Зәйтүн – көпжылдық (1000-1500 ж.) жеміс ағашына жатады. Өте баяу өседі. Ботаникалық атауы – Olea europaea. Негізгі отаны – субтропикалық белдеу. Қазіргі уақытта зәйтүн жемісін өндіру жөнінен алғашқы ондыққа мына мемлекеттер кіреді: Испания, Италия, Грекия, Түркия, Сирия, Марокко, Тунис, Мысыр, Португалия және Ливан.
Бір ағаш жылына 30-35 келідей жеміс береді. Үнемі жасыл түсін сақтайды. Діңгегі жуан. Тамыры орташа алғанда небәрі 80 см тереңдікке дейін бой тартса да, жан-жағына қарай кең тарамдалады. Бұл қасиет Зәйтүн ағашының құрғақшылыққа деген төзімділігін арттырады екен.
Қызықты деректер
Қазіргі әл-Құдыс мешітінің шығысында Зәйтүн тауы (Елеон) атты биіктеу жота бар. Ол жердің Зәйтүн ағаштары 2 мың жылдық деседі.
Зәйтүн ағашын қасиетті деп есептегендіктен, көне Мысырда қайтыс болған адамның денесін зәйтүн майымен сылаған. Жерлеуге апаратын табыт та зәйтүн ағашынан жасалынған.
Көне гректер зәйтүнді «сұйық алтын» деп жоғары бағалаған. Олар зәйтүн ағашын балтамен шапқан адамды қатаң жазалаған. Олимп ойындары жеңімпаздарының мойнына Зәйтүн ағашының майда бұтақтарынан өрілген алқа таққан.
Көне шығыс елдеріндегі ғибадатханаларда шырағданға зәйтүн майын пайдаланған.
Христиандардың құпия діни рәсімінің бірі маймен сылауда (елей) осы зәйтүн майы пайдаланылады.
Зәйтүн майы
Зәйтүннің 60-қа жуық түрінен тек Еуропалық зәйтүн ағашы (Olea europaea) ғана шаруашылықта жиі қолданылады. Зәйтүннің шикі жемісінің құрамында шамамен 50-75% май болады. Шикі кезінде өте ащы болғандықтан жеуге келмейді. Түстері өскен аймағына, сортына байланысты өзгереді. Қазаннан желтоқсан айына дейінгі аралықта піседі. Жинар алдында ағаштың айналасына кенеп матаны төсеп, ағашқа да, жеміске де зиян келтірмей, айыр тәрізді құралмен айналдыра сілкіп, соғады. Көбіне арнайы тырмауышпен жемісі мол бұтақтардың арасын тарап та жинайды.
Зәйтүн майы бүгінгі күні ас мәзірінде, косметологияда, медицина мен діни рәсімдерде кең қолданылады.
Құранда атала ма?
Зәйтүн қасиетті Құранның бірнеше жерінде аталған. Айталық, «Тин» сүресінде Жаратушы ие зәйтүнді атап серт еткен:
«Інжір мен зәйтүнге,
Сина тауына,
Осы бейбіт қалаға серт!
Расында адамзатты көркем бейнеде жараттық» (Tин сүресі, 1-4)
Тағы бір аятта Аллаһ тағала өзінің нұрын сипаттағанда зәйтүнді мысал етіп келтіреді: «Аллаһ тағала – көктер мен жердің нұры. Нұрының мысалы: ішінде жарығы бар қуыс (немесе қуыста жанған жарық) сияқты. Жарық әйнектің ішінде. Ал әйнек бейне інжудей бір жұлдыз. Шығыс пен батыста болмаған берекетті зәйтүн майынан тамызылады. Тіпті от тимей-ақ оның майы жарық бергелі тұр. Нұр үстіне нұр. Аллаһ қалаған кісісін өз нұрына бөлейді. Аллаһ адамдарға осындай мысал береді» (Нұр сүресі, 35)
Тәпсір түсіндірмесі
Белгілі тәпсірші Елмалылы Мұхаммед Хамди Язырдың айтуынша, аяттағы інжір мен зәйтүн сөзіне байланысты негізінен екі көзқарас басым:
Біріншісі, тіке жеміс мағынасын беріп тұр. Яғни бұл жемістердің адам ағзасына өте пайдалылығы, тұрмысы үшін де қажетті екеніне назар аудартылған. Әрі жеміс, әрі қорек, әрі ем, әрі сауда-саттық, табыс көзі т.б.
Екіншісі, қасиетті орындарды білдіруде. Аяттың жалғасында Синай тауы мен қауіпсіз мекен (бәләд әмин) ұғымдарының келуі осыны қуаттауда. Бұлар қос тау, қос мешіт я мекен атаулары болуы мүмкін (Кеңірек қараңыз. Хак дини Куран дили тәпсірі, 9 т. Заман, Б. 303-311).
Хадистерде не айтылған?
Адамзаттың асылы Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.с.) хадистерінің бірінде зәйтүн майын асқа да, емге де пайдалануға көңіл аудартып, былай дейді: «Зәйтүн майын ішіңдер, оны денелеріңе жағыңдар. Өйткені оның ағашы мүбәрак» (Тирмизи, Әтғима, 43)
Құрамы
Зерттеуші мамандардың айтуынша, зәйтүн майының химиялық құрамы ерекше. Онда адам ағзасына ең керекті витаминдер, қышқылдар, микроэлементтер жинақталған. Ол өсімдік майларының арасындағы қоректік нәрі ең қуаттысы болып табылады. Құрамындағы A, B, C, D, E, F, K витаминдері тотығу арқылы адам ағзасына қауіп төндіретін еркін радикалдармен күреседі. Сондай-ақ бойдағы сүйек пен бұлшық ет тіндерін қатайтып, асқазан, ішек жұмысын жақсартады. Басқа майларға қарағанда зәйтүн майында көп кездесетін линолей қышқылы денедегі холестеринді азайтады, жаралардың тез жазылуын қамтамасыз етіп, көздің өткірлігін күшейтеді. Өз кезегінде фенолдар иммунитетті көтеріп, кәрілікті баяулатады.
Зәйтүн майы ағзаға жағымды әсер беретіндіктен әрі денедегі майларды ыдырататындықтан мамандар оны диеталық өнімдер қатарына жатқызады.
Медициналық зерттеулер
Зәйтүн туралы соңғы зерттеулер бірқатар медициналық ғылыми журналдарда жарияланып тұрады. Мысал келтірер болсақ:
2008 жылдың Сәуір айында «Балалар дермотологиясы» (Pediatric Dermatology) атты журналда басқа майларға қарағанда зәйтүн майының шала туылған сәби терісін дымқылдандырып әрі жұмсартуда өте пайдалы екені жарияланды.
2009 жылдың Желтоқсанында «Жүрек-қан тамырлары аурулары фармокологиясы» (Journal of Cardiovascular Pharmacology) атты журналда зәйтүн майының жүрек ауруларына, инфаркт пен инсультке деген пайдалары айтылды.
2009 жылы «Тамақтану және қатерлі ісік» (Nutrition and Cancer) атты журналда зәйтүн майын тұтынатын кісілерде кеуде, асқазан қатерлі ісік аурулары азаятыны жазылды.
2010 жылы «Тамақтану, зат алмасу және жүрек-қан тамырлары аурулары» (Nutrition, Metabolism and Cardiovascular Diseases) атты журналдағы мақалада мамандар зәйтүн майын тұрақты тұтыну семіздікке, метаболикалық синдромға, орта жастағы қант диабетіне, мидағы жүйке жасушаларына және жоғарғы қан қысымын азайтуға септігін тигізіп, алжудың (альцгеймер) алдын алуға жәрдемдесетінін анықтады.
2011 жылдың ақпан айында «Халықаралық остеопороз» (Osteoporosis International) атты журналда жарияланған зерттеуде зәйтүн майындағы фенолды қоспалардың сүйекті боркеміктіктен сақтауда пайдалы екендігі айтылған.
Бұған қоса зерттеуші ғалымдар зәйтүн майының қандағы холестерин мөлшерін азайтатындығын, ас қорыту жүйесіне, асқазан жарасын емдеуге, бауырға, өтті айдатуға, аш ішекке пайдалы екендігін, тіпті көтеуді (геморрой) емдеуге де жарайтындығын айтуда.
Зәйтүн ағашының жапырақтары
Бүгінгі күні Зәйтүн ағашының жапырақтары да зерттелу үстінде. Атап айтсақ, «Ісік ауруының халықаралық журналы» (International Journal of Cancer) 2010 жылғы мақалаларының бірінде зәйтүн жапырақтарында Меланома секілді қауіпті тері ісік ауруын болдырмайтын кейбір пайдалы заттардың бар екенін жариялады.
Сондай-ақ «Ас және химиялық токсикология» журналы (Food and Chemical Toxicology) 2011 жылғы жариялаған мақаласында жоғарғы қан қысымы, қант, ісік, артериосклероз (тамырдың қатаюы) секілді аурулардан қорғану әрі оларды емдеу тұрғысында зәйтүн жапырақтарының пайдалы екендігін жазды.
Қорыта келгенде, қасиетті Құранда аты аталып, серт етілген әрі ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.с.) өсиеттеген зәйтүн майы расында да адам ағзасына өте пайдалы. Жоғарыда көрсетілгендей оның емдік пайдаларын бүгінгі медицина ғылымы толықтай дәлелдеп келеді. Ал ақиқат жаршысы болған соңғы Елшінің бұл айтқаны мүминдердің сенімін бекемдеп, иманын арттыра түсуде.
Құдайберді БАҒАШАР