wrapper

Тіл – Алла тағаланың пенделеріне берген ұлық нығметтерінің бірі. Көлемі кіші болғанымен, атқарар қызметі зор. Жақсы, не, жаман сөз тілден шығады. Егер тілді қадағалап, айтқан сөзіне есеп беріп тұрмаса, шайтан жамандыққа жетелейді. Тілінің кесірінен адам баласы тозаққа түсуі де бек мүмкін. Тілін шариғат жүгенімен жүгендеген, екі дүниеге де пайдасы бар сөздерді сөйлеген адам ғана мұндай жамандықтан құтыла алады. Сондықтан, ислам  пайдасыз сөз сөйлегеннен гөрі үндемей тұруға үндейді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.):

«Кімде-кім сөйлемей тыныш тұрса, бәледен құтылады» - десе басқа хадисінде: «Тіліне ие болып, тыныш тұру даналық. Бірақ, мұны түсініп амал етушілер аз», - деген.

Ал, Алла Елшісінің (с.ғ.с.) тіл жөнінде мына айтқаны мүміндер үшін өте маңызды деп білемін. «Кімде-кім маған тілі мен екі аяғының арасындағы нәрсеге ие болса, мен оған жәннатқа кіруіне кепілдік беремін»,–дейді. Ал, бүкіл мұсылмандардың мына өмірдегі негізгі мақсаты жұмаққа кіру.

Ибн Омардан (р.а.) жеткен риуаятта Расулуллаһ (с.ғ.с.) былай дейді :

«Кімде-кім тілін жамандықтан сақтаса, Алла тағала оның айыбын жасырады. Кімде-кім ашуын басса, Алла тағала оны азаптан сақтайды».

Бұрынғы Пайғамбарлар (ғ.с.) да үмметтеріне тіліне сақ болғандар ғана жәннатқа кіреді деп сүйіншілеген. Мысалы, Исадан (ғ.с.): «Ей, Иса (ғ.с.)! Бізге жәннатқа алып баратын амалды көрсет», - дегенде, Иса (ғ.с.) үмметтеріне: «Еш сөйлемеңдер», - деді. Үмметтері: «Біз сөйлемей жүре алмаймыз», - дегенде: «Олай болса, тек қана жақсы сөз сөйлеңдер», - деп бұйырды.

Дәуіттің (ғ.с.) баласы Сүлеймен де (ғ.с.) адамдарға: «Егер сөйлеу – күміс болса, сөйлемей тыныш тұру – алтын», - деп түсіндірді. Тура сол сияқты Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) бір кісі келіп:

«Ей, Мұхаммед (с.ғ.с.) маған, мені жәннатқа кіргізетін амалдарды айт!» - дегенде: «Аш қалғанға тағам, шөлдегенге сусын бер, жақсылыққа бұйыр, жамандықтан қайтар. Егер бұған да шамаң келмесе, онда жақсы сөз айт, жаман сөзден тіліңді сақта»,–деді.

 Бұрынғы өткен сахабалар мен ислам ғұламалары да тілге аса сақ болуды үнемі ескертіп отырған. Мысалы, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ең жақын серігі, алғашқы халифа Әбубәкір Сыддық (р.а.) өзін көп сөйлеуден тыю үшін аузына кішкентай тас салып жүреді екен. Сұраған адамдарға: «Пайдалардың маған келтірген пайдасы», - деп жауап берген.

Тауус  есімді ғалым кісі: «Менің тілім –  жыртқыш аң. Егер бетімен жіберсем өзімді жеп қояды», - деген.

Вахб ибн Манбаһ «Дәуіт (ғ.с.) және оның  отбасының хикметі» атты  кітабында: «Ақылды адам  тілін жаман сөздерден сақтай алатын және де өз әрекеттерін тексеріп тұратын жан », - деген пікірді айтады.  Кейбір ғұламаларымыз: «Сөйлемей тыныш тұру адамға екі жақсылық әкеледі. Дінінде аман болады. Қасындағы бауырынан ақылдырақ  болады», - дейді.

Мұхаммед ибн Уасиғ Мәлік ибн Динарға: «Ей, Яхьяның әкесі! Тіліңмен адамдарға азар беруден алтын-күмісіңді жоғалтып алудан да қаттырақ сақтан», - деп ақыл берген.

Бір топ адам Мағауияның (р.а.) алдында сөйлеп тұрғанда Ахнаф ибн Қайс сөйлемей тыныш тұрады. Сол кезде Мағауия (р.а.) оған: «Әй,  Ахнаф! Не болды саған, неғып сөйлемей тұрсың?» - дегенде: «Жалған сөйлеуге Алладан қорқамын, шындықты айтуға сенен қорқып тұрмын», - деп жауап берген екен.

Ата-бабамыз: «Екі нәпсісін тиған адам әулие болар», - деген екен. Расында тілін жамандықтан сақтаған адам екі дүниеде де дәрежесі көтеріліп, абыройы артады. Себебі, тілге сақ болу – қателесу, жалған сөйлеу, өсек айту, сөз тасу, екіжүзділік, былапыт сөздер айту, өзін ақтап сөйлеу, біреуді жамандау, қорлау және де біреудің абыройын төгу т.б. сияқты жамандықтардан сақтайды. Бұл тілге жеңіл болғанымен, түбі жақсылыққа апармайды. Сондықтан нәпсіңе ие болғың келсе, тіліңе сақ бол! Сонда ғана сен шынайы мұсылмандардың қатарына қосылып, Жаратушының рахымына, Пайғамбардың (с.ғ.с.) шапағатына ие боласың, иншаллаһ!


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk