wrapper

Тіл –Алла тағаланың пенделеріне берген ұлы сыйлықтарының бірі.Тіл дене мүшесі ретінде кішкентай ғана болғанымен, жаратылысы өте күрделі. Тіл- Алла Тағалаға мойынсұнуға үлкен қызмет атқарады. Бұл дүниеде адам баласының иманды не имансыз екендігі тілдің куәлік беруі арқылы мәлім. Алла тағаланың бар екендігін адамдарға анық дәлелдермен түсіндіруге тіл біздерге жәрдем берді. Тілді орынсыз пайдаланса адам баласы тозаққа түседі. Тілді шариғат жүгенімен жүгендеген, екі дүниеге де пайдасы бар сөзді сөйлеген адамдар ғана мұндай жамандықтардан құтыла алады. Адам баласын көп жағдайда бақытсыздыққа, күнә істерге душар ететін нәрсе- тіл. Сондықтан адам баласын жолдан адастыруға шайтанның аспаптарының ең үлкені тіл болып саналады. Сол себепті, шариғатымыз тілді қалай болса солай сөйлеуден сақтауға шақырады.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «Кімде –кім сөйлемей тыныш жүрсе бәледен құтылады»,- деген. Енді бір ретте: «Тіліне сақ болып, тыныш тұру- даналық. Бірақ, мұны түсініп, амал етушілер аз»,- деген. Олай болса, тіліне ие болып тыныш тұруда ақылдылық және сақтық бар.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үмбеттеріне күнәнің көпшілігі тілден болатынын ескертіп: «Шынында, адам баласы күнәнің көбісін тілден табады»,- дейді. Ибн Омар: «Мен пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай дегенін естідім. Кімде- кім тілін жамандықтан сақтаса, Алла тағала ондай кісінің айыбын жасырады. Кімде- кім өзінің ашуын басса, Алла тағала оны азаптан сақтайды. Кімде – кім Алла Тағалаға үзір айтса, үзір қабыл болады.»

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадис-шарифте мүміндерінің сөзі қалай болуын былайша түсіндіреді: «Мүміннің тілі жүрегінің түбінде болады. Егер бір нәрсені айтқысы келсе оны жүрегімен тексеріп көреді, кейін тілімен айтады. Екіжүзді адамның тілі жүрегінің бергі жағында болады.» Тағы бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Кімнің сөзі көбейсе қателесуі көп болады. Кімде- кімнің қателесуі көбейсе, күнәсі көбейеді. Кімнің күнәсі көп болса тозаққа лайық болады»,- деген. Кейбір ғұламаларымыз айтады: «Сөйлемей тыныш тұру адамға екі жақсылық әкеледі. 1. Дінінде аман болады. 2. Қасындағы бауырынан ақылдырақ болады»,- деген.

Тілін жамандықтан сақтаған адам екі дүниеде де ұлық дәрежелі болады. Себебі, тілге сақ болу – қателесу, жалған сөйлеу, өсек айту, дұрыс болмаған сөздерге кірісіп кету, біреуді жамандағанда асырып жіберу, тілімен адамдарға азар беру және біреуінің абыройын айрандай төгу сияқты жамандықтардан сақтайды. Бұл апаттар тілге жеңіл болғанымен, иесіне жаратылыс жағынан және шайтан тарапынан жамандықтардың келуіне үлкен себеп болады. Сондай- ақ, тілге ие болу әрдайым салмақты болуды, ойлануды, бұл дүниеде және ақыретте есеп берудің қиыншылығынан аман сақтап қалуды өз ішіне қамтиды. Алла Тағала Құран Кәрімде «Каф» сүресінің 18- аятында: «Аузынан бір сөз шығарса- ақ болды алдында аңдушы дайын»,- деген. Осы аяттың өзі біздерге орынсыз сөйлемей, үнсіздік сақтаудың ләзім екендігіне дәлел бола алады.


More in this category: « АЗ СӨЗ - АЛТЫН

Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk