wrapper

Әлеуметтік желі бұл күндері көпшіліктің, оның ішінде, әсіресе жастардың көп отыратын, бір-бірімен танысып,  көңіл жарастыратын, пікір алмасып, сыр бөлісетін орнына айналса, біреулерге ғылым, білім жолындағы ізденістеріне, енді біреуге бизнесін дамытуға көмек беруімен өзіне тартып, сан-салалы мүмкіндіктер ашатын аясы мол мінберге айналған.

Әркім өзіне керегін табады, қалауының қарымын алады дегенмен, ойы толысқан, кемеліне келген үлкен адамнан гөрі, жасөспірімдер мен жастар арасында осы түпсіз әлемнің тұңғиығы тартып кетіп, шыға алмай жататындар да табылады.

Ғаламтор енгізген терминнің бірі – кибербуллинг. Желіде оты­рып дос табумен бірге, оның оң­дырмайтын зардабының бар­лығы жайында айтылып та, жа­зылып та жүр. Соның ішін­де бұғанасы қатпаған, ойы жетіл­ме­ген жастың психикасына қат­ты әсер ететін жасөспірімдер ара­сын­дағы виртуалды террор – кибербуллинг деп аталады. Кибер – ғаламтор, ал буллинг дегеніміз – ағылшыншадан аударғанда сүзу, сүзісу, мүйіздеу дегенге жататын ұғым. Адамның жүйкесіне тиетін сөздер, түрлі болжамдар айтып, тіпті сен өлуге тиіссің деп миына арнайы бағдарламалар ен­гізу сынды қатыгездіктер дағ­дылы көрініске айналып ба­рады. Электронды пошта, әлеу­мет­тік желілер мен мобильді бай­ланыстар арқылы жасалатын психологиялық шабуылды кө­тере алмаудың салдары өте ауыр болуы мүмкін екен.

Дәрігерлер «Снежана синдромы» деп аталған ауруды ту­ғызған да әлеуметтік желі. Белград тұрғыны жасөспірім Снежана Павловичтің өзінің әлеуметтік желідегі жазбасына бірде-бір «досының» үн қат­па­ғанына қатты қапалануы оны психологиялық ауытқуға соқ­тырып, ақырында Снежана жүй­ке аурулары ауруханасынан бір-ақ шығады. Осылайша дә­рігерлік тәжірибеде бұрын-соң­ды кездеспеген жаңа ауру түрі тіркеліп, оған «Снежана синдромы» деген атау беріледі.

Виртуалды әлемде танымал болуға тәуелділік, сол үшін түрлі әрекеттер жасау, өзінің әлеуметтік ортада маңызға ие екенін сезінуге ұмтылыс пен нақты өмірдің қабыспауы жас­өспірімнің қа­лып­таспаған психо­логиясына теріс әсер етіп, оның салдары ауыр ауыт­қу­ға алып келеді екен. Өзін күн­де­лікті ортада томаға тұйық, елеу­сіз ұстайтын жас, әлеуметтік желіде ойын еркін айтады, өйткені сөйлесіп отырған адамын көрмей отырғандықтан еш қысылмайды, сондықтан мейлінше ашық, мейлінше өзгеше кейіпке енгеннен алған ләззаты оны күнделікті өмірден алшақтатып, жасөспірімді гаджетпен компьютердің ерікті түрдегі «тұтқынына» айналдырады.

Тіпті кейде «Снежана синдромына» шалдығу үшін өте көп әрекеттің де қажеті шамалы көрінеді. Бір фотосуретін салу арқылы сұлусың, әдемісің деген сөздердің жиі жазылуы, лайктың үнемі басылып тұруының өзі жеткілікті көрінеді, оның үстіне аккаунт иесі әрбір жазбасын әзілмен тұздықтап қойса, онда оның жазбалары танымалдыққа алып келеді екен де, егер виртуалды әлемдегі «Мен» мен нақты өмірдегі «Меннің» айырмасы болмай кетсе, тіпті виртуалды әлемдегі «Мен» басымдық танытса, ол жоғарыдағы диаг­нозды қоюға алып келуі әбден мүмкін екен.

Facebook әлеуметтік желі­сін белсенді қолданушы Ержан Тәліп «Бүгінгі таңда көп ата-аналар баламды ештеңеден та­рық­тырмай, қатарынан кем қылмасам болды деп таңер­тең­нен кешке дейін тынбай жұмыс істеуге мəжбүр. Кешке үйіне зорға жетіп, сүрініп құлайды да, баласының əлеуметтік желіде кімдермен қандай тақы­рыпта сөйлесіп жүргенін білу тұрмақ, қандай әлеуметтік желіге тір­кел­генін де, тіпті өмірдегі дос­та­рының кім екенін де біл­мейді. Осы­дан келіп, баланың теріс жол­ға түсіп кетуі, тіпті теріс ағым­дағы топтардың жетегінде кетуі мүмкін. Бұл тұрғыда желі­нің тек бір балаға немесе бір отба­сына ғана емес, ұлтымызға қауіп төндіруі ықтимал. Сон­дықтан, ата-ана баласының қай ƏЖ-ге тіркелгенін, қандай жаз­баларды оқып жүргенін, кім­дермен дос екенін, қандай топтарға мүше екендігін жіті қадағалағаны абзал», деген ойын айтса, ұстаз Жанар Жұмағұлова «ӘЖ-дің пайдасы мен зияны бірдей тәрізді, кейде балалар үлкендердің көруге батылы бармайтын қорқынышты, тіпті кейде жиіркенішті, жантүршігерлік дүниелерді шімірікпей көре беретінін байқауға болады, бұл адамдарды қатыгездікке баулу деп санаймын», десе, Еркебұлан Жаулыбаев үйде отырып-ақ әлемнің кез келген түкпіріндегі адаммен әп-сәтте хабарласуына жағдай туғызған бүгінгідей технологияның адамзатқа сыйлап отырған мүмкіндігін айта келіп, «Бұрын ұялы телефон, интернет болмаған кезде адамдар қалай өмір сүрген а?!» деп таңданып қоятынымыз бар. Иә, жұмысымызды жеңілдеткен технологияның мүмкіндіктері мол. Бірақ біз олардың кө­леңкелі тұсына мән бермей жүрміз. Ұялы телефонның зияны жа­йында көп айтылып келеді. Ал интернеттен келетін қауіп одан да қорқынышты. Қазіргі таңда интернет жас­тар­дың бас­ты ермегіне айналды. Кез келген уақытта, кез келген жерде қосылып алып, өз алдына виртуалды әлемде жүретіндер көбейді. Сөздің, достың қадірі жоғалып барады. Әлеуметтік желілерде байланыс орнатудың түрі көбейген сайын оған қызыға түскендердің қатары артуда. Әлеуметтік желіде мың досы бар жандардың шынайы өмірде сыр бөлісе алатын жалғыз жолдасы да жоқ.

Виртуалды әлемді өзі танымайтын, өзі көрмеген досының мақ­тауына семіріп, өзін керемет жан сезінетіндер жұртпен ара­ласудан қалып барады. Кө­бі­несе жастар ешкім кедергі кел­тірмесін деген оймен интернет­ке, әлеуметтік желіге түнде көбірек қосылады. Соның салда­ры­нан күндіз меңіреу, селқос жан­ның күйіне түседі. Әлеу­меттік желіге тіркелгендер көп жағдайда өзі туралы мәлім­ет­ті ашық жаза береді. Ал мұн­дай мәліметті қыл­мыскерлер пай­­­­даланып кетуі ғажап емес. «Ертең мен ауыл­ға кетемін, дүй­сенбіде кез­дескенше, дос­тар!» деп парақ­шасына жазып кеткен бір аңқау жігіт ауылдан оралса, үйін тонап кетіпті. Дүние кетсе мейлі, өмірімен қоштасып жат­қандар да жоқ емес», деп кө­ңіліндегі түйткілін ашына да ашыла жазады.

Жалпы, интернетті қол­да­ну­­дағы саясат қандай болуы тиіс? Оны белгілі бір дә­ре­же­де реттеп отыратын те­тік­тер қа­жет емес пе деген де ой ке­леді. Мысалы, кейбір де­­рек­тер бойынша, Сирияда әс­кери шие­леністерге қатысқан сар­баз­дар­дың 2 мыңнан астамын олар әлеу­­меттік желі арқылы түрлі елдерден жинап алған екен.

Сайттарды таңдап, пайдалану адамның өзіне байланысты. Мысалы, фейсбукта елге танымал адамдар көбірек отырады. Онда жағымсыз дүниелер салыс­тырмалы түрде алып қарағанда аз. Жалпы, қандай сайтта да жақсы адамдармен араласқан дұ­рыс. Айналаңның аурасы жақ­сы болса, өзің де жақсара түсе­сің. Неғұрлым мәдениетті адам­дар көбірек шоғырланған сайт­ты таңдасаң, өзіңді де, өзгені де жаман қылықтардан тиып үй­ренесің.

Бүгінде бірқатар шенеу­нік­тер­ әлеуметтік желіге тіркеліп, кейбір мемлекеттік мекемелер өз парақшаларын ашқан. Ал өзіме әлеуметтік желі танымалдылық əкел­ді. Оны жасырмаймын. Та­ныстар көбейді. Білімімді же­тіл­дірдім. Жылдам ақ­паратқа қол жеткізуге мүм­кіндік мол. Жама­нына жола­май, жақсы тұсын тиімді пайдаланғанға не жетсін!

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk