«Ысырапқорлықта жақсылық жоқ, жақсылыққа жұмсалған затта ысырапқорлық жоқ» (Ибн Ғашур).
«Ысырап» сөзінің тілдік мағынасы, дүние-мүлкіңді, керек-жарағыңды орынсыз шашу, артық шығынға жол беру, мөлшерден артық ішіп-жеу, уақытыңды дұрыс қолданбау, Алла Тағаланың сыйлаған әрбір нығметін өз орнымен қолданбау дегенді білдіреді. Ысырапқор адам берілген нығметке қанағатсыздық танытып, тек іше берсем, жей берсем, үсті-үстіне бола берсе деген тоғышарлық мінез танытады. Адам баласы өзіне берілген нығметті қалауынша тұтынуына болады, бірақ ысырап жасамауы қажет.
Алла Тағала қасиетті Құранда
«Ішіңдер, жеңдер бірақ ысырап қылмаңдар. Шындығында Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді», – деген («Ағраф» сүресі, 31-аят). Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде де: «Жеңдер, ішіңдер, садақа беріңдер және киініңдер. Бірақ ысырапшылдық пен дандайсуға жол бермеңдер», – дейді. «Судың да сұрауы бар» дейтін ата-бабаларымыз әрдайым ұрпағын үнемшілдікке үйретіп, ысырапқорлықтан сақтандырып отырған. Мысалы, Шәкәрім бабамыз «Шаруа мен ысырап» атты өлеңінде: Қайтер еді, жігіттер, Тым қымбатты кимесек. Ихсан және қоғам Мақтан үшін борышты Үсті-үстіне үймесек, – деп ысырапқорлыққа салынбай, үнемді болуға шақырған. Ысырапқорлықтың тағы бір түрі қасиетті Құранда «әт-тәбзир» деп аталады. Ысырапқорлық тиісті болған дүниеден артығын жұмсау болса, ал «әт-тәбзир» деп рұқсат етілмеген дүниеге мал сарып етуді айтады. Алла Тағала қасиетті Құранда ысырапқорлықтың бұл түрін:
«Сөзсіз орынсыз мал сарып қылғандар шайтанға бауыр. Ал шайтан болса, Раббысына тым күпірлік етуші», – деп айтқан («Исра» сүресі, 27-аят). Арақ, құмар, зинақорлық сынды күнәлы іске жұмсалған қаражат ысыраптың осы түріне жатады.
Ислам ғалымдарының көзқарасы бойынша, Алла үшін жұмсалған дәулет ысырапқа жатпайды. Ибн Ғашур (Алла оны рақымына алсын): «Ысырапқорлықта жақсылық жоқ, жақсылыққа жұмсалған затта ысырапқорлық жоқ», – дейді. Туған-туысымызға, міскін-кедейлерге, сапарға шығып жолда қалғандарға қанша қайырымдылық көрсетсек те, ысырапқа жатқызылмайды. Ондай адам жақсылық іс жасаған болып, сауапқа кенеледі. Ал жеке мүдде үшін қаражатты орынсыз шашу – ысырап. Көбіне ысырапқор адам өзінің күнә жасап жүргендігін де өзі білмей, жасаған ісіне сүйсініп, осылайша шайтанның алдауы мен арбауына түсіп қалады. Алла Тағала Құран Кәрімде олардың бұл амалдарын сипаттап:
«Солайша шектен шығушыларға (ысырап етушілерге) істеген істері көркем көрсетіледі», – деп айтқан («Жүніс» сүресі, 12-аят). Ысырап деп – тек дүниені шашу деп түсінген дұрыс емес. Ысыраптың жеп ішуде, киім-киюде, уақытта және т.б. бірнеше түрлері бар.
Хазреті Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын): «Адам өзінің нәпсісі қалаған затты алып жей беруі, оның ысырапқор болуы үшін жеткілікті», – деген. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
«Адам баласы еш уақытта асқазанынан өткен жаман ыдыс толтырған емес. Негізінде, адам баласына белін түзеп, әлденуі үшін аз ғана дәм тұз (азық) жеткілікті. Егер міндетті түрде ішіп-жеуі керек болса, (асқазанының) үште бірін тамаққа, үште бірін суға және үште бірін ауаға арнасын», – деуі арқылы бізді жеп-ішуде ысырапқорлыққа түсуден тыйған (имам Тирмизи).
Өкінішке орай, бүгінгі қоғамда ішіп-жеудің нормасы сақталмай ысырапқа жол берілуде. Мысалы, артық тамақтардың төгілуі, нан қалдықтарының қоқысқа тасталуы, суды орынсыз ағызып қою т.б. Мұнымен қоса той-томалақта шамасына қарамастан өзгеден құр қалмайын деп ысырапқа жол беріп шашылатынымыз да бар. Ал өмірде күнделікті күнкөріске зар болып жүргендер қаншама. Мүминдер үшін табақтағы соңғы асты ысырап етпей сүннет жолы деп бітіріп тауысып қою әдептіліктің көрінісі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дәрет алу кезінде артық суды қолданудың өзін ысырапқа жатқызған. Сондықтан әрбір ісімізді жақсы ойлап, ысырапқа жол бермеуге тырысайық. Киім киістегі ысырап: Негізінде адам баласы киім киюге мұқтаж. Киімсіз жүруі мүмкін емес. Ол – пендесіне берген Алланың сансыз нығметтердің бірі. Өйткені Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Шынында Алла Тағала Өзінің нығметтерінің белгісін құлының бойынан көргенді ұнатады», – деген (имам Тирмизи). Демек, таза әрі жарасымды киінген құлын Алла Тағала жақсы көреді. Бірақ адамдарға көрсету мақсатында немесе мақтану ниетімен менмендікке салынса, киімі бола тұрып бірінің үстіне бірін алып жатса, ол – ысырап. Одан сақтанғанымыз дұрыс.
Ысырапты Алла жек көреді. Уақыт ысырабы: Ислам діні уақыт мәселесіне қатты көңіл бөлген. Өйткені уақыттың алатын орны ерекше. Сол себептен Құран Кәрімнің көптеген аяттарында уақытпен санасуымыз керектігі айтылған. Уақыттың маңыздылығы сонша – Жаратушы иеміз Құранның «Фәжр», «Духа», «Аср», «Ләйл» секілді кейбір сүрелерінде уақытқа серт еткен. Алла Тағала:
«Заманаға серт. Негізінен, адам баласы зиян шегуде», – дейді («Аср» сүресі, 1-2-аяттар). Яғни уақытпен серт етіп, сол уақыттың ішінде адамзаттың қасіретте болатынын айтқан. Ал сол қасіреттен арылуымыз үшін ең бастысы әрбір сағат, күн, ай, жылымызда игі істердің көп жасалуына көңіл бөліп, уақытты бекер өткізіп алудан сақтануымыз керек. Уақыттың жауы теледидардан керексіз телесериал көру, интернетте ермекпен отыру, бос сөзге ұрыну, көп ұйқыға берілу.
Сондай-ақ ағзамызға зиян тигізетін ішімдік, темекі және т.б. зиянды істер үшін жұмсалған қаражат та ысырапқа жол ашады. Себебі ол ағзаны бүлдіргенімен қоймай, қаражатты да бекерге шаштырып, қалтаны қағатыны белгілі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адамдардың көпшілігі қадір-қасиетін біле бермейтін екі үлкен нығмет бар: біріншісі – денсаулық, екіншісі – бос уақыт», – деп айтқан (имам Бұхари).
Ихсан және қоғам Адам баласы Алланың құлына өлшеп берген өмірін, алтындай уақытын өзіне және қоршаған ортасына пайдасы тиетін амалмен өткізуі тиіс. Өйткені уақыттың қас қағым сәтте өте шығатыны бәрімізге белгілі. Уақыттың қадір-қасиетін біліп, оны тиімді қолданған даналарымыз, ғалымдарымыз жеткілікті. Хакім Абай: Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа, Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа. Адамды сүй, Алланың хикметін сез, Не қызық бар өмірде одан басқа?! – деп, бұл өмірдің мәңгі еместігін, бір қалыпта тұрмайтындығын, уақыттың зымырап өтетінін ескертіп, адамды сүйіп жаратқан Алланың хикметін сезініп, дұрыс өмір сүру керектігін айтқан. Сонда ғана өлшеулі өмірдің мәні ашылмақ. Бұл турасында Құранда:
«Туыс-жақындарға, міскіндерге, жолда қалғандарға міндетті түрде қарайласыңдар. Алайда ысырапқа мүлде жол бермеңдер», – делінеді («Исра» сүресі, 26-аят).
Мүмин адам әрбір ісінде орта жолды ұстанғаны дұрыс. Жаратушымыздың көрсеткен шариғатынан асып кетпей, сонымен қатар парыз етіп бұйырған әмірін кем-кетіксіз орындау қажет. Дүниені де орынсыз сарып етпей, сараңдыққа да салынып кетпей, орнымен жұмсай білуі тиіс. «Фурқан» сүресінің 67-аятында Алла Тағала бізді осыған шақырып, былай деген:
«Олар мал сарп еткенде ысырап жасамайды, сараңдық та етпейді, ортасында болады». Тағы бір аятта:
«Қолыңды мүлде мойныңа байлаулы қылма да бүтіндей ашпа (өте сараң да, тым дарақы да болма)», – дейді («Исра» сүресі, 29-аят). Ендеше, Алла Тағаланың берген әрбір нығыметіне шүкірлік етіп, оны бағалап, орынсыз жұмсаудан сақтанайық. Алла Тағала Құран Кәрімде:
«Сол күні (дүниеде берілген) әр нығметтен, әлбетте, сұраққа тартыласыңдар», – деп ескерткен («Тәкәсур» сүресі, 8-аят). Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Қиямет күні Алланың ешбір құлы өмірін қайтіп өткізгендігі, алған білімін не істегендігі, дүние-мүлкін қандай жолдармен тауып, қайда жұмсағандығы және тәнін қандай жолда жүріп тоздырғандығы жайлы есепке тартылмайынша бір адым да аттай алмайды», – деп, қияметте әрбір ісіміз үшін сұралатындығымызды баяндаған (имам Тирмизи).
Алла Тағаланың бізге берген әр нығметінің қадір-қасиетін біліп, ысырапқорлықтан сақтанып, қияметте Жаратушымыздың мейіріміне кенелуімізді нәсіп еткей! «Раббымыз! Күнәларымызды, орынсыз істерімізді кеше гөр және табандылығымызды берік етіп, күпір еткен қауымға қарсы жәрдем бер» («Әли Имран» сүресі, 147-аят).
"Ихсан – рухани тәрбие негізі" кітабынан алынды