wrapper

Әжем көзі тірісінде суретке түсіре қояйын десең, әзірейлі көргендей шошынатын. Паспортқа да жылай-жылай түскен еді. Ескінің көзін көрген қарияларымыз неге олай етті? Бізге де «суретке түспеңдер, оған ана дүниеде жанды қайдан тауып бересіңдер?» дейтін. Шынымен-ақ суретке түсуге болмай ма?

Апаңыздың суретке тусуден шошынуының астарында алдыңғы ғасырларда кең тараған діни көзқарастар жатыр. Өйткені, бұрынғы кездері суретке түсіретін фотоаппарат жоқ кезде адамдар көбіне суретті өз қолдарымен салып, бейнелейтін. Ал бұл мәселеге мұсылман ғалымдарының көзқарасы соңғы кезге дейін қатаң болған. Соңғы ғасырдағы техника мен технологиядағы жаңалықтар көптеген мәселелерді қайта қарауды қажет етті. Енді осы сұрағыңыздың туындау негіздеріне тоқталайық.

Бір-біріне ұқсас әрекеттер – сурет салу мен ескерткіштің жасалуының тыйым салынуына қатысты Пайғамбарымыздан келіп жеткен бірнеше хадистер бар. Мысалы, «Ескерткіштер бар үйге періштелер кірмейді» (Бұхари, Бәдул-халқ 7, Муслим, Либас 87), «Қиямет күні ең ауыр азапқа душар болатындардың бірі осы суретті (бейнені) жасаушылар» (Бұхари, Әдәб, 75) «Қане, жаратқандарыңа жан бітіріңдер»(Бұхари, Муслим) т.б. деген секілді. Ислам ғалымдары  ескерткіш жасауға тыйым салудың негізгі астарында сол кезде кең тараған пұтқа табынушылықтың алдын алу, ескеркіш жасаушының Хақ тағаланың жаратушылық сипатына таласуы, ұятсыз нәрселерді бейнелеуі және пайдасыз нәрселер үшін қаражат пен уақытты ысырап ету секілді себептердің жатқанын атап көрсетеді.

Ал ескерткіш бейнесінде емес қағаз, мата дуал секілді нәрселерде бейнеленген суреттерге қатысты келтірілген хадистер олардың толықтай харам немесе харам екендігін білдірмейді. Бұл хадистерді тек қана сөзбе-сөз емес, түпкі себебін назарға ала отырып түсінген ғалымдар суреттің мәні, суретті қолданушының мақсаты мен жеріне қатысты пайымдай отырып әр түрлі пәтуа шығарған. Мысалы, қасиетті саналып, табыну мақсатында салынған және тәңірлік телінген, ислам шариғатына қайшы жалаңаш бейнелі суреттерді салу – харам. Ал жансыз заттарды бейнелеуге қатысты ешқандай тыйым жоқ. Жаны бар нәрселердің пәтуасы мақсатына қарай өзгереді. Жалпы сурет салуға қатысты хадистердің бәрін бір тұтастық шеңберінде саралап, түпкі мақсатына үңілгенде Пайғамбарымыздың алғашқы кездері адамдардың көңіліне таухид рухын мықтап орнықтырғанға дейін қатаң талаптар қойғаны, ал кейінгі кезеңдерде қауіпті деп саналмаған жерлерде рұқсат бергендігі байқалады.

Фотоаппаратпен түсірілген суретті соңғы ғасырдағы Мысыр ғалымдарынан Мухаммед Бахит әл-Мутғи өзінің «Фтографияның рұқсат етілгендігіне қатысты жеткілікті жауап» деген бір еңбегінде фотоаппарат пен камера арқылы түсірілген суреттің шариғатқа қайшы емес екенін дәлелдеуге тырысқан. Ол «Суретке түсіруді жаратушылыққа ұқсатуға келмейді. Хадистегі «Менің жаратқанымдай жаратсын» деген сөз фотографияны қамтымайды.  Өйткені, фотография (сурет) адамның көлеңкесін бейнелейді. Мұның атын қойған адам қалай дұрыс қойған. Оның мәні (бейненің айнада) шағылуы, ал камераман бейнені шағылтушы. Бұлай аталуының себебі айна секілді бейнені шағылдыруына байланысты. Бұл – ескерткіш жасаушы мен сурет салушының істеріненен бөлек. Сондықтан харамдық шеңберіне кірмейді», – деген екен. Шейх Бахиттың осы көзқарасын кейінгі ғалымдардың көбісі қолдаған. Қорытындылай айтқанда,  жоғарыда келтірілген себептер (табынушылық, жалаңаштық) жоқ болса суретке түсуге рұқсат. Алау ӘДІЛБАЕВ, дінтанушы

kazislam.kz


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk