«Құранның сақталуы» сөзiнiң мағынасы
«Құранның сақталуы» сөзi екi мағынаны бiлдiредi: Бiрiншiсi: «Құранды жаттау» болса, екiншiсi: «Құранның жазбаша нұсқаларын жасау». («Ислам энциклопедиясы», Мысыр, 2002 ж., «Құранның сақталуы» түсiнiктемесi).
Құранның жатталуы мәселесiне келер болсақ, Алла тағала «Қияма» сүресiнiң 17-шi аятында: «Уа, Мұхаммед! Құранды сенiң жүрегiңде сақтау және оны сенiң тiлiңмен оқыту Бiздiң мiндетiмiз», – десе, «Мәида» сүресiнiң 67-шi аятында: «Уа, Мұхаммед! Раббыңнан саған түсiрiлгендi адамдарға жеткiз», – деген.
Хақ тағаланың осы талабына сай, Құранды хатқа түсірумен қатар, жаттау ісі де жүзеге асырылды. Бұл дәстүр күнi бүгiнге дейiн жалғасуда. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тiрi кезiнде-ақ Құранды бастан-аяқ жаттап, оны оқудың тәртiбiн жетiк меңгерген жүздеген сахаба болды. Атап айтар болсақ, олар – Осман ибн Ъаффан, Әли ибн Әбу Тәліб, Әбәй ибн Кәъб, Ибн Масъуд, Зайд ибн Сәбит, Әбу Муса Әл-Ашъари, Әбу Дарда, Муъаз ибн Жәбәл, Әбу Зайд, Әбу Хузайфаның қызметшiсi Сәлим және Ъутба ибн Ъамир тәрiздi атақты сахабалар. («Ислам энциклопедиясы», Мысыр, 2002 ж., «Құранның сақталуы» түсiнiктемесi).
Сахабалар Құранды пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) аузынан есту арқылы жаттаумен шектелмей, оны басқаларға жаттатты. Мәселен, Әбу Дардадан (р.а.) мың алты жүзден астам адам Құранды жаттаған болатын. («Ислам энциклопедиясы», Мысыр, 2002 ж., «Құранның сақталуы» түсiнiктемесi).
Құранның жазбаша нұсқасын жасау мәселесiне келер болсақ, оның үш кезеңi бар.
Бiрiншi кезең: пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) уақытында Құранның түсiрiлуi және жазылуы
Құран түсiрiле бастағаннан пайғамба-рымыз (с.ғ.с.) сахабалардың iшiнен арнайы адамдарды аяттарды жазуға тағайындаған едi. («Хақаиқу Әл-Ислам фи муажәһәти шубуһати әл-мушаккикин»).
Олар аяттарды кез келген қолайлы затқа (қағаз, ағаш, тас, терi, сүйек, т.с.с.) жазып отырды. Ислам деректерiне қарағанда, Құран Кәрімдi хатқа түсiрушiлер саны – жиырма тоғыз. Олардың iшiнде төрт халифа Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әли (р.а.) және сахабалар: Муъауийа, Зубайр ибн Әл-Ъаууам, Саъид ибн Әл-Ъас, Ъамр ибн Әл-Ъасс, Убай ибн Каъб, Зайд ибн Сәбит (р.а.) болды.
Сонымен қатар, пайғамбарымыздың өзi (с.ғ.с.) әр жылдың Рамазан айында Жәбірейілге (ғ.с.) жаттағанын оқып, қайталап тұрды. Ал соңғы рет Жәбірейіл (ғ.с.) Құранның жатталуын екi рет тексерген болатын. («Хақаиқу Әл-Ислам фи муажәһәти шубуһати әл-мушаккикин»).
Осылайша пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көзі тірісінде-ақ көптеген хафиздер (хафиз – Құранды бастан-аяқ жатқа білетін адам) Құран Кәрімдi өзiнiң тиiстi үлгiсiнде жаттап шықты.
Екiншi кезең: хазреті Әбу Бәкірдiң (р.а.) халифалық дәуiрiнде Құранның жазбаша нұсқасы жазылуы
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көзi тiрiсiнде Құранның толық жазбаша нұсқасы жинақ-талмаған едi. Ол (с.ғ.с.) бақилық болғаннан кейін бір жыл өтпестен жалған пайғамбар Мусайләма Кәззәбпен болған Ямама шай-қасында Құран Кәрімдi бастан-аяқ жатқа бiлетiн жетпiс сахаба опат болды. («Хақаиқу Әл-Ислам фи муажәһәти шубуһати әл-мушаккикин»).
Нәтижесінде, қағаз, ағаш, тас, терi, сүйек, т.с.с. жазылған аяттарды жинақтап, Құранның жазбаша нұсқасын жасау қажеттiлiгi туындады.
Ямама шайқасынан соң, Омар (р.а.) Құранды жинақтап, жазбаша нұсқасын жасауды ұсынғанда, Әбу Бәкір (р.а.): «Расулулла (с.ғ.с.) iстемеген iстi сен қалай iстейсiң?», – деп, Омардың (р.а.) айтқанына көнбедi. Алайда, Омар (р.а.): «Алла тағаламен ант етемiн! Бұл жақсы iс», – деп алған бетінен қайтпады. («Сахихүл-Бухари»).
Кейін Әбу Бәкір (р.а.) Омардың (р.а.) айтқанына көнiп, Зайд ибн Сәбитке (р.а.) Құранның жазбаларын жинақтап, пайдалануға қолайлы бiр нұсқасын жасауды тапсырды. Алайда Зайд ибн Сәбит те (р.а.) алғашында: «Расулулла (с.ғ.с.) iстемеген iстi сендер қалай iстейсiңдер?», – деп, бұл iстен бас тартты. Дегенмен, соңында Әбу Бәкірдiң (р.а.) дегеніне көндi. («Сахихүл-Бухари»).
Бұл іс «негiзге тек пайғамбардың (с.ғ.с.) өз аузынан естіп жазылған әрі соның екi куәсi болған жазбалар ғана алынуы тиiс» деген шартпен жүзеге асырылды. Оған Құранды жатқа бiлген әрбір сахаба өз үлесiн қосты.
Зайд ибн Сәбит (р.а.) тапсырманы орындағаннан кейiн, Құранның жазбаша нұсқасын Әбу Бәкірге (р.а.) тапсырды. Әбу Бәкір (р.а.) қайтыс болмас бұрын ол қолжазбаны Омарға (р.а.) тапсырса, Омар (р.а.) тірі кезінде оны өзінің қызы, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) зайыбы Хафсаға (р.а.) тапсырды. («Әд-Дурүл-Мансур фит-тафсири бил-ма`асур»).
Әбу Бәкірдiң (р.а.) халифалық шағынан бастап Құран қариларының қатарына көптеген табиғин хафиздерi қосылды. Мысал ретiнде ұлы табиғиндердiң бiрi Әл-Хасан Әл-Басридi айтса болады. («Хақаиқу Әл-Ислам фи муажәһәти шубуһати әл-мушаккикин»).
Үшiншi кезең: хазреті Османның (р.а.) халифалық дәуiрiнде Құран нұсқаларының жазылуы
Һижраның 25 жылы Осман (р.а.) Құранның нұсқаларын жазатын кеңес құрды. Бұл кеңестiң құрылуына Армения мен Әзербайжанға жiберiлген Шам және Ирак мұсылмандарынан тұратын әскердiң iшiндегi қарилардың арасында Құранды оқу қағидасына қатысты келiспеушiлiгi мен кейбiр адамдардың қате оқуы себеп болды. («Әд-Дурүл-Мансур фит-тафсири бил-ма`асур»).
Сонда Хузайфа ибн Әл-Йаман (р.а.) Османға (р.а.) келiп: «Уа мүміндердiң әмiршiсi! Мынау үмметке жәрдем ет. Болмаса, олар да яһуди мен христиандар тәрiздi Құран мәселесінде келіспеушілікке ұшырайды», – деген болатын. («Фатхүл-Бари» шарху «Сахихил-Бухари»).
Осман (р.а.) кеңес құрып, оның құрамында Құранды пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзінен жаттаған Зайд ибн Сәбит, Абдулла ибн Әз-Зубайр, Саъд ибн Әбу Уаққас, Абдур-Рохман ибн Әл-Харис (р.а.) болды. Бұлардың үшеуi, яғни Абдулла ибн Әз-Зубайр, Саъд ибн Әбу Уаққас, Абдур-Рохман ибн Әл-Харис (р.а.) құрайыш тайпасынан, тек Зайд ибн Сәбит (р.а.) ансарлардан болатын. («Хақаиқу Әл-Ислам фи муажәһәти шубуһати әл-мушаккикин»).
Бұдан Құранды құрайыш тайпасының ләһжәсiмен (диалектісімен) жазып, мұсылмандардың арасында Құранды оқуына қатысты туындап жатқан келіспеушілікке тосқауыл қою көзделді.
Сонда Осман (р.а.) өзі құрған топқа: «Егер араларыңда Құранның оқылуына қатысты бiр келіспеушілік туындаса, онда аятты құрайыш ләһжәсімен жазыңдар. Өйткенi Құран солардың ләһжәсінда түскен», – деп бұйырды. («Фатхүл-Бари» шарху «Сахихил-Бухари»).
Осман (р.а.) бұл кеңестiң басшысы етiп Зайд ибн Сәбиттi (р.а.) тағайындады. Бұған мына мәселелер негізге алынды:
1. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Зайд ибн Сәбитке (р.а.) уахи түсiрiле бастағаннан-ақ Құранды жазып отыруды тапсыруы; («Фатхүл-Бари» шарху «Сахихил-Бухари»).
2. Зайд ибн Сәбит (р.а.) Құранды пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзiнен естiп жаттағаны;
3. Өмiрiнiң соңғы жылында Құранды бастан-аяқ Жәбірейілге (ғ.с.) оқып берген сәтте пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жанында Зайд ибн Сәбиттің (р.а.) болғаны;
4. Әбу Бәкірдiң (р.а.) дәуірінде Құранның әуелгi жазбаша нұсқасын жасау ісіне Зайд ибн Сәбиттiң (р.а.) қатысуы. («Хақаиқу Әл-Ислам фи муажәһәти шубуһати әл-мушаккикин»).
Кеңес мүміндердің анасы Хафсада (р.а.) сақталған қолжазбаның негiзiнде Құранның бес нұсқасын жасады. («Фатхүл-Бари» шарху «Сахихил-Бухари»).
Бұл iс екi шартпен жүзеге асырылды:
1. Аят Әбу Бәкірдiң (р.а.) халифалық дәуірінде жасалған Құран нұсқасында болуы;
2. Аяттың ақиқаттығына пайғамбары-мыздың (с.ғ.с.) көзiн көрген, аятты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) аузынан естiген кем дегенде екi сахаба куәлiк етуi. («Хақаиқу Әл-Ислам фи муажәһәти шубуһати әл-мушаккикин»).
Аяттардың дұрыс жазылуы пайғамба-рымыздың (с.ғ.с.) көзi тiрiсiнде Құранды бастан-аяқ жаттаған сахабаларға оқыту арқылы тексерiлдi.
Нұсқалар жасалғаннан кейiн Құранның әуелгі нұсқасы Хафсаға (р.а.) қайтарылды. Ал соның негізінде жасалған бес нұсқаның бірі Меккеге, бірі Басраға, бірі Куфаға, ал бірі Дамаскiге жiберiлдi. («Сахихүл-Бухари»).
Нұсқалардың бiреуi Мәдинада қалды-рылды. Құранның бұл нұсқасы «Әл-Мусхаф Әл-Имам» деп аталды. («Хақаиқу Әл-Ислам фи муажәһәти шубуһати әл-мушаккикин»).
Османның (р.а.) бұйрығымен жасал-ған Құран нұсқаларының қатесiздiгiн пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көзiн көрген ғалым сахабалардың бәрі де растаған. Мысал ретiнде атақты хафиз, муфассир Абдулла ибн Масъудты (р.а.) айтса болады. Абдулла ибн Масъудтың (р.а.) қолында ол өз қолымен жазған Құранның нұсқасы болатын. («Хақаиқу Әл-Ислам фи муажәһәти шубуһати әл-мушаккикин»).
Осман (р.а.) Құранның нұсқаларын жан-жаққа жiбергеннен кейiн «Әл-Мусхаф Әл-Имамға» қайшы жазылған Құран аяттары мен нұсқаларын өртеп жіберуді бұйырды.
Имам Табарони: «Бұл Ирак жерiнде адамдардың қолындағы Құранның қате нұсқалары отқа жағылған заман едi», – деген болатын. («Хақаиқу Әл-Ислам фи муажәһәти шубуһати әл-мушаккикин»).
Қазiргi күні бүкiл Ислам әлемiндегi адамдардың қолындағы Құран нұсқалары сонау Османның (р.а.) дәуірінде жасалған жинақтың негізінде жасалған.
Он төрт ғасыр өтсе де, Құран нұсқаларында бiрде-бiр айырмашылық жоқ. Дiни кiтаптардың iшiнде тек Құран Кәрімге тән болған бұл қасиеттiң растығын Лүблүа (Leblois), Муир (Muir), Руди Парет (Rudi Paret) сынды көптеген атақты шығыстанушылар растаған. («Исламды қаралауға қарсы жауап»).
Немiстiң атақты шығыстанушысы Руди Парет (Rudi Paret) өзі жасаған Құран аудармасының кiрiспесiнде: «Бiз Құранның ішінде Мұхаммедке (с.ғ.с.) түсiрiлмеген бiр аят бар деп күмәндануымызға ешбiр негiз жоқ!», – деген. («Құран», Руди Парет, Штутгарт, 5 бет, 1980 ж.).
Әбу Бәкір (р.а.) мен Османның (р.а.) халифалық дәуiрлерiнде жазылған Құран нұсқаларының ерекшелiктерi
Түрлi еңбектерде Әбу Бәкірдiң (р.а.) халифалық дәуiрiнде жасалған Құранның нұсқасы «сухуф», ал Османның (р.а.) халифалық дәуiрiнде жасалған нұсқалар «мусхаф» деген атаумен ерекшеленедi. («Тухфатүл-Ахуази»).
Әбу Бәкірдiң (р.а.) дәуiрiнде жасалған Құранның нұсқасы «сухуф» деп аталуының мәнiсi: қағаз, терi, сүйек, т.с.с. жазылған аяттар жинақталып, бiр кiтап түрінде жазылуы. Құранның бұл нұсқасында аяттар жинақталғанымен, реттелмеген болатын. («Фатхүл-Бари» шарху «Сахихил-Бухари»).
Ал Османның (р.а.) дәуiрiнде Құран нұсқалары жасалу барысында аяттар рет-ретiмен жазылып, бір жүйеге келтiрiлдi. Бұл іс Осман (р.а.) өзге сахабалармен ақылдасқаннан кейiн жүзеге асырылды. («Фатхүл-Бари» шарху «Сахихил-Бухари»).
Әли (р.а.) Құран аяттары жинақталуына қатысты: «Құранның нұсқасын жасауда ең көп сауапқа Әбу Бәкір (р.а.) лайық. Құранның бiрiншi нұсқасын жасаған сол едi», – деген болатын. («Фатхүл-Бари» шарху «Сахихил-Бухари»).
Абдуссамад Махат