Асылы, халықтың мұсылмандық санасының биіктігін өз ұрпағын тәрбиелеумен қоса, келешек жұртына аманат еткен сөз-мұрасынан байқауымызға да болады. Дәлірек айтқанда, ислам – ізгілік сөзін қолдана отырып, оған бала тәрбиесі арқылы амал еткен, түптеп келгенде, ізгілікті өмірлік ұстанымына айналдырған халықтық дүниетанымның бастау көзі, қайнар бұлағы. Ал, бүгінгі таңда кейбір жастардың өз жұртының ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетіне сай көркем мінезді, ізгілікті ұран еткен халық болғанына күмән келтіріп, адасу себебінің бірі де – осы, білімсіздік, сөз мағынасын түсінбеушілік десек, артық айтқанымыз емес. Әйтпесе, қазақтың тегіне тартпай қоймас тектілігін, аузымен құс тістеген ептілігін, (ділмар шешен) қонағына жалғыз атын сойып немесе түсіп берген мәрттігін, арамның малын жемеген адалдығын, бағасыз дүниеге алданбаған даналығын сақтап келген Алланың тіл, сөз сынды жаратылысынан асқан құдірет жоқ! Бір сөздің мағынасын жете ұғынбаудың ақыры тұтас бір ұлттың тарихына таңба түсіріп, қауіпсіздігіне қатер төндіруге дейін алып баратынын уақыттың өзі көрсетіп отыр.
Түбін тартсаң Құранға тірелетін, тіптен жай сөз ғана емес, белгілі бір заттың атауынан мағыналық ауқымы кең ұғымға айналып кеткен «ізгілік» сияқты сөзге түсінік берудің маңызы зор. Ізгілік атымен жасап жүрген амалымыз үйреніп, үрдіске айналған кісілік қасиет, ұлт мінезі ғана емес, Алланың әмірі арқылы үммет санасына жол тартқан Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннеті екенін ұғыну діннен жатырқап қалған жұртты асыл дінімізге жақындата түсеріне сенім мол.
Осы орайда, ізгілік түсінігін Құран аяттары бойынша жүйелеп, санамалап шығуды жөн көріп отырмыз. «Ізгілік дегеніміз не? Ізгі іс деп нені айтамыз?» деген сұрақтарға Құран тілімен жауап берсек, ізгілікке байланысты кемшін жатқан білімімізді толықтырып, амалымыздың кем-кетігін толықтыруға мүмкіндік аларымыз – ақиқат.
Ізгілік – адамдық. Мұсылман адам болу, ізгілік жасау, яғни «қайтіп надан болайын атымды адам қойған соң?», - деп хакім Абай айтқан адамдықтың басты шарты. Адам болып тудың ба, мұсылман болу, ізгілік жасау – адамдық парызың. Осы орайда, түркі дүниесінің ойшылы Жүсіп Баласағұн:
Кісіге екі дүниеде пайдалы (нәрсе) –
Ізгі іс немесе мінезі түзулік.
Екіншісі – ұят, үшіншісі – әділдік.
Бұл үшеуі арқылы адам шын бақыт табады, – деп ізгілікке мінездің түзулігі деген анықтама берген. Жыр жолындағы «түзу» сөзінің мағынасы Исламдағы «тура жол» ұғымын меңзеп тұрғаны белгілі. Өйткені, Жүсіп Баласағұн – «Құтты білік» дастаны арқылы ислам дінін түркі дүниесіне насихат еткен ғұлама.
Айта кету керек, біз бұл жыр жолдарынан шайырдың Алла бұйырған хақтың тура жолына пайғамбар (с.ғ.с.) сүннет еткен көркем мінезбен жете аламыз, көркем мінезбен кемелденген мұсылмандық хайырлы деген ойын ұғынамыз. Демек, ізгілік дегеніміз – «түзу мінез». Шынында, Жүсіп Баласағұнның осылайша ой түюіне ықпал еткен төмендегі аяттар екені сөзсіз: «Кімде-кім мүмин болған күйде ізгі амал жасаса...» (Таһа, 112).
Жырдағы «кісіге екі дүниеде пайдалы нәрсе» деген сөздің де Құран ақиқатынан нәр алып жатқанын байқаймыз. Әрбір жақсылық істеушінің ізгі амалы – кейінгіге үлгі-өнеге, Құран тілімен айтсақ, «ескерту». Мысалы, Құранда Аллаға қарсы келіп, тәкаппарлығы үшін жойылып кеткен қауымдар мен дінін қадірлеп, сол жолда жанқиярлық танытқан барша пайғамбарлардың сабырлылығы мен шыдамдылығын сипаттайтын қиссалар тағылымы – күллі дүние мұсылмандарын туралыққа бастайтын ізгілер өнегесі. Сол жолмен жүргендердің сыйы жақсылық болатынын Алла Тағала былай деп ескерткен: «Алла Тағала сендерден иман келтіріп, ізгі іс істегендерге, өздерінен бұрынғыларды қалай мұрагер еткен болса, оларды да солай мұрагер ететінін айтып, уәде етті. Сондай ақ, олар үшін өзі разы болған дінін нығайтып, қауіп-қатерден кейін оларды бейбіт заманға жеткізеді» (Нұр, 24-55).
Құран Кәрім ізгілерден мұра болып қалған ізгі амалдардың қандай екенін, олардың қатарына қандай амалдар жататынын да ашық баян етеді. Ендеше, Алла Тағаланың адамзатқа бұйырған ізгі амалдарына нелер жатады?
Жаратқан Иеміз – Алланы танып және оған шүкіршілікпен құлшылық ету, ата-анаға құрмет көрсету – Құранда бұйырған ізгі амалдарың негізгісі. Алла Тағала бұл туралы былай дейді: Раббың, Өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті (Исра, 23). Келтірілген аяттағы «ғана» шылауы бір Жаратушы ретінде Алладан басқаға иман келтірмеудің аса маңызды екенін, сол сияқты ата-ана ретінде әке-шешеге жасалатын құрметтің де бөлек болатынын көрсетеді.
Ислам – бес парызды орындап, Аллаға құлшылық етумен шектелмейтін дін. Керек десеңіз, жасалған құлшылықтардың Алла құзырында қабыл, қабыл болмауына кепіл болатын көркем мінезге де ерекше маңыз береді. Көркем мінездің зоры – көмектесу. Алла Тағала біреуге жақсылық жасау туралы «Мәида» сүресінің 2 аятында: «Ізгілік пен тақуалықта өзара көмектесіңдер», - дейді. Ал, екі дүние сардары Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз: «Қайсыбір мұсылман өзінің бауырына көмектессе, Алла оған көмектеседі», - деген.
Көмектесу – жақсылық жасау деген сөз. Қоғамдағы жақсылық адамдардың бір-біріне деген бауырмалдық, жанашырлық сезімнен туатынын ұмытпауымыз керек. Адам баласына өз бауырындай қарайтын адам өзін ғана емес, ізгі амалымен өзгені де тәрбиелейді.
Кешірімді болу – бұл ізгіліктің алғашқы шартынан туындайтын игі амал. Яғни, көмектескен адамыңыз сіздің көмегіңізді дұрыс түсінбеуі немесе ұмытып кетіп, өзіңізге жамандықпен қарсы келуі де мүмкін. Бұл – адам табиғатында, нәпсісінде бар нәрсе. Періштеге дәріс берген шайтанды ібіліске айналдырған да осы Алланың өзіне жасаған жақсылығына шүкір етпеу, жаратылыс болмысына разылық етпеуден туындаған тәкаппарлық еді. Адам өз бойындағы осы бір мінез кеселін шүкір, қанағат сынды ізгілікке негізделген дүниетаныммен жеңіп, жақсылық жасаушыны қуанта алады. Төмендегі Құран аяты адамзат баласына осыны меңзейді: «Жамандыққа жақсылықпен жауап беру тек сабырлы адамға тән қасиет. Бұл әрекет адамға көптеген несібе әкеледі. Егер бойыңда шайтани тұрғыдағы жағымсыз қылықтар бой көрсете бастаса, дереу Аллаға жалбарын. Өйткені, Жаратушы Ие барлық дауысты естиді, болған әрбір істі бәрінен де жақсы біледі» («Фуссилат», 35-36).
Демек, жамандыққа сабыр ету – Құран бұйырған ізгі іс. Алла Тағала «Сен кешірім жасау мен елемеуді дұрыс көр. Жақсылықты талап ет. Наданмен надан болма. Егер кез-келген сәтте түлен түртіп, жамандыққа құлқың тартса дереу Алла Тағалаға сыйын. Өйткені, Жаратушы Ие барлық дұғаны естіп, қабыл етуші. Ол күмәнсіз бәрін білуші» (Ағраф, 199-200) деп, адамзат баласын жақсылықтың сұраусыз қалмайтынын, Алла алдындағы ар сотында әділдік жасайтынын ескертеді.
Осы орайда қазақтың ескіден келе жатқан мақалына құлақ түрсеңіз, халық даналығын Құран ақиқатынан түзілген сөз маржаны демеске лажыңыз қалмайды: «Жақсылыққа жақсылық – әр адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі». Құран аяты мен мақалдағы сөз астарына терең үңілсек, екеуіне де ортақ мүдде – ізгілік мұратын көреміз.
Құран жамандыққа жақсылықпен жауап бере алатын адамды «сабырлы» десе, халқымыз «ерге» теңейді. Ақиқатында, ерді ерлікке бастайтын қасиет – сабыр. Өйткені, оттай жанған нәпсімен іштей күресіп, жеңу, оны сыртқа ерлік-жақсылық ретінде көрсете білу де – сын. Құранға зер салсақ, ол – Алланың сынағы. Түптеп келгенде, сынақтан сүрінбей өтіп, жақсылық жолынан таймай, қиянатқа сабыр ету – мұсылмандықтың шыңы.
Расында, қоғамда адамдар бір-бірінің жақсылығын түсінбей, жаға жыртысуға дейін барып жатса, ел ішінде ұлт болып ұйысуға бастайтын бірліктен береке кетеді. Қоғам азып-тозып құруға бет алады. Ал, біздің асыл дініміз адам табиғатының нәпсіге тартпай тұрмайтын жаратылыс болмысын біліп, ұлт, ұлыс атаулыны бірлікке жетелейтін кешірімшілдікке үндейді.
Қорыта келгенде, кешірімді болу – татулықтың бастауы, жамандықты жақсылыққа айналдыратын алтын көпір. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Һұд» сүресі, 114-аятында: «..Ақиқатында, жақсылықтар амандықтарды кетіреді», – деу арқылы жақсылықтың жамандықтан үстем екенін ашық сипаттайды.
Кісіге көмектесудің келесі бір жолы – жақсылыққа арашашы болу. Жаратушы Иеміз бұл туралы «Ниса» сүресінің 85 аятында: «Кім жақсылықпен араға түссе, содан оған игі үлес бар» деген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шапағат етіңдер, сауап аласыңдар» деп айтқан.
Кешірімді болу, жақсылық жасау, жамандыққа сабыр ету – бәрінің де жасалуына ықпал ететін жақсы ойда болу ниеті болса керек. Жақсы ойда болған адам ғана кешіре алады, жамандыққа сабыр етіп, жақсылық жасайды. Асылы, жамандықты жақсылықпен жоюды үндейтін халық нақылындағы «Таспен атқанды аспен ат» мәтелі Құран қағидасынан шықса керек. Өйткені, Алла Тағала Құранда «Олар не қаласа соны жасасын. Ал, сен жамандықты мейлінше алыстатып отыр. Өйткені, біз олардың сен жайлы айтқан жағымсыз уәждердің ақ-қарасын өте жақсы білеміз. Сен былай деп дұға ет: Уа, Алла Тағала! Сайтанның айдауы мен оның қасында болудан мені сақтай гөр!» («Муминун», 96-98) дейді.
Міне, Ислам ізгілік діні, кешірім мен мейірім діні десек, жоғарыда келтірілген аяттар осыны дәлелдейді. «Алма ағашынан ұзап түспейді» демекші, халық дүниетанымының Құран ақиқатымен астасып жатқанын байқаймыз. Бұл – халқымыздың мейірімділікті мұрат тұтып, ізгілікті ту еткен мұсылмандық санасының айғағы. Ендеше, ізгі іс жасау – халқымыздың қанына сіңген ұлттық қасиеті, дара болмысы. Олай болса, ізгілік биігінен табылу – баршамызға ортақ міндет.