wrapper

Истислах деп Құран мен сүннет, ижмағта қарастырылмаған мәселе бойынша фақиһтың қоғамға пайдалы немесе зиянның алдын-алу және орнын толтыру мақсатында нақты іс-әрекеттер жасауға шешім шығаруын айтамыз. Алайда, истислах үкімі берілу үшін қарастырылып отырған мәселеге бұрын-соңды болымды немесе теріс үкім берілмеген болуы шарт. Яғни, қарастырылып отырған мәселеге қатысты бұрын оң немесе теріс үкім берілген болса, онда ол мәселеге истислах үкімі берілмейді. Жалпы, истислах үкімдері қоғам мен адамға пайдалы болу үшін қиыншылықты еңсеріп, жеңілдікпен қамтамасыз етуді жүзеге асырады.

Фиқһ зерттеушілері истислахпен үкім берудің түп-негізін сахабалар тәжірибесіне апарып тірейді. Мысалы, Хз. Омардың жаулап алынған Сирия мен Ирак жерлерін бұрынғы иелеріне қайтарып, оларға хараж салығын салған. Және өзге сахабалар сирек болса да кейбір жағдайларда истислахпен үкім берген. Ал, фиқһ мәзһабтарына келетін болсақ, истислахпен көбіне-көп малики мәзһабының фақиһтері үкім кескен. Ханбали мәзһабының ғұламалары да фиқһтық мәселелерге үкім беруде истислах әдіснамасын қолданған. Ханафи мәзһабының фиқһ негіздерінде истислах әдіснамасы қарастырылмағанмен, бұл мәзһабтағы истихсан әдіснамасы осы истислахқа ұқсайды. Сондай-ақ, әһлу суннаға жатпайтын зәйдийа мен ибадийа мәзһабтарында да истислах әдіснамасы қолданылады. Шафий және заһири мәзһабында истислах әдіснамасымен үкім шығарылмайды. Өйткені, бұл екі мәзһабта бір мәселеге қияс үкімінің шамасы жетпесе, сол қиястан келесі бір қияс үкімі шығарылады. Маликилер мен ханбалилер де бір мәселені қияспен үкім беріп, толық шешу мүмкін болмаса, онда истислахпен үкім шығарылады. Ал, ханафи мәзһабында қияс үкімі мәселені толық әрі жеңілдікпен шеше алмаса, онда истиһсан әдіснамасымен үкім беріледі.

Имам Маликтің пайымдауынша, масалихи мурсали (истислах) әдіснамасымен Құран мен сүннетте және ижмағта қарастырылмаған мәселелерге ғана үкім беріледі. Әрі ол мәселенің діни астары болмауы тиіс. Сондай-ақ, истислахпен берілген үкім туындаған зардаптарды жойып, қиыншылықты жеңілдетуге бағытталуы керек.

Малики мәзһабындағы истислах үкімінің шарттары:

А) Истислах Құран мен сүннетке және шариғаттың мақсатына қайшы келмеуі керек. Мысалы, соғыс жағдайында шабуылдаған әскермен соғыспай оларға беріле салу тиімді (маслаха) болып көрінуі мүмкін. Бірақ, бұл шешім истислах бола алмайды. Себебі, Құран мен сүннетте шабуылдаған жауға қарсы соғысып, дін мен отанды қорғау бұйырылған. Яғни, жауға соғыспай берілу туралы шешім Құран мен сүннетке әрі шариғат мақсатына қайшы келгендіктен истислахқа жатпайды.   

Ә) Истислах үкімі түсінікті болуы шарт, яғни ақылға қайшы келмеуі тиіс.

Б) Истислах жеке тұлғаның мүддесі үшін берілмейді. Жалпыға тән болуы шарт. Мысалы, бірде Испаниядағы мұсылман мемлекетінің сұлтаны рамазан айында оразасын бұзады. Фақиһ Яхия ибн Яхия бұзылған оразаның каффараты ретінде сұлтанға «арасын үзбей екі ай ораза тұтасың» деген үкім кеседі. Шынтуайтында, Малики мәзһабы бойынша көпе-көрінеу аузын ашып жіберген мұсылман не ораза ұстайды, не құл азат етеді не міскіндерді тойдыруы керек. Бірақ, сұлтанға құл азат ету мен міскіндерді тойдыру қиын шаруа емес. Сол себептен де, Яхия ибн Яхия сұлтан ораза бұзуды тағы да қайталамауы үшін кәффарат оразасын тұтуға үкім кеседі. Алайда, бұл үкім жеке адам үшін шығарылғандықтан, сондай-ақ, жеңілдетуді көздемегендіктен, истислах үкімі болып есептелмейді.

Ал, ханбали мәзһабындағы истислах әдіснамасының маликилермен салыстырғанда біршама ерекшелігі бар. Малики фақиһтері тек діни мазмұны жоқ мәселелерге истислах үкімі беріледі деп түсінсе, ханбали мәзһабындағылар керісінше діни мәселелер бойынша да истислах үкімі беріледі деп біледі. Жалпы, ханбали фақиһтары истислахты қиястан бөліп жарып қарамайды. Бірақ, олар истислахты қияс тәрізді Құран және сүннетпен байланыстырудың (иллат жасау) қажеті жоқ деп түсінеді.

Имам Ахмад Ханбал истислах әдіснамасын көбінесе жазалауға қатысты қолданған. Мысалы, бұзақылық жасағандар мен ел ішінде іріткі салушыларды сүргінге айдау, Рамазан айында күндіз арақ ішкендердің жазасын ауырлату, сахабаларға тіл тигізгендерді жазалау және т.б. Имам Ахмад Ханбал: «Егер, халифтің өзі осындай күнәлар жасаса кешіруге қақымыз жоқ» дейтін. Сонымен бірге қоғамда азық-түлікке деген қажеттілік артқан кезде билеушілер диқандардың ақысын беріп, оларды мәжбүрлі түрде жұмысқа жеге алады. Егер, диқандар бас тартса, оларға билеушінің жаза тағайындауы, шариғатқа қайшы саналмайды. Тіпті, ханбали мәзһабындағы: «Бір мұсылманның қонатын жері болмаған жағдайда, үйінде бос бөлмесі бар мұсылманның оны қонақ етуі (ақылы түрде де болуы мүмкін) уәжіп» деген үкім де истислах үкімі саналады.  

Фиқһ ілімі тәжірибесіне қарайтын болсақ, истислах үкімдері мұсылман қоғамының пайдалы нәтижелерге қол жеткізуіне өз септігін тигізгенін көреміз. Айталық, Құран мен сүннетте қарастырылмаған жаңа салықтарды белгілеп, қазынаны толтыру, үйі көп адамдардың баспанасыз  міскіндерге үй беруі, өнерпаз, диқан және басқа да еңбек түрлерін қоғамға пайдалы ету, жұмысшылардың жұмыс істеу шарттарын белгілеу, жалақы мен жәрдемақы тағайындау, байланыс құралдарын пайдалану және т.б. қоғам мүддесіне тиімді үкімдер истислах әдіснамасымен шығарылған. Яғни, истислах әдіснамасымен қазіргі технократиялық дәуірде де мұсылмандардың қолайлы шарттармен өмір сүруіне үкімдер шығаруға зор мүмкіндік бар.

Мұхан ИСАХАН 


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk