылу және оны берік ұстану, оқыған кезде Құраннан басқасын ұмыту қажет...». Сондықтан да ертедегі сахабалар мен тақуа адамдар аятты оқыған кезде, көңілі басқа жақта болса, онда оны екінші рет қайта оқитын болған.

4) Оқыған аяттың мәні мен мағынасына қатысты ой жүгірту. Хазіреті Әли (р.а.): «Мән-мағынасын түсінбей жасаған құлшылықтан және естіп, ойланбаған аяттан пайда жоқ», – деп айтқан. Әбу Сүлеймен әд-Дарани: «Расында мен бір аятты оқыған кезімде, келесі аятқа өту үшін ойымды басқа нәрсеге бөлмесем, онда оқылған аятымның мәнін түсіну үшін төрт немесе бес күн тұрып қалар едім», – деген. Осындай басқа да тақуалардың бірі өзінің «Һуд» сүресін ойланып оқып, алты ай отырғаны туралы айтқан. Әрине, мұның барлығы оқушы адамның білімі мен ой жүгірту деңгейіне байланысты жағдай.

5) Жақсы білім. Құранда келген Алланың сипаттарын, Оның беретін сыйымен жіберетін жазасын, пайғамбарлардың қиссаларын, өтірікші мен залым адамдардың ахуалын және сол сияқты т.б. жағдайларды жақсы түсініп отыру.

6) Құранды түсінуге бөгет болатын нәрселерден арылу. Расында, көптеген адамдардың жүрегінде дүние қамы, күнделіті тіршілік уайымы басым. Мұндай алам аяттың мағынасын түсіне алмайды. Оған Құранның сыры жабық. Құранды түсінуге бөгет жасап, адам ақылын тұмшалап тастайтын бірнеше себеп бар: Біріншісі - көп жағдайда адам Құранның мағынасына емес, дыбыстың ережеге сәйкес дұрыс немесе қате шығуын ойлаумен әлек болады. Дыбыс және әріппен әлек адам, Құранның мағынасын қалайша түсінбек? Адамға мұндай ойды әзәзіл салады. Екіншісі - Құран аятын құлақпен есту арқылы жаттап, сол адамның аят оқу мақамына еліктейді. Білетін ұстаздың сөзіне құлақ аспайды. Аятты Құранға қарамай оқиды. Үшіншісі - тәкаппар, нәпсі соңынан еріп, жүрек дертіне шалдыққан адам. Әдетте пенде дерттің осы түріне шалдығады екен. Адам күнә жамылғысына оранған сайын аяттың мағынасы да одан жасырына түседі екен.

7) Құранда орындауы әмір болған және қайтарылған әрбір амалды Алланың бұйрығы деп түсіну. Сондай-ақ, мұнда айтылған қиссаларды өзі үшін ғибрат деп білу. Алла Тағала бұл аятты арнайы пенделері үшін түсірді деп сену.

8) Аятпен әсерлену. Аяттағы қуаныш пен өкініш және қайғы жағдайларын жүрекпен тыңдауға ұмтылу.

9) Құран аятын Алланың Өзінен деп сезіну. Сонда адамның бойында ықылас, ұят, аятты көңілімен түсіну сияқты сезімдер пайда болады. Көп жағдайда мұндай мәртебеге Алланың сүйікті пенделері мен тақуалары жетеді.

10) Өзін Алланың мейірімі мен қаһарының ортасында елестетуі қажет. Егер аятта ізгі адамдар үшін мақтау мен марапат айтылса, Алладан солармен бірге болуын сұрайды. Егер аятта өтірікші, тәкаппар мен күнәһарлар үшін азап айтылса, Алладан пана сұрап, өзін ондай пенделердің қатарына қоймауын мәнажат етеді. Әрине, Құранды оқушы мен тыңдаушыға қатысты айтылған бұл талаптар Құранды дұрыс түсіну үшін барлық кемшілікті қамтып отыр деп айта алмаймыз. Мақсат – Құран оқушы мен тыңдаушының көңілін Құранның мағынасы мен мазмұнына бұру. Құранды көркем мақамқа келітремін деп оның маңынасын жоғалтып алмау, дұрыс оқылу ережесінен ауытқып кетпеу. Жоғары мәптебелі Алла Құран оқушыға да, тыңдаған адамға да сауаптан жазбақ. Алла Тағала бізді Құранды дұрыс оқып, дұрыс түсінген пенделерінің қатарынан жазғай.

Ж.Сандыбаев,  дінтанушы

kazislam.kz


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk