wrapper

Абдулқааһир әл-Бағдади өз шығармасында мушәббиһаларды Алланың затын  жаратылысқа ұқсатушылар және Алланың сипаттарын жаратылысқа ұқсатушылар деп екіге бөліп қарастырған.

Ол мушәббиһалардың қатарына шииттік ғулат топтары мен харижилер және мужассималар (инкорнация) мен каррамилерді де кіргізеді. Оның жеткізуіне қарағанда мушәббиһаның негізін Дәуіт әл-Жәбариби қалаған. Дәуіт әл-Жәбариби: «Алланың әйелдің жыныстық мүшесі мен сақалдан басқа адам секілді дене мүшелері бер» деп сенетін.  

Ислам тарихында алғаш рет шииттік ғулат тобының өкілдері Ұлы Жаратушының заттық тұрғыда дене пішімі бар, Алла-Тағаланы мекен ауыстыратын, өсетін, тұрып-отыратын сипаттары бар деп түсінді. Олардың ішінде Мудар, Каһмас, Ахмад әл-Кажими секілді кісілер: «Хақ-Тағалаға жақындап, құшақтауға (қауышу мағынасында) болады. Ықыласты мұсылмандар ынты-шынтымен құлшылық қылғаны үшін Онымен бұл дүниеде де, ақыретте де құшақтаса алады» деп айтатын.  

Ал, мүшәббиһа өкілдері Алла-Тағала бейнесімен бұл дүниеде көрінеді, адамдар Оны зиярат ете алады, Ол да кейбір мұсылманадарды зиярат етеді деп білді. Дәуіт әл-Жабариби: «Алла-Тағаланың денесі ет пен қаннан тұрады. Оның аяқ, қол, бас, көзі, құлақтары, тіл мүшелері бар. Бірақ, Оның дене пішімі, Оның еті, қаны, көздері, аяқтары, қолдары, құлақтары жаратылғандардың-кіне ұқсамайды. Қысқа шашы, самайына біткен сақалы бар» деп білді.

Мушаббиһа өкілдері Құран-Кәрімде өтетін уажһ (жүз), иад (қолдары), жәнб (қапталы), мәшиат (келуі), итиан (кетуі), фәуһа (үстінде болуы) сипаттарының сыртқы мағыналарына мән беретін. Сондай-ақ, осы тәріздідес хадистердің де сыртқы пішініне  назар аударды. Мысалы, Пайғамбарымыздың (с.а.у): «Адамды Рахман суретінде жараттты», «Мүміннің жүрегі, Рахманның екі саусағының арасында», «Адамды жаратқан балшықты қырық күн қолында домалақтап машықтанды», «Қолы мен алақанын иығыма қойды», «Саусақтарының салқындығын иығыммен сездім» деген хадистерін тікелей сыртқы мағыналары бойынша қабылдайтын.  

Мушәббиһа өкілдерінің антропоморфизм сеніміне ұрынуына яһудилердің ықпалы болды. Себебі, яһудилер бағзыдан осындай пікірлер айтатын. Олардың: «Алланың көздері мұңайғанда, Оны періштелер зиярат ететін. Нұһ (с.а.у) заманындағы топан-суда Алла-Тағаланың қатты қайғырғаннан көздері ағара бастаған еді. Астындағы төрт елі келетін темір арш (тақ) аттың ері (шиқылдады мағынасында) секілді дыбыс шығарды» деп айтушы еді.

Мушәббиһа өкілдері ойдан хадистер шығаратын. Соның бірі: «Раббым мені күтіп алды, менімен құшақтасты және қолдарын иығыма қойды. Сонда мен саусақтарының салқындығын иығыммен сездім» деген жалған хадис еді.

Мушәббиһа өкілдерінің ішінде хулул (Алла рухының жаратылысқа енуі) пікірін жақтағандар да болды. Олар: «Алла-Тағала Жәбірейіл періштенің адам суретінде көрінгені секілді кез-келген адамның суретінде көрінуі әбден мүмкін». Тіпті, мушәббиһа өкілдері христиандар секілді: «Ол, Мәрием ананың суретінде адам секілді көрінген» деген пікірлер білдірді. Өздерінің бұл пікірлеріне Пайғамбарымыздың (с.а.у): «Раббымызды ең көркем суретте көрдім» деген хадис-шарифін дәлел ретінде көрсететін.

Әһлу-сунна сенімі саналатын матуриди және әшғари мектебінің кәлам негіздерінде Ұлы Жаратушыны жаратылысқа ұқсатуға немесе жаратылысты Жаббар Хаққа ұқсатуға жол жоқ. Ұлы Жаратушы – транцендентті, яғни, рационалды ойлауға сыймайтын құдіретті күш. Бұл туралы Құран-Кәрімде: «Оған тең келер күш жоқ» (Ықылас, 4) деп бұйырылған. Имам Ағзам Әбу Ханифа өзінің «әл-Фиқһул акбар» атты еңбегінде: «Ол өзі жаратқан мақұлықтарының ешбіріне ұқсамайды, әрі жаратқандарының ешқайсысы оған ұқсамайды» деп Хақ Тағаланың теңдессіз құдірет  Иесі екенін айтқан болатын. Яғни, мушаббиһа ақидасы – адасқан һәм күпірлікке әкелетін сенім болып саналады. 


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk