wrapper

Иә, Ислам діні тазалыққа ерекше көңіл бөлген. Тіпті алғашқы түскен бұйрықтардың өзі хазірет Мұхаммедке (с.ғ.с.) «Әй, бүркенген жан! Тұр, халыққа ескерт. Раббыңды ұлықта. Киіміңді таза ұста» деп тазалыққа шақырғаны кісіге ой саларлық («Мүддәссир» сүресі, 1-5 аяттар).

Осы уақыттан бастап Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тазалық мәселесіне айрықша ден қоя бастаған. «Тазалық – иманның жартысы» (Муслим) деп білген ол, әр дене мүшесінің тазалығын толық қадағалаған. Мұсылман баласының дене және рухани тазалығы болады. Денемен болатын тазалыққа ғұсыл, дәрет немесе таямум, ал рухани тазалыққа жаман ойлардан, күнәлі әрі шүбәлі істерден жан дүниесімен аулақ болу жатады. Тазалықа жеңіл әрі салғырт қарауға әсте болмайды. Таза жүрудің өзі ғибадат. Әр уақыт дәретпен жүрген Біләлді (р.а.) Аллаһ Тағала жәннатпен сүйіншілеген.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әр уақыт сахабаларына яхудилерге ұқсамауды, үйдің ішін маңайын таза ұстауды өсиет ететін. Тазалық – мұсылманның қоршаған ортасымен тығыз байланысты. Мұсылмандардың дінсіздерден айырмашылығы да осында жатыр. Аллаға және ахирет күніне иман келтірген жан денесінің, киім-кешегінің және тұрған жерінің тазалығына қалай мән берген болса, дәл солай қоғам игілігіне пайдаланылатын, көпшілік жұрт жиналатын Алланың үйі саналған мешіт, оның әжетханасы мен дәрет алатын жері мен т.б. осы сияқты орындардың тазалығына мән бере отырып, тазалаушы кісілердің еңбектерін бағалап, құрметтегені ләзім.

Сондай-ақ Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тамақтанардан алдын және кейін мұқият қол жуатын әрі басқаларға: «Тамақтың берекеті –  тамақтанудың алдын және кейін қол жууда» деп ескертетін (Бухари, Уду, 26). Сонымен қатар ұйқыдан тұрғаннан кейін де қол жуудың қажет екендігін айтып түсіндірген: «Ешкім ұйқыдан тұра салысымен қолын ыдысқа жүгіртпесін. Өйткені түнімен қолының қайда қонғанын білмейді ғой» (Муслим, тахарат, 87).

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тістің тазалығына да өте қатты мән беретін. Егер оның (с.ғ.с.) әр намаздың алдында мисуакпен тіс тазалағанын ескерер болсақ, күніне ең кем дегенде бес рет тіс тазалап тұрғанын байқаймыз. Ал бұған қосымша бекітілмеген күн шыққан соң, сәске уақытында, түнгі тахаджуд т.б. намаздарының алдында әрі тамақтанғаннан кейін тіс тазалағанын қоссаңыз, тіс дәрігерлерінің өзі мұншалықты өте жиі тіс тазаламайтындығына куә боламыз. Дәл осындай тазалыққа ие болу үшін үмметіне де ұлағатты сөз қалдырып былай деген: «Үмбетіме ауыр соғады-ау деп тартынбағанымда, әр намаздың алдында мисуәк (тіс тазалауға арналған құрал) қолдануын әмір етер едім» (Муслим, Тахара, 42).

Ауыз тазалығына көңіл бөлгені сонша, жағымсыз иіс шығаратын пияз бен сарымсақ жеуден де тартынатын. Өйткені мұншалықты таза болмаса періштелер де жақындамайтындығын меңзеп: «Сіздер жеңіздер, менің жемеу себебім – маған періште келетіндігінде»,-деп түсіндірген. Кейде кей кісілердің тіс тазалығын күтпейтіндігіне кейіп: «Менің қасыма сарғайған тіспен және жағымсыз иіс шығып тұрған күйде келмеңіздер»,-дейтін.

Сондай-ақ тырнағы өсіп кеткен кісілерге де ренжитін. Бірде сондай кейіппен қасына келіп дін жайында сұрағандар турасында «Сіздерден маған біреу келіп, көктен хабар сұрайды. Қараймын, тырнақтары өсіп кеткен, іші кірге тола»,-деп бұндай ластықты ұнатпайтындығын білдіретін. Хазірет Алиге (р.а.) де «Ей, Али, өсіп кеткен тырнақтарыңды қысқарт. Ішінде зиянды нәрселер жүреді»,-деген еді (Дәйләми, Фирдаус, 3/205, Дарул-кутубул-илмия, Бәйрут, 1986). Уахи арқылы көп жайтқа қанық болған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сол дәуірде тырнақ ішінде микроб болатындығын халыққа осылай түсіндірген.

Бірде өзінен көмек сұрап келген әйелге Пайғамбарымыз бірнеше ешкі беріп тұрып: «Балаларыңызға айтыңыз, ешкілерді сауған уақытта желіндерін жараламас үшін қолдарының тырнақтарын қысқартып отырсын»,-деген (Хайсами, Мәжмау-з Зауаид, 8/196).

Бұдан басқа Пайғамбарымыз шаш күтіміне де айтарлықтай көңіл бөлген. Алба-жұлба майланып кеткен кір шаштарды ұнатпаған. Бірде сақал-шашы ұйысқан кір-қожалақ бір кісіні көргенде: «Мына кісі басын жуатындай су, шашын басатындай май таппаған ба?»,-деп ренжіп еді. Бұған қоса: «Кімнің шашы болса, жақсы күтсін»,-деген (Әбу Дауд, Тәрәжжул, 3).

Алланың Елшісі (с.ғ.с.) әр жұма сайын ғұсыл құйынып, толық жуынып тұруға үндеуімен қоса, күн сайынғы бірнеше мәрте қайталанатын намазға таһарат алу кезінде аяқ, қол, ауыз, мұрын және беттің жуылуы, тіпті құлақ пен мойынның сүртілуінің өзі тазалықтың кемел түріне жатады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бірде қабірге келіп: «Ей мүминдердің мекені! Сіздерге Алланың сәлемі болсын. Алла қаласа, біз де сіздерге қосыламыз. Әттең, діндес бауырларымды да көрер ме едім»,-деген еді. Қасында тұрған сахабалары: «Сіздің діндес бауырларыңыз біз емеспіз бе?»-деп сұрағанда, «Сендер менің сахабаларымсыңдар, бауырларым әлі келген жоқ»,-деген жауап естіген. Сахабалар: «Үмбетіңізден әлі келмегендерді қалай танисыз?»-деп сұрағанда, Ол (с.ғ.с.): «Біреудің бірыңғай жирен түсті үйірі болса, соның ішінен қасқасы мен аяғында аласы бар аттарын тани алады ғой. Дәрет алған мүшелер де осы секілді ақыретте аппақ болып, нұрланып көрінеді. Сол арқылы танимын. Әркім шамасы келгенше денесін нұрландыруға тырыссын»,-деп жауап берген еді (Мүслим, таһарат, 39).

Басқа бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бес нәрсе адамның болмысынан: мұртты басу, тырнақ қысқарту, қолтық түгін қыру, ұятты жерді түктен тазарту, сүндетке отыру»,-деп, Исламдағы тазалықтың тым тереңде жатқандығын аңғартқан (Муслим, Тахара, 49, 56). Бүгінгі таңда медицина ғылымы профилактикалық әрі гигиеналық тұрғыдан сүндеттелудің адам ағзасына аса қажетті екендігін дәлелдеді. Батыс елдерінде сүндетке отыру үрдісінің жиіеленуі, қатерлі ісікке жол ашпау, жыныс мүшелерінің кеселдерін алдын алу секілді, тазалық тұрғысынан бұған олардың әлдеқашан көзі жеткендігі мәлім.

Алланың сөзі Құран Кәрімде: «Киіміңді таза ұста, жаман нәрселерді таста» - делінгендіктен («Мүддәсир», 4-5) Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әрқашан киіміне қыл жуытпауға тырысқан. Намаз оқу үшін де киімнің тазалығы маңызды болғандықтан: «Ақ киім киіңіздер. Ақ түсті киім әдемі көрінеді, тазалық тұрғысынан да ыңғайлы. Мәйітті ақ түсті матамен кебіндеңіздер»,-деп, ақ киген жағдайда тазалыққа көңіл бөлудің анағұрлым артатындығын білдірген.

Кір киім киген адамды көргенде: «Мына кісі киімін жуатын ештеңе таба алмаған ба?!»-деп ренішін білдірген. Осы сөзімен мұсылмандарды киімдерін таза ұстауға шақырған (Әбу Дауыд. Либас 14.).

Құран Кәрім аятында: «Әй, адам баласы! Мешітке барған сайын әдемі киімдеріңізді киіңіздер» - деп айтылғандықтан мереке немесе жай күндері мешітке барарда, үсті-басының тазалығына ерекше көңіл бөлетін («Араф», 7/31).

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  үмбетін әрқашан өзі тұратын үйдің ішін, ауласын таза ұстауға шақырып, былай деген: «Алла тағала - жомарт әрі жомарт құлдарын жақсы көреді. Алла тағала - таза, тазаланғандарды да ұнатады. Ендеше, үйлеріңіздің маңайын да таза ұстаңыздар» (Тирмизи. Әдәб 41).

Күндердің бір күні Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Абайлаңыздар, қарғысқа ұшырағандардан болмаңыздар»,-деп еді. Сахабалары қарғысқа ұшырағандардың кімдер екенін сұрағанда, Ол (с.ғ.с.):  «Ел жүретін жолға, ел көлеңкелейтін ағаштың түбіне, өзен, көлдің жағасына дәрет сындырып ластағандар»,-деу арқылы қоғамдық орындарды да таза ұстауға шақырған (Мүслим, тахарат, 68). Сондай-ақ басқа бір хадисте Мухаммад (с.ғ.с.)-ның: «Суға дәрет сындырмаңыздар. Себебі сол судан дәрет алу не болмаса ғұсыл алу қажет болып қалар деп ойламайсыздар ма?! Ешкім жүніп кезінде ыдысқа құйылған судың ішіне түсіп жуынбасын. Керісінше бір ыдысқа су құйып алып, сол ыдыстағы суды өзінің денесіне құю арқылы жуынсын»,-дегені де тазалық тұрғысынан аса мәнді екені сөзсіз.

Алла Тағаланың Құрандағы: «Біз берген рызықтың тазасынан ғана жеңдер»,-деген аятынан Ислам діні адам баласының күнделікті алдындағы жеп жүрген астың да адал болуына қатты көңіл бөлетіндігіне көз жеткізуге болады («Араф» сүресі, 160). Тіпті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағам тұрған ыдыс бетінің ашық қалып кетпеуін де жиі ескерткен. Бірде Оған (с.ғ.с.)  беті ашық ыдыспен сүт берілгенде: «бір тал шөппен болса да бетін жауып әкелмедіңіздер ме!»-деген еді.

Сыртқы тазалыққа осыншалықты көңіл бөлінген исламда ішкі рухани тазалыққа да айтарлықтай көңіл бөлінген. Өйткені сыртқы тазалық ішкі тазалықпен үйлескенде ғана адамның жасаған құлшылықтары қабыл болмақ.

Ішкі тазалық - жүрек тазалығын, көңіл ақтығын, ниет дұрыстығын, пейілдің ақжарқындығын, әдептілік мен адамгершілік қасиеттердің кемелдігін құрайды. Жүректі таза ұстау жөнінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  «Адам баласының денесінде жұдырықтай ет бар. Сол жақсы болса бүкіл дене (іс-әрекеттері) жақсы болады. Сол бұзылса, бүкіл дене бұзылады. Абайлаңыздар, ол жүрек»-десе. Басқа бір хадисте: «Әр затты кір шалғаны тәрізді жүректі де кір шалады. Оны тәубамен, кешірім тілеумен тазалап отырыңыздар»,-деп, жүректі қалай таза ұстау керектігін де үйреткен. Өзі күн сайын жүзден аса мәрте кешірім тілейтін болған. Сонымен қатар, «Лә иләһә иллаллаһ» секілді зікірлердің де жүректі тазартатындығын білдірген.

Рухани тазалыққа: өтірік, өсек, балағат сөздерге үйір болмау, екіжүзділік, жалақорлық, ұятсыздық және арсыздық пен, тәкаппарлықтан аулақ болу, күнәлі істерге жуымау, харам ас жемеу, қулық-сұмдық, алдау-арбаудан бойды жырақ ұстап, ешкімнің ала жібін аттамау, кісі ақысына көңіл бөлу, ешкімді күндемеу, жан баласына жамандық ойламау, өзіне өлшеп берілген нығметтерге шүкіршілік ету т.б. жатады.

Айнаға қараған сайын «Я, раббым, сыртқы бейнемді әсем еткеніңдей, ішкі жан дүниемді де әсемдей гөр!»-деп тілеген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) рухани тазалығымен де әрдайым өнеге-үлгі көрсеткен. Өзіне сан мәрте қастандық жасамақ болғандардың бәрін де кешіре білуі - соның бір ғана дәлелі.

Осы тазалық кейіннен де жалғасты. Әбу Бәкір (р.а.) бірде байқамай жеп қалған бір түйір астың харам екендігіне күдіктенгенде, артынша-ақ өзін қатты қинап әлгі желінген тағамды құсып тастаған еді.

Имам Ағзам Әбу Ханифа Куфада бір қойдың ұрланғанын естігенде, қойдың жасын есептеп, он шақты жылдай бір түйір де қой етін жемеген. Байқаусызда әлгі ұрланған қойдың етін жеп қоймайын деп сақтық жасаған.

Пайғамбарымыздың «Мына кісі - жұмақтық» деп көрсеткен сахабасы өмірінде қызғаныш дегенді білмейтін, ешкімді күндемейтін, жаман сөзі жоқ адам болып шыққан (Ю. Кандаһлауи, Хаятус-сахаба, 2/164).

Міне, осы секілді мысалдардың барлығын тек ішкі рухани тазалықтың кемелдігіне қол жеткізген дара тұлғалардың бойынан ғана кезігуге болады. Демек, таразыға салып салмақтасақ, сыртқы тазалықпен қатар ішкі тазалықтың да мәні зор екенін көреміз.

Өз насихаттарында ата-бабаларымыз да осы ішкі тазалыққа көбірек көңіл бөлуге шақырған. Айталық, Үмбетей жырау елге үлгі болған жандарға басу айтқан бір сөзінде:

Әй, Ақтамберді, Қабанбай,

Суытпа бекер түсіңді,

Қайрама мұнша тісіңді.

Сырт тазасы не керек

Тазарт әуел ішіңді! - десе,  Ақмолда Мұхаммедиярұлы:

Әуелі жуу керек іштің кірін,

Іште толып жатпасын сасық ірің.

Аһ, дариға, іш тазарсын, іш тазарсын,

Әйтпесе пайда бермес құр білім, - деп өмірде ойға жинақтаған тәлім мен бойға жинақтаған білім адамды тазалыққа шақырмаса, адамдығын арттырмаса, «сырты бүтін, іші түтіндіктің» пайда бермейтіндігін айтқан.

Иә, «Сабаз болсаң жердей бол, жер бәрін де шыдап көтереді, таза болсаң судай бол, су бәрін де жуып кетіреді» демекші, Ыбырай Алтынсарин бабамыз да «Таза бұлақ» әңгімесінде оқырмандарын бұлақтай тұнық, судай таза болуға шақырған.        

                                  Асылхан қажы Мұханбетжанұлы


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk